Шымкентте алаяқ 80 жастағы зейнеткердің қаржысын үйінен алып кеткен.
Немересін құтқармақ болған зейнеткер 11 мың долларынан айырылды
4,234
оқылды

Әл-Фараби аудандық ПБ-ға зейнеткер алаяқтық туралы арыз жазды. Жәбірленушінің айтуынша, оған бейтаныс нөмірден белгісіз адам қоңырау шалып, немересі апатқа ұшырағанын және шұғыл түрде қымбат ота жасау қажет екенін айтқан. Бұл туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Өзін полицеймін деп таныстырған ер адам қыздың оқиғаға кінәлі екенін, бірақ белгілі бір сомаға жазадан құтылуға болатынын айтқан. Шошынған зейнеткер немересіне көмектесу үшін, қоңырау шалушының барлық шартымен келіскен. Олар ақшаны алу үшін такси жіберген. Қала тұрғыны сол арқылы 11 мың доллар салынған сөмкені берген. 

Аталған жайт Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша тіркелді. 

Қылмысқа қатысы бар 26 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ол курьер міндетін атқарған. Көрсетілген мекенжайлардан қолма-қол ақша алып, «басшыларының» есепшотына аударып отырған. Жұмыс ақысы үшін жалпы соманың 10 пайызын иеленген. 

Ер адамның тағы да осындай алаяқтыққа қатысы бар екені белгілі болды. Алаяқтың кезекті құрбаны – Түркістан облысының тұрғыны. Ол сіңлісіне ота жасау үшін және оны жауапқа тартпау мақсатында жалған полицейлерге 1 млн теңге төлеген. 

Қылмысқа қатысы бар өзге де күдіктілердің жеке басын анықтап жатыр.