Қазір қиянат жасағандар заңмен жазаланып қана құтылып кетпейді. Қоғам алдында да жауап береді. Шетелде мұны Cancel culture деп атайды. Яғни, әлеумет қиянат жасағанды қаралап, оның бүкіл қызметінен бас тартады.
Cancel culture күшке айналды
1,233
оқылды

Осылайша, тұлғаның қасықтап жиған абыройы бір сәтте төгіледі. Бұған боксшы Бейбіт Шүменовтің оқиғасы мысал. Қоғамда үлкен резонанс тудырған жағдай әлеуметтік желіде де қарсылыққа ұшырап жатыр. 

Қоғамдық этика бәріне ортақ

Қазір қазақ қоғамы қарсылығын ашық көрсететін болды. Кінәліні әлеуметтік желіде жерден алып, жерге салады. Мүмкін бұл дұрыс та шығар. Осының арқасында Рамиль Мухоряпов Chocofamily қосымшасын қазақшаласа, «Пинта» ресторандар желісі қазақша әуендер қоса бастады. Яғни, Cancel culture үлкен күшке айналып келеді. Жоққа шығару мәдениеті тек бизнес төңірегіне ғана емес, танымал азаматтарға да қатысты. Айталық, жақында әлеуметтік желіде боксшы Бейбіт Шүменовтің қоғамдық орында бала ұстаған адаммен жанжалдасқан бейнежазбасы кең таралып кетті. Білектің күшіне сенген боксшы төбелесте аянып қалмаған. Рингке арналған соққыларын қоғамдық орында барын салып көрсетіпті. Осы бейне­жазбадан кейін халық Бейбіт Шүменовті ашық кінәлады. Қоғамдық этиканы сақтамағаны үшін жазасын алуы керек деп жатқандары да болды. Сәйкесінше, боксшыға қатысты Ішкі істер министрлігі қыл­мыстық іс те қозғапты. 

– Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бұзақылық бабы бойынша қозғалды. Ол жерде ауыр емес қылмыс жасалған, сараптама көрсетеді. Біз де күтіп отырмыз. Шүменов масаң күйде болған жоқ, – деп түсіндірді Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сүнтаев. 

Ал Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева оқиғада баланың да жапа шеккенін ескертті. Себебі балаға қауіп төну фактісі әлеуметтік желілерде жарияланған бейнекадрларда анық көрінеді. 

 – Бұл жағдайда тұлғаны Қылмыстық кодекстің 115-бабы («Қорқыту») бойынша да жауапқа тарту қажет деп ойлаймын. Қолданыстағы заңнамада баланың қауіп­сіздігі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдай туғызу әрекетіне жауапкершілік көздейтін бап жоқ. Балалардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша заңнамаға дайындалған өзгерістер блогына тиісті ұсыныс енгіземін. Жалпы, біз, ере­сектер, кез келген жағдайда балалар туралы ойлауымыз керек, – дейді Динара Зәкиева. 

Ал боксшы өз баласын қорғау үшін осындай әрекетке барғанын айтып, ақ­талған. Оның айтуынша, желіде тараған бейнежазба тек үзінді ғана. Оқиғада жан­жал бастаған екінші тарап екен. 

– Сіздер баламен тұрған еркекті аяп жатырсыздар. Ал ол баласын қорған қы­лып тұрғанын ойламадыңыздар ма? Мен кәсіби боксшымын, соққыларымды қайда жұмсау керегін білемін. Содан соң біз Есіл аудандық полиция бөлімшесіне бардық. Балалардың анасы менен, жұбайымнан кешірім сұрады. Анасының айтуынша, ұлының аутизмі бар болғандықтан, бас­қаларды себепсіз ұрып-тебуі мүмкін екен. Ұлдың анасы осылай айтқанда, мен қатты аядым. Балаларды қатты жақсы көремін, сондықтан оған сабыр тілеп, ұлының айығып кетуіне тілектестік білдірдім. Бәріміз жылы қоштастық. Ал мен төбелесіп қалған ер адам сот медициналық сарап­тамадан өтті, еш жері жарақаттанбаған. Осы орайда, ер адамның қолында тұрып, келеңсіз жайттың куәсі болған балақайдан кешірім сұрағым келеді, – деп жазды Бейбіт Шүменов. 

Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 ақпандағы бұйрығына сәйкес спорттық этика ұғымы бекітілген. Яғни спортшы қоғамға жат мінез-құлық көрсетсе, оның ішінде қоғамдық орын­дарда адамның қадір-қасиетін қорласа заң алдында жауап беруі тиіс. Спорт сарап­шысы Аслан Қаженовтің айтуынша, қоғамдық этика да, спорттық этика да әрқашан сақталуы керек. 

– Менің ойымша, боксшы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы қажет. Себебі оның әрекеті кәсіпқой боксшыға жарас­пайды. Бейбіт Шүменов – қатардағы спорт­шы емес, қазақтың атын әлемге шығарып жүрген азамат. Қай спорт түрінде болса да, спортшы өз күшін көшеде қолдануына болмайды. Қандай жағдай болса да. Кейбір спорт түрлерінде спортшы осындай әрекет­ке барса, кейін жаттығуға кіргізілмейді. Себебі спортшылардың соққылары қауіпті. Адамның қай жерінен соққан кезде құлатуға болатынын біледі. Дайындығы жоқ, кө­шедегі қарапайым адамға осындай соққы жасаса, арты өлім­мен аяқталуы мүмкін. Жүрек клапан­дарының ашылып, жабы­латын уақыты болады. Сол кезде соқса, адам бірден жан тапсыруы мүмкін. Бұл жерде Бейбіт Шү­менов саналы түрде күшін қолданып, қоғамға қауіп төндіріп тұр. Қалай ақталса да, заң алдында кінәлі адам жауап беруі керек. Күшім бар екен деп, оңды-солды сілтей беруге болмайды. Басқа боксшы­ларға сабақ болатындай, осы оқиғада әділеттілік шешім табуы керек, – дейді спорт Аслан Қаженов. 

Cancel culture керек пе?

Заң боксшыны тек бір бап бойынша кінәлап отырғанымен, қоғам Бейбіт Шүменовке бірнеше норманы бұзғаны үшін кінә артады. 

– Жалпы адам құқығы тұрғысынан алатын болсақ, бұл оқиғада бірнеше норма бұзылып тұр. Өйткені Конституцияға сәйкес адамның жеке кеңістігіне кез кел­ген жерде бөтен адам қол сұқпауы керек. Ал бұл жерде боксшының қоғамдық орын­да адамға қол көтеруі, біреудің жеке кеңістігіне рұқсатсыз енуі дұрыс емес. Бейбіт Шүменов өзі Америкада тұратын азамат екен. Бірақ АҚШ-тың қай штатын алып қарасаңыз да, ол жақта заң адам құқығын жоғары қояды. Тіпті бейтаныс адамның денесіне қол тигізу де заңмен қарастырылады. Сондықтан Америка заңымен қарасақ та, боксшының әрекеті дұрыс емес, – дейді PR маманы, медиасауат тренері Салтанат Әскербекқызы.

Жалпы Cancel culture (жоққа шығару мәдениеті) — жұртқа атағы кең жайылған адам не кез келген бренд қоғамның қандай да бір моральдық нормасына қайшы, белгілі бір топты қорлайтын, сексисттік не гомофобиялық (қысқаша айтқандай, алалайтын) мәлімдеме/іс әрекет/мәтін/өнім жасаса, соған қарсы әлеуметтің реак­циясы. Көбіне өнімді не тұлғаның қызметін пайдаланбауға әлеуметтік желі арқылы шақыру. Мысалы, Оскар сыйлығын табыс­тау рәсімінде актер Уилл Смит әйеліне ауыр сөз айтқаны үшін жүргізушіні соққыға жықты. Уилл Смиттің өз шындығы болға­ны­мен де, қоғам этиканы бұзғаны үшін актер­дің киноларына бойкот жария­лады. Кино компаниялар Смитпен келісім­шарт­тарынан бастартты. Шетелде қоғам­дық этика кәсіби этикадан да жоғары тұрады. 

– Cancel culture – адамдық мәдениет этикасы. Әлемдік стандартқа сәйкес соңғы кезде Cancel culture деп қолданғанымызбен, атам қазақ қалдырған «Дала заңында» бұл мәдениет бұрыннан бар. Яғни бізге ол керек пе, оны батыстан не басқадан алдық демес едім. Мысалы, «Қыз Жібек» фильмін­дегі Төлегенді өлтіріп қойған Бекежанның қарабет болған көрінісі есте шығар: ауыл болып бетіне түкіреді… Міне, заңның көкесі! Дала заңы әділетті де! Қарнымның ашқанынан емес, қадірімнің қашқанынан жылаймын деген сөз бар. Қазақ ежелден айналасына зиянын ти­гізбей өмір сүрген. Адамға қиянат жасаған қарабетті билер институты реттеп отырған. Кез келген ереже заманның талабына сай жаңғырып отырады. Сондықтан бұл адамгершілік мәдениеті әлемдік стандарт­тарға сай кеңейіп жатыр. Cancel culture толығып, жаңарып жатыр. Сондықтан оны пайда болды деп айту қате. Бізде жоққа шығару мәдениеті бұрыннан бар, – дейді Салтанат Әскербекқызы. 

Шетелде Cancel culture болып, спортшы әлеуметтік қарсылыққа ұшыраған кезде компания немесе спорт федерациясы арнайы мәлімдеме жасайды. Шүменовтың жағдайында мұндай үрдісті байқамадық. Негізі боксшының KZ Event Productions, Inc деген жеке проуметерлік компаниясы бар. 8 жасар ұлы да, жұбайы да АҚШ аза­маттары екен. Алайда ол баласының Қазақстанда өскенін қалайды және сол үшін елге оралыпты.

– Бедел басты рөлге шығуы керек. Яғни көпшілікке танымал спортшы өз компа­ниясының беделін өшіреді не беделіне кір келтіреді. Бедел стандарты енгізілген ком­пания өз спортшысына этика тұрғы­сынан, медиасауат бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуі керек. «Компания­ның беделіне нұқсат келтірмеу, насихаттау» ережесі құжат бойынша бекітіледі. Күтпеген әр­түрлі жағдай орын алған кезде компания өз қызметкері үшін түсініктеме жасайды. Өйткені кез келген ұйымның көпшілік алдында жауапкер­шілігі бар. Қоғамдағы тәртіп пен мәдениет­тің сақталуы үшін бәріміз жауаптымыз. Ұжымдық этика мен жауапкершілік тұрғысынан алғанда мұндай әрекет кез келген компанияның беделіне нұсан келтіреді. Репутацияны әр компания өз деңгейіне қарай құрастырып, бақылау жасап отырады. Компания өздеріне керек болса, қоғам алдында кешірім де сұрайды. Сондықтан танымал адам қоғамда өзін-өзі ұстауды үйренуі керек, – дейді PR маманы. 

Сancel culture немесе жоққа шығару мәдениеті көп адамға әлеуметтік әділет орнату жолы көрінгенімен, оның айна­ласындағы дау-дамай да тоқтар емес. Біреулер мұны басқа құралдар жұмыс істемегенде қолданатын ықпал ету амалы ретінде көрсе, енді бірі цензура, басқа ойға төзбеудің жабайы формасы дейді. Енді бірі мәселенің байыбына бармай адамның болашағына балта шабумен теңестіреді. Салтанат Әскербекқызының айтуынша, қоғам мұндай қателікті ашық сынауы керек. Өйткені Қазақстан әлемнен бөлек емес. Спортшы қай елдің азаматтығын алса да, біздің территориямызда болып тұрған оқиға заңмен қаралуы керек. Не үшін қоғам болып Cancel culture арқылы талап етуіміз керек? 

– Саналы, салауатты қоғамда біз бір-бірімізге кемшілігімізді айту арқылы ғана алға жылжи аламыз. Егер де біз көз жұма қарасақ, онда біз тобырға айналамыз. Тобыр өмір сүрген жерде мәдениет те, этика да, санасу да болмайды. Ол жоқ болса оның соңы хаусқа, тәртіп бұзу­шылыққа әкеледі,– дейді Салтанат Әскербекқызы. 

Ендеше қоғамдық этиканы бұзу мұнымен шектелмейді. Заң да өз жазасын тағайындайды. Бірақ Сancel culture-ға ұшыраған тұлға халық алдындағы бар абыройынан айырылады. 

Көктем ҚАРҚЫН