Павлодарда өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, тұрғындарды 40 млн теңгеге сан соқтырған алаяқ ұсталды. Бұл туралы ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай деп мәлім етті.
Қырық миллионды қымқырған
663
оқылды

«Биыл Астана қаласы Полиция департаментінің базасында бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейтін CyberPol пилоттық жобасы құрылды. Киберқылмыстарды тиімді тергеу және ашу үшін тергеу, жедел және криминалистикалық бөлімше­лердің қызметкерлері бір жерде шоғырланып, банк секторымен және ұялы байланыс операторларымен жедел өзара іс-қимылды жүзеге асырады», – деп түсіндірді Жандос Сүйінбай.

Оның сөзінше, Павлодар облыстық полиция департаментінің CyberPol тобы банк қызмет­керлерінің атынан алаяқтық жасаған қала тұрғынын ұстаған.

«Қазір күдіктінің 20 қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Келтірілген залал сомасы шамамен 40 млн теңгені құрады. Оған ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылды», – деп мәлім етті Жандос Сүйінбай.

Айта кетейік, биыл алғашқы жартыжылдықта елі­мізде 9,4 мың интернет-алаяқтық қылмысы тіркелді.