Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанда өткен «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты құрылтайдың екінші отыры­сында креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеру керектігіне тоқ­талды.
Кино – креативті  индустрияның көшбасшысы
1,807
оқылды

«Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірі­гіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қа­сиет­терді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуеті­міз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет», – деді Президент.  

«Ел боламыз десек, экранды түзеу» керектігін қаперге салған Мемлекет басшысы бүгінде кино саласында дау-дамай көбейіп кеткенін айтып, бірнеше түйткілді мәселенің басын ашты. Прези­денттің айтуынша, қоғамның сана-сезіміне ерекше ықпал ететін бірден-бір сала – кино өндірісін елімізде жақсы да­мыған деп айту қиын. Оған бірнеше себеп бар. Отандық киноны дамыту үшін жаңа көзқарас, жаңа серпін қажет екенін айтып, бұл үшін кинотеатрларға келуші­лердің санын анықтайтын цифрлық жүйені құру орынды екенін атап өтті. Сондай-ақ Президент киноиндустрияны экономиканың жеке секторы ретінде қарастыра отырып, салада жинақталған проблемаларды кешенді және дәйекті түрде шешу қажеттілігіне тоқталды.

Шоу-бизнестің ықпалы зор болды

Кинотанушы Гүлнар Әбекееваның зерттеуінше, жалпы қазақстандық ки­нематография мәдени индустрия ретінде 2005 жылы кинопрокат жанданған уа­қыттан бері қалыптаса бастады. Осы кезеңде фильмдерді фестиваль үшін ғана емес, ең алдымен көрерменге арнап түсіру үрдісі жақсы байқалды, мәселен, «Рэкетир» (2007), «Коктейль для звезды», «Сказ о розовом зайце» (2010) және тағы басқа. Осы орайда бір фильмнен түскен табысын келесі жобаға құйып, жаңа туынды жасау арқылы қомақты ақша табуды көздеген продюсерлер пайда болған уақытта кино нағыз бизнеске айнала бастады. Атап айтқанда, Баян Алагөзова, Нұрлан Қоянбаев, Асқар Ұзақбаев, Асқар Бисембин және басқа да соңғы онжылдықта шоу-бизнестен кино саласына келгендер еліміздің креа­тивті экономикасының маңызды санаты – кинобизнесті қалыптастыруға көп ық­п­ал етті. Мәселен, 2000 жылдары отан­дық киноның прокаттағы үлесі не­бары 1-3% болса, пандемия басталғанға дейінгі 2019 жылы қазақстандық фильм­дердің бокс-офисі барлық картинадан түскен табыстың 30 пайызына теңесті. Бұл көп жағдайды өзгертті: біздің кино­ның прокаттағы орнына әсер етіп, ки­нопрокат желілерін отандық киноөн­діріспен достасуға итермеледі. Мұндай жағдай Оңтүстік Кореяда сонау тоқса­ныншы жылдары, яки 2000 жылдың басында болды.

«Киноиндустрия – ел дамуының айнасы. Коммерциялық киноның да­муына бұл саланың цифрлануы, яғни арзандауы ықпал етті. Соңғы 15 жылдағы жеке бизнес ретінде қалыптасқан ки­нопрокат жүйесінің дамуы, сондай-ақ табысты шоу-бизнес және телевизия өкілдерінің аталмыш салаға ағылуы да үлкен рөл атқарды. Бүгінгі таңда кино саласы еліміздегі креативті индустрия­ның көшбасшысы саналады, әйтсе де, бұл – тек соңғы онжылдықтың жетістігі. Біздің көрерменді өз киномызды көруге «көндірген» квншілер мен әзіл-сықақ­шылардың еңбегі зор. Бүгінде кино­прокаттың негізгі үлесі америкалық фильм­дерге тиесілі, сәйкесінше, табыс­тың 70-80 пайызы шетелдің қоржынына түседі. Қазақстандық фильмдер көбірек әрі сапалы түсірілген сайын, прокаттан алатынымыз да еселене бермек. Шын мә­нінде, киноиндустрия дамудың алғаш­қы сатысында тұрғанына қарамас­тан, ел экономикасының маңызды құрамдас бөлігіне айналып үлгерді», – дейді Гүлнар Ойратқызы. 

Киногердің пікірінше, қазақстандық кинематографияны креативті индустрия деп санайтындар аз, өйткені бізде Президент айтқандай, кинофильмдердің кассалық жинағы бойынша ресми статистика жоқ, фильмді нақты қанша адам көргенін анықтай алмаймыз. Ұлт­тық киноны қолдау мемлекеттік орта­лығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаевтың айтуынша, кинотеатрға келушілердің санын анықтайтын ЕАИС цифрлық жүйесі жасалып жатыр. Нарық қатысушысы, кинотеатрлар мен дис­трибьюторлардың көптеген талабын рет­теу қажеттігінен бұл жұмыс ұзаққа созы­лып кетті. Әйтсе де, біршама сынақ­тан өтіп, жылдың соңына дейін іске қосылады деп жоспарлануда. Өнеркәсіп статистикасыз өмір сүре алмайды, сон­дықтан мұндай жүйе өте қажет.

Мемлекетпен бірге жұмыс істеу керек

Киноиндустрияны мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, экономиканың жеке тар­мағы ретінде қарастырып, мәселелер­ді нақты шешуді тапсырған Мемлекет басшысы әсіресе, киногерлер мен ки­нотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың мүддесін теңдей ескеру қажеттігін баса айтты. Сонда жаңа кейіпкер, тарихи қаһарман, маңыз­ды оқиғалар жайлы фильмдерді тек «Қазақфильм» емес, жеке компаниялар да түсіреді. Есетжан Қосыбаевтың ай­туынша, бұл екі тарап нарық заңына бағынады. Сол себепті мемлекеттік қаржыландырумен кино шығарған компаниялар мен кинотеатр иелері арасында диалог құру қиындап тұр, әрқайсының өз талабы бар. Дейтұр­ғанмен, «өгізді де өлтірмейтін, арбаны да сындырмайтын» тиімді жол табылуы тиіс. Бұл жағдайда отандық өнімнің жоғары сапалы болуы өте маңызды, оның ішінде көрерменнің сұранысын, сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігін ескерген жөн.

«Жеке киностудиялар, кинотеатрлар мемлекетпен бірге жұмыс істеуі керек. Бүгінде киноиндустриядағы негізгі инвестор – мемлекет, бірақ киноға инвестиция салатын жеке инвесторлар да жеткілікті. Мысалы, 2022 жылы жеке өндірісте 48 картина шықты. Жеке­меншік иелері кино өндірісіне орта есеппен 2 млрд теңгеден астам қаржы салған. Осылайша, жеке инвестициялар мен кинематографистерге бөлінген бюджет қаражатының көлемі қазірдің өзінде салыстырмалы түрде теңесуге жақындады. Қоғамда «кино саласына жеке инвестор мүмкіндігінше көп ақша табу үшін барады және негізінен арзан және жеңіл жанрдағы фильмдерді тү­сіреді» деген пікір қалыптасқан. Бұл – қате. Мысалы Айсұлтан Сейітовтің ашар­шылық тақырыбын қозғаған «Қаш» тарихи фильмін мемлекеттің қаржыландыруынсыз түсірілді, күрделі және техникалық жағынан мінсіз фильм, былтыр прокатта қомақты касса жи­намаса да, қазірдің өзінде халық­аралық кинофестивальдерде қоржынын жүлдеге толтырып жүр.

Мемлекет басшысы киноиндустрия  мәдениеттің бір бөлігі ғана емес, эконо­микамыздың жеке сегменті болуы тиіс екенін айтты. Осы тезис барлығына арқау болуы тиіс. Мысалы, халықтың жартысына жуығы киноға бара алмайды, өйткені ауылдық жерде, аудан орталық­тары мен шағын қалаларда кинотеатр жоқ. Кинотеатр – кинокомпаниялар үшін салаға салған инвестициясын қайтару құралы болса, мемлекет үшін мәдени саясат тұрғысынан кинокөрер­менге әсер ету индикаторы», – дейді Есетжан Мұратұлы. 

Бүгінде елімізде 404 кинозал бар. Халықтың 52 пайыздан астамы заманауи цифрлық кинотеатрдың көрермені бола алмайды, ал 100 мың тұрғынға шаққан­дағы зал санының көрсеткіші бойынша киноиндустрияны дамытудың барлық негізгі көрсеткішіне әсер ететін өте қо­лайсыз жағдайдамыз. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы отандық кинопрокатты неғұрлым жоғары сандық және сапалы деңгейге шығару мақ­сатында «Аймақ Сіnema» жобасын ұсынған. Жоба аясында кинозалдар саны – 135, орындар саны 17 мың бірлікті құрайтын 72 кино білім беру орталығын, сондай-ақ еліміздің шалғай елдімекендерінде кино көрсету үшін әр облыста жылжымалы кинотеатр ашу жоспарланған. 

Отандық анимация субсидияға тәуелді 

Мемлекет басшысы кезінде шыққан «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Атаманның ақыры» сияқты клас­сикалық фильмдер түсірілуі керектігін айтты: «Сол кезде шығармашылық ер­кіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен фильм­дер түсірілді, әлі күнге дейін халық­тың жүрегінен ойып тұрып орын алады». Бұл орайда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосыбаев киноқоғамдастыққа қатысушылардың психологиясын өзгертуді алға тартады. 

«2021 жылдың қаңтар айында «Еге­мен Қазақстан» газетінде Президент мәдени саясат саласындағы негізгі идеологиялық міндеттерді нақты баян­даған болатын. Бұл дегеніміз – халық­аралық кеңістікте ұлы бабалар дәуірінен бастап қазіргі күнге дейінгі қазақ халқының терең, драмалық оқиғаларына толы тарихын көрсете алатын тарихи контексте жарқын, ауқымды, мазмұнды картиналар жасау. Ол үшін Президент Үкіметке және мүдделі органдарға нақты іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырған болатын. Алайда соңғы жылдары мемлекет есебінен түсірілген барлық үлкен бюджеттік тарихи картина қажетті жетістікке жете алмады. Бұған жол бермеу үшін болашақта мұндай жобаны іске асырудың тиімді формасын, өндірістің барлық циклын пысықтайтын жүйе керек: драматургияны құрудан бастап, инновациялық идеяларды ес­кере отырып, режиссерлік шешім, әлем­дік өндіріс студияларымен сындарлы интеграцияға дейінгі тұтас мәселені ортақ жүйеде қарастыру шарт. Сонымен қатар киноқоғамдастыққа қатысушы­лардың психологиялық принципін өзгерту керек. Қайырымдылық пен аль­труизм кезеңі аяқталатынын түсінетін уақыт жетті. Қазақстан экономикасы – бүкіл әлемдік экономика сияқты елеулі қиындықтарға тап болуы мүмкін, өйткені біз жаһандық процестерге қосылдық. Мемлекет бөлетін ақша – «алтын акция». Сондықтан бүгін кине­матография саласындағы мемлекеттік ақшаның қайда кететініне алаңдайтын салық төлеушілердің сұранысын объек­тивті және ашық түрде қанағаттандыру үшін барынша жұмылуымыз керек, – дейді Есетжан Мұратұлы.

Сарапшының айтуынша, тарихи картиналардың сапасын арттыру үшін оларды, айталық, үш жылда бір рет түсірген абзал. Мұндай ауқымды жобаны қаржыландыру мәселесін жоғары деңгейдегі арнайы комиссия шешуі керек. Жақсы прокаттың прецедентін жасайтын фильмдерге назар аудару және дебюттік жобаларды «А» класстағы фестивальдерге және отандық кинема­тогра­фияны шетелде ілгерілетуге ба­ғытталған авторлық киноны қаржылан­дыруға көңіл бөлінуі тиіс.

«Тұтынушылық психология туды­ратын жүз пайыз мемлекет қаржылан­дыруынан аулақ болуымыз керек, бұл сайып келгенде, осы салада тоқырауға әкеп соғады. Керісінше, түстіктегі көршіміз сияқты жеке студиялар мен мемлекет бірлесіп, өз ақшасын ортақ жобаға салатын және тәуекелді тең бөлісетін тәжірибені өрлеткен жөн. Бүгінде Өзбекстанда барлық процесті реттейтін арнайы «Кинематография агенттігі» бар. Ол киноиндустрияның дамуында тиімді және сапалы қадам жасауға мүмкіндік берді», – дейді орталық жетекшісі. 

Тағы бір маңызды мәселе – ани­мация. Әлемде анимациялық фильмдер орасан зор пайда әкеледі, ал бізде бұл процесс әлі де субсидияға тәуелді, яғни мемлекеттік тапсырыс – қазақстандық анимацияның өмір сүруіне мүмкіндік беретін жалғыз құрал. 

Есетжан Қосыбаевтың пікірінше, балаларға арналған киноның қанша­лықты маңызды екенін түсінеміз, сон­дықтан анимациялық жобалар бөлек блок­қа түсуі керек, ол бойынша өз бюд­жеті құрылып, жеке конкурс өткізілуі керек, анимацияны дамыту стратегиясын анықтайтын мамандар үздік жобаларды таңдауы тиіс.

Анимация жасаушылардың ай­туынша, креативті индустрия көгілдір экранмен ғана шектелмейді. «Қазақ анимациясы» шығармашылық бір­лестігінің жетекшісі Жәнібек Оразалы бұл саланы дамыту үшін еліміздің брен­діне айналатын көпсериялы анима­циялық жобалар жасау керегін алға тартады. 

«Қобыланды батыр, Ер Төстік сияқ­ты кез келген аңыздың желісінде 100, тіпті 500 серияға дейін жететін жобалар шығарсақ дейміз. Мұндай анимациялық фильмдер трендке айналғаннан кейін, оның аясында балалардың оқу құрал­дарын, кітап, ойыншық, компьютерлік ойындар  жасауға болады. Креативті индустрия көгілдір экранмен ғана шек­телмейді. Ұлттық идеологияны дамытып, жастарды дұрыс жолға бағыттайтын шығармашылық саланың барлығы қамтылады», – дейді маман. 

Бұл орайда киногерлер сапалы сце­нарийлердің  тапшылығын алға тартады. Отандық анимация нарығы қысқа­метраж­ды жобалар жасауда ғана жетістігі бар, толықметрлі, яки көпсериялы картина даярлауға әлі де қолдау керек. 

«Кинематография туралы» заң шикі

Киногерлердің пікірінше, қолда­ныстағы «Кинематография туралы» заң қазіргі күйінде бүгінгінің талабына толық сәйкес келмейді. Бұл құжатты жетілдіру қажеттігі себепті көптеген қосалқы мәселе туындап отыр. Есетжан Мұратұлының ай­туынша, мемлекет пен киноқауым­дастық арасындағы сын­дарлы диалогты дамыту қажет. 

«Осыдан он шақты жыл бұрынғы кино саласын алсақ, Кинематографистер одағы мен басқа да қоғамдық бірлестік­тердің кино саласында үлкен әсері болғанын көреміз. Өкінішке қарай, қазір олай емес – кинематографистердің ортақ қызығушылығы жоқ, бүгінде бір-бірінен алшақтап кеткен. Менің ойым­ша, мәдениет саласындағы жинақталған мәселелерді шешуде мемлекет үшін бұл жағдай жақсы ресурс. Сол себепті са­ланы басқара отырып, диалог құру керек. Заң кинематография, квазимем­лекеттік сектор және мемлекеттік органдар субъектілері арасындағы қалыптасқан азаматтық-құқықтық қатынастарға жауап беріп, оны реттеуі тиіс. Мемлекеттік қаржыландыруды алатындардың ғана емес, барлық кино­өндірушілердің құқықтары мен мін­деттерін анықтау және ажырату аса маңызды. Бұл заң өзгеріп, отандық киноның әлеуетін ашып, шетелдік киноөндірушілерге аумақтық табиғи ландшафттардың бірегейлігін көрсетуі тиіс. Сонда мультипликативті әсер тудыратын және отандық экономиканың бір бөлігі ретінде өзін толық көрсететін мәселелер кешені пайда болады. Кино саласына инвестициялар тарту, ұлттық киноны шетелде ілгерілету («А» класты фестивальдер, көрсетілім, стримингтер), кино өндірісінің әлемдік тәжірибесін және жаңа технологияларды оқыту, зерделеу үшін ұлттық кинокомиссияның рөлі, оның функционалдығын кеңейту және реттеу бөлігінде сындарлы тәсіл­дерді табу керек. Ұлттық кино­ко­миссияның әлеуеті мен мүмкіндігі ашылмаған және ол қызметінің пәрменді тетіктерін қалыптастыру сатысында тұр. Бүгінде мемлекеттік органдар мен кинематографиялық қоғамдастық арасын үйлестіру мәселесі өткір тұр. Заң шығарудың тиімді нәтижесіне қол жеткізу үшін жаңа заңды киноөндіру­шілер мен мемлекеттік органдардың талаптарына барынша сай ету шарт. Заңды тек жетілдіру арқылы күшейте аламыз. Оның ішінде, мемлекеттік қолдау қағидаттарына, оның ережелері мен талаптарына қатысты, оны реттейтін біршама толықтырулар мен өзгерістер енгізу қажет. Барлығы қарапайым, түсінікті және айқын  болуы керек», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталы­ғының басшысы. 

Асыл ТҰМАР,

© коллаж: Қуаныш САПАРБАЕВ