Үкім заңды күшіне енді.
Жамбыл облысында 7 миллион теңге жымқырған бас есепшіге қатысты сот үкімі шықты
2,434
оқылды

Жамбыл облысында «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК бас бухгалтеріне қатысты сот үкімі шықты. Ол 7 миллион теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша айыпталды.

Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы  «Құлан-Энерго Жылу» ШЖҚ КМК қызметіне бюджет қаражатын жұмсау мәселесі бойынша талдау жүргізді.

Бас прокуратураның мәліметінше, талдау барысында кәсіпорынның бас бухгалтері төлем тапсырмаларымен КМК-ның бюджет қаражатын өзінің шотына аударғаны анықталды. Бұл ретте, өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларының бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметтер үшін төлемдер ретінде төлемнің мақсатын көрсеткен.

Осы факті бойынша аудан прокуратурасы ҚК-нің 189-бабының 3-бөлігі 1-тармағы бойынша қылмыстық іс тіркеліп, Жамбыл облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін тапсырылды. Тергеу аяқталғаннан кейін, қылмыстық іс сотқа жолданды.

Аудандық соттың 2023 жылғы 23 маусымдағы үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтері қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Сондай-ақ коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза тағайындалды.

Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды.