Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады
Елімізде үш күнде жол апатынан 24 адам көз жұмды
852
оқылды

Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған жұмыстардың жүргізілуіне қарамастан, жолдардағы апаттылық жағдайы алаңдаушылық тудырып отыр, деп хабарлайды Polisia.kz сайты.

«Алты ай ішінде біз 1,5 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалғанымызға қарамастан, өткен жұма, сенбі, жексенбі күндері шамамен 25 адамнан айырылып қалдық. Қала маңындағы трассаларда үш немесе одан да көп адам шығыны болған жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені қатты алаңдатады», - деді ІІМ ӘПК ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Мәселен, 15 шілдеде Абай облысында Lada автокөлігінің жүргізушісі көлік руліне ие бола алмай, автомашинаның аударылуына жол берді. Апат салдарынан үш адам қаза тауып, екі адам түрлі жарақат алды.

16 шілде сағат 15:00 шамасында Доссор – Құлсары – Бейнеу республикалық маңызы бар автожолында Chevrolet Сobalt жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып, Toyota автокөлігімен соқтығысқан. Жеті адам қаза тауып, екі адам жарақат алды.

Осы апта да жол-көлік оқиғаларынан басталды. Бүгін таңертең Түркістан облысындағы Шаян ауылының маңында жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы болды. Екпінді – Созақ облыстық маңызы бар тас жолында Nissan, Toyota Camry және Volkswagen Сrafter көліктері соқтығысқан. Көлік құралдары қас қағым сәтте өртке оранды. Оқиға орнында 10 адам қайтыс болды, 12 адам ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметтер бойынша жол апатына Nissan автокөлігінің қарсы жүріс жолағына шығуы себеп болған. Осы жағдайлардың барлығы жол жүрісіне қатысушылардың тәртібінің төмендігін және жүргізушілердің менмендігін көрсетеді.

Талдауға сәйкес барлық жол-көлік оқиғаларында жүргізушілер асығыс жүріп, басып-озу үшін қарсы жолаққа шығады. Жылдамдықтың жоғарылауына байланысты олар автокөлік руліне ие бола алмай, келеңсіз оқиғаларға тап болады. Жол апаттарының 95%-ы жүргізушілердің немқұрайлығы мен салғырттығынан болады.

«Жол қателіктерді кешірмейтінін бәрі біледі, сондықтан жүргізушілерден асықпауды сұраймыз. Осы қайғылы жол апаттарын ескере отырып, әкімшілік полиция комитеті жол жүрісіне қатысушыларды қауіпсіз жүріс жылдамдығы мен автокөліктер арасындағы қашықтықты қатаң сақтауға шақырады. Бүгінгі таңда еліміздің жолдарында 1 022 адам қаза тауып, 7 370 адам жарақат алған. Олардың өмірі «ЖКО-ға дейін» және «кейін» болып екіге бөлінді, себебі олардың қаншасы аман қалатыны және қаншасы мүгедек болып қалатыны белгісіз. Әрбір жүргізуші, жолаушы, жаяу жүргінші осындай хабарламаларды оқығаннан кейін немесе көріп-тыңдағаннан кейін өзі мұндай жағдайға ұшырамайды деп санайды, бірақ бұл қайғылы статистикаға кіргендер де солай ойлаған болатын.

Құрметті жол жүрісіне қатысушылар, «менде мұндай болмайды» деген ойлардан арылу керек! Асықпаңыз және абайлаңыз! Үнемделген секундтар немесе минуттар сіздің өміріңізді қиюға тұрарлық дүние емес! Сіздің өміріңізден маңызды ештеңе жоқ!» - деді Ақтоты Боранова.