Алматы маңында балаларды «жазғы лагерь» деп саунаға алып барған.
«Рас, балаларды алып келді» – прокуратура саунадағы жазғы лагерьді тексеріп жатыр
4,242
оқылды

Саунаны 300 оқушыға «жазғы лагерь» деп өткізген. Алматы қаласының Білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыруда жауапсыздық танытқандарды сотқа бермек. Бұл туралы Aikyn.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап хабарлайды

Ата-аналарға лагерь деп айтылған жер сауна болып шыққан. Бейнежазбада ата-ана баласының демалысын қалай өткізіп жатқанын көріп, алаңдаған. Видеоны келуші саны мөлшерден көп, төсек-орын жетіспейді деп жариялаған. «Баламды лагерьге жібердім» деп ойлаған ата-ана қазір бұл ісіне өкінеді. Ол полицияға арыз беріп те үлгерген.

«Қызымнан неге ұйықтай алмадың? – деп сұрадым. Ол бөтен еркектердің ішкиіммен кіріп-шығып жүргенін айтты. Бөтен еркек менің баламды неге ұрады? Мен оларға сеніп жібердім ғой», – деді ата-ана Фарида Шүденбаева.

Ұзынағаштағы SPA орталығына көпшілік әдетте саунасы мен хауызына келіп көңіл көтеретін көрінеді. Ал ата-аналардың айтуынша, 300 балаға жазғы лагерь ретінде ашып, балалардың басын қатерге тіккен. Балалар санитарлық норма сақталмаған еденде ұйықтаған.

«Біз оларды жазалауды талап етеміз. Болашақта лагерьді өзіміз таңдағымыз келеді», – деді ата-ана Бағдагүл Дабырова.

Видеодағы кадрлардан  «бұл жерде балалар болған жоқ» дегенді жеткізгісі келгендердің төсектерді сарайға тасып, жасырмақ болғанын байқауға болады. Ғимарат ішіндегі кейбір төсек-орындарды да сыртқа шығарып үлгермепті. Тек қалалық Білім басқармасының өкілдерімен бірге келгенінде ата-аналардың алдына шығып сұхбат берген.

«Балалардың осында жатқаны рас. Мен өтірік деп тұрған жоқпын. «Арман даланың» дайындаған орны басқа болар. Бізге балаларды әкеліп, осында түнейтінін айтты. Олар түсте  келген. Күн ыстық. Бәріне түскі ас бердік.  Алып келген соң, қараусыз қалдырмаймыз ғой», – деді демалыс орталығының әкімшісі Жазира Қуанышқызы.

Қазір бұл жайтқа байланысты шұғыл комиссия құрылып, тексеріс жүріп жатыр. Ата-аналар шағым айтқан орталыққа арнайы ат басын бұрған Білім басқармасы бастығының орынбасары жағдайды жіті бақылауға алатынын жеткізді.

«Алматы қаласының Білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыру бойынша жауапсыз қызмет көрсетушілермен соттасатын болады. Қызмет көрсетушіге, яғни «БелРичи» ЖШС компаниясына қатысты жауапсыз жеткізуші деп тану және мемлекеттік сатып алуға қатысуға одан әрі тыйым салу туралы талап-арыз дайындалып жатыр. Қызмет көрсетушімен қазіргі шарт бұзылады, сондай-ақ осы компанияның басқа мемлекеттік сатып алуға қатысуына жол бермеу үшін жосықсыз өнім беруші деп тану туралы талап-арыз беріледі», – деді Алматы қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай.

Бұл жағдайға қатысты Алматы қаласының прокуратурасы соталды тексерісті бастады. Сонымен қатар қала сыртындағы барлық жазғы лагерь тексеріледі. Ал саунаға алып келген балаларды жақын арада басқа лагерьге жібереді.

 

Фото: paryz.kz