Астанада сауда орталығындағы төбелеске қатысты оқиға тағы жалғасты. Бейбіт Шүменовке қатысты сыннан кейін оның әйелі АҚШ елшілігіне жүгінген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri.Sport-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ол баланы ұрған жоқ: Бейбіт Шүменовтің әйелі Астанадағы төбелеске қатысты АҚШ елшілігіне жүгінген
920
оқылды

Белгілі қазақстандық боксшының әйелі Кэридің (АҚШ азаматы) айтуы бойынша, Бейбіт Шүменов өзін қорғау мүддесінде ғана әрекет еткен. Кэри "жанжалды ушықтырмас үшін, бала көтерген ер адамнан кетуді өтінгенін" айтты.

"Мен кетуін сұрап, бірнеше рет айғайладым... Бейбіт ол кісі ұстаған баланы бірде-бір рет ұрған жоқ", – деп жалғастырды ол.

Кэридің айтуынша, ол "АҚШ-тағы ресми өкілдерден көмек сұрауға мәжбүр" болған. Ол Қазақстанның мемлекеттік органдарын "әрекет жасамады" және "деректерді елемеді" деп айыптады.

Бұл ретте Кэри оқиға болған күні бөлімшедегі полиция қызметкерлері оған сыпайылық танытып, кәсіби түрде әрекет еткенін атап өтті. Бірақ содан кейін "органдар тарапынан немқұрайлық" пайда болғанын айтқан.

Кэри ойын алаңында баласын басқа бала ұрып, жанжалдың екінші қатысушысы Шүменовке пышақ ала ұмтылды, кейінірек сынған бөтелкемен шабуыл жасады деп санайды. Әйел төбелес кезінде жарақат алғанын, ал күйеуі өзін қорғағанын айтады.

Айта кетсек, Астанадағы ірі сауда ойын-сауық орталығының фуд-кортында жанжал болып, қолында баласы бар ер адамға жұдырық ала жүгірген адамның кәсіби боксшы Бейбіт Шүменов екені анықталған еді.

Министрліктің баспасөз қызметі таратқан ақпарат бойынша, оқиға 18 маусымда болған. Астанадағы "Mega Silk Way" сауда-ойын-сауық орталығындағы кафелердің бірінде қоғамдық тәртіп бұзылып, келушілердің бірі екіншісін ұрып-соққан.

Қазіргі уақытта осы факт бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен (Бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу басталды, ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Ішкі істер органдары барлық қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын, олардың нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетінін мәлім етті.