Қарағанды облысына қарасты Ақтоғай ауданы екіге бөлінді. Территориясы емес, халқы. Жаңа келген әкімге «кет» деген блогер қол жинап, петиция жариялап, елдегі бір сайтқа жария қылды. Сол жазба әлеуметтік желіде қызу талқыға түсуде.
Ақтоғайдағы дау: блогердің көздегені не?
1,749
оқылды

Аяқтан шалу басталды ма?

Алдымен сол үндеуге көз салайық. 

«Руслан Кенжебековтің Ақтоғай ауданына әкім болып тағайындалуымен тұрғындардың мәселесі көбейді!

Жарты жолда қалдырылған мәңгілік бітпейтін құрылыс нысандары, облыс әкімі мен облыс депутаттары биыл бастауға уәде еткен Ақтоғай ауданы Шашубай ауылындағы қазандық мәселесі шешімін таппай жатыр.

Оның үстіне аудан тұрғындары 25 жылдан астам уақыт жолсыз, интернетсіз, ыстық сусыз, сапалы медициналық қызметсіз өмір сүруден шаршаған. Ақ­тоғай ауылына ауыл-селодан келгендердің біраз құжаттарын рәсімдеу үшін баруы ғана емес, азық-түлік пен көкөністің, жем-шөп пен құрылыс материалдарының бағасы бақыланбайды, балалар спорты дамымай жатыр. Жақында бұл адамдар тұрғындар қалыпты инфрақұрылымды ала алмай жатқанда, осы ауданда ыңғайлы жүру үшін өздеріне жаңа көліктер сатып алды!

Ауданда тіпті ірі супермаркеттер желілері жоқ, дәріхана мәселесі өткір! Халық облыс әкімдері мен Ақтоғай өңірі депутаттарының уәдесін тыңдаудан шаршады!

Осы өтінішке қол қойған азамат­тардың атынан Қазақстан Респуб­лика­сының Президентінен Ақтоғай ауданы­ның әкімі Руслан Кенжебековті, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасарлары Абылай Базыұлын, Әмралин Серік пен Саян Мұратұлын қызметінен босатуды сұрай­мыз», – деген жазба авторы Құралай Айт­жанова екен.

Шынымен бұл әкім не бүлдіріп қойды екен деген ой маза бермеді. Сөйтсек, бұл қызметке Руслан Айтыкенұлы осы жыл­дың қаңтар айында ғана келген болып шықты. Өзі – Ақтоғай ауданы Қызыларай ауылының тумасы. 2002 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. Әр жылдары Абай ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің спорт бойынша бас маманы, Қарағанды облысы Әділет департа­ментінің ұйымдастыру-бақылау және кадр жұмысы бөлімінің бастығы, Жоғарғы Сот жанындағы Сот әкімшілігі комитеті Ішкі әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы, Теміртау қаласы Әділет басқармасы бастығының орынбасары, Табиғи монополияларды реттеу, бәсеке­лестік пен құқық қорғау департаментінің басшысы қызметтерін атқарды. Ұлттық экономика министрлігінің Алматы облы­сы бойынша тұтынушыларды, Бәсек­е­лестікті қорғау Агенттігінің Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясының басшысы, Ұлттық экономика министрлігінің Адами ресурс­тармен жұмыс департаментінің дирек­торы, Премьер-министр кеңсесінде бас кеңесші болған, Ақмола облысы әкімінің кеңесшісі, өткен жылдың тамыз айынан бастап қаңтарға дейін Президент Әкім­шілігінің Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің кеңесшісі болды.  Яғни мемлекеттік қызметте жүргеніне бірінші жыл емес.

«Жаптым жала, жақтым күйе» дермісіз?!

«Біреулер жаңа келген жас әкімнің үстінен арыз жазып жатыр деп естідік. Кім жазған? Аты-жөні тұр, бірақ, өзі бұл өңірде жоқ көрінеді... Домалақ арыз жазудың осындай да бір «жаңа формасы» шығыпты. Тез арада тауып алып, жауапқа тартпаса, бұл кесел ел ішін өртше шар­пып, шарлап  кетуі мүмкін», –  дейді ақын Серік Ақсұңқарұлы.

Әрине, кентте мәселе бар шығар. Соны шешудің жолы осы ма? Әлде, жас маманды тұқырту ма? Ақтоғай ауданының тұрғыны Мүсіркеп Сейдахмет осылай деп күйінеді.

«Асатпай жатып құлдық дейтін адам­дарға таңғалам. Ақтоғай ауданына қарас­ты Шашубай кентінің қайсыбір тұрғындары, күні кеше ғана қызметке келген аудан әкіміне қарсы петиция жариялапты. Ау, ағатайлар-ау, келгеніне жыл толмаған әкім сіздерге несімен жақпай қалды. Әлде бұл жаңа келген Руслан Кенжебековке қарсы ұйым­дастырылып отырған арандатушылық па? Шашубай кентінің проблемасын бір жылда шешіп берсе, бұған дейін алды төрт бес, арты он жыл отырған әкімдер қайда болды? Неге сол кезде осы топ петиция жазып, бас көтермеген?! Жоқ болмаса бұл, Руслан Кенжебековті жас деп басынғандық па? Әлде Шашубай кентінің шөміштен қағылған кезі бар ма? Жоқ жерден жік шығарып, еліме, жеріме қызмет етем деп құлшынып тұрған жігерлі жастың етегінен тартып, аяғынан шалатындай не көрінді?! Бүлікшіл топ бүйректен сирақ шығармай азаматқа қызмет жасауға мұрсат беріңдер», – дейді  Мүсіркеп Сейдахмет.

Бұл бірінші рет емес...

Бұл жағдай алғашқысы емес екен. Бір жыл бұрын да осылай дау басталып, аяқсыз қалған сияқты. Facebook-те ар­найы парақша ашқан Шашубай кентіндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің 2022 жылғы 2 шілдедегі жазбасы көзге түсті. 

«Бүгінгі күні әлеуметтік желілерде кентіміздің атын немесе кент тұрғын­дарын пайдаланып, аттарын шығара ал­май жүрген блогерсымақтардың ермегіне айналып, қонысымыздың берекесін алған фейк парақшалардағы жалған ақпараттар мен дәлелсіз жала жабу жағ­дайларының ушығып кеткені мазалап жүргені жасырын емес. 

Расында, осыдан бұрын 1-2 жыл көлемінде Шашубай кенті бойынша қордаланып қалған әлеуметтік жағдай, кент тұрғындары тарапынан республика, облыс, аудан көлемінде көтерілген еді. Осы орайда қонысқа Қарағанды облы­сының сол уақыттағы әкімі Жеңіс Қасым­бек бірнеше мәрте ат басын бұрып, халық­тың үніне құлақ аса келе, мемле­кеттік қазынадан бұрын-соңды Шашубай кентіне бөлінбей келген қаражат қарас­ты­рылып, ауқымды жобалар қолға алы­нып, кезек-кезегімен атқарылып жатқан жайы бар еді», – дей келе, олар блогер­лердің сын садағына қалдық дейді. 

«Саны бар, сапасы жоқ жалған ақпа­рат­тарға толы посттарды оқып оты­руға тіпті алтын уақытымызды қимадық. Де­сек те, қоныстың мұң-мұқтажын жазып отырмын деп сайраған блогер Құралай Айтжанова деп тіркелген аккаунт болып шықты. Дүркіреген аккауынтына өз фо­тосуретін қоюға жүрексінген жан Қас­келең қаласында тұрады деп көрсетілген», – деп тарқатады.

Бір қызығы, бір жыл бұрынғы жазбада да «әкім кетсін» деген сөз айтылады.

Әрине, «жас келсе – іске» дейді қазақ. Аяқтан шалғанша, бар мәселені қалай шешуге болады деп, құлшына жұмыс істегісі келген адамға демеу болу керек емес пе?! Әзірге, аудан халқы екіге бөлініп тұр...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ,

Қарағанды облысы