«AMANAT» партиясының Сол­түс­тік Қазақстан облыстық фи­лиа­лы жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесіне сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде 1 800-ге жуық өтініш-ті­лек келіп түсті.
Өтініштер аяқсыз қалмайды
672
оқылды

Олардың ешқай­сы­сы да ескерусіз қалған жоқ. Жүзден ас­та­мы заң тұрғысында шешу үшін Мә­жіліске жіберілсе, 220-дан аста­мы жергілікті жерде оң шешімін тап­ты. Қалғандары бойынша жұ­мыс жүргізілуде.

Президент, Мәжіліс және барлық дең­гейдегі мәслихаттар  депуттарын сай­лау қарсаңында «AMANAT» партиясынан ұсынылған кандидаттар мен қоғамдық қабылдау бөлмесінің мамандары ауыл-аймақты аралап, тұрғындармен кездескен болатын. Жүздесулер барысында ауыл тұр­ғындары оларға мұң-зарын жеткізіп, бір­қатар өтініш-тілектерін білдірген еді. Олар­дың барлығы тіркеліп, қарас­ты­рылу­­да. Келіп түскен 1 791 өтініштің 450-ден астамы партияның 2023–2027 жыл­дарға арналған Сайлауалды бағдарла­ма­сын орындау жөніндегі Жол картасына ен­гі­зілді. Яғни, міндетті түрде орында­ла­ды деген сөз. 100-ден астамын шешу үшін заң­намаға тисті өзгерістер енгізу қажет­тігі анықталды. Сондықтан Парламент Мә­жілісіне тиісті ұсыныстар жолданды. 

Облыстық қоғамдық қабылдау бөл­ме­­­сінің меңгерушісі Гүлфира Рамаза­но­ва­ның айтуынша, облыстық мәслихатқа жол­данған 550 талап-тілектің 80-і осы күн­ге дейін оңынан шешілген. 

«Қалған 470-і бойынша жұмыс жүр­гізіліп жатыр. Ал аудандық мәслихаттарға жол­данған 1 100-ден астам өтініштің әзір­ге 140-ы орындалды, ал 800-ден аста­мы бойынша ақыл-кеңес берілді. Бізге ке­ліп түскен өтініштердің ешқайсысы да ес­керусіз қалмайды. Жүгінген адам­дар­дың әрқайсысына шама-шарқымызша кө­мек көрсетуге тырысамыз. Олардың кей­біреулері жеке басының мәселесімен келсе, бірқатары қоғам үшін маңызды мәселелерді қозғайды», – дейді Гүлфира Рамазанова. 

Әлеуметтік мәселелер шешімін табуда

Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданы­ның орталығы Булаев қаласында тұратын Ре­гина Дударева тұрғындардың әлеумет­тік әлжуаз топтарына арналған баспана салу туралы мәселе көтерген болатын. Оның  өтініші бүгінде орындалып жатыр: Бу­лаев қаласында 45 пәтерлі тұрғын үй­дің құрылысы аяқталуға таяу. Бас мер­ді­гер «Иман» ЖШС құрылыс жұмыстарын биыл­ғы үшінші тоқсанда аяқтауды жос­парлап отыр. Үш қабатты үйдегі пәтерлер тұр­ғын үй кезегінде тұрған адамдарға «Отбасы банк» арқылы таратылатын бо­лады. Осылайша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған 45 отбасының баспана мә­се­лесі шешіліп, қоныс тойын тойлайтын күн алыс емес. 

Сайлаушылармен кездесу барысында ден­саулық сақтау саласына қатысты қор­да­ланған мәселе көп екені белгілі болды. Әсіресе, ауылды жерлердегі науқастар көп­теген медициналық қызметке қол жет­кізе алмайтынын айтып шағымданған болатын. Олардың да өтініштері аяқсыз қалған жоқ. 

Мәселен, Есіл ауданына қарасты Кор­неевка ауылының тұрғыны Светлана Константинова ауылдағы дәрігерлік амбулаторияда бірқатар медициналық қызмет көрсетілмейтінін, физиотерапия, рентген жоқтығын, тек күндізгі стацио­нар ғана бар екенін, тіпті анализ тапсыра алмайтындарын айтып шағымданған-тын. Сондай-ақ осы ауданға қарасты Тораңғыл ауылының тұрғыны Күнсұлу Жабарова аудандық ауруханадағы маман тапшылығы мен ультрадыбыстық зерттеу кабинеті жоқтығы мәселесін көтерген-тін. Бүгінде бұл мәселелер біртіндеп ше­­­­шімін табуда. Аудандық ауруханаға жаңа мамандар жұмысқа қабылданып жатыр. Явленка ауылына стоматолог, УДЗ маманы және жалпы тәжірибе дәрі­гері көшіп келіп, жұмысқа кірісті. Аудан­дық ауруханада ультрадыбыстық зерттеу, Корнеевкада физиотерапия кабинеттері ашылды. 

Бірқатар ауылда бала санының азды­ғына байланысты мектептерді жабу қаупі төніп тұр. Осыған орай білім ошақтарын сақтап қалу туралы да өтініштер көптеп түскен болатын. Олардың кейбіреуінің мәртебесі сақталып қалатын болды. Есіл ауданындағы Черуновка бастауыш мек­тебі мен Бесқұдық негізгі мектебі осы ті­зімге енгені ауылдықтардың көңіліне қуаныш ұялатты. 

Жол зардабын жүрген білер

Жол сапасына қатысты шағым көп. Бұл мәселені де партия өз бақылауына ал­­ды. Жер-жердегі жол құрылысы бары­сын партиялық бақылау бекеттері қадаға­лау­да. Күні кеше облыстық филиалдың ат­қарушы хатшысы Жеңіс Асанов пен пар­тиядан сайланған депутаттар кезекті рет жол жөндеу жұмыстарының бары­сы­мен танысып, мердігерге бірқатар ұсы­ныс жасады. Қисық төселген жиектас, зақымданған құдық сияқты кемшіліктерді мердігер өз қаржысы есебінен жоятын болады. Сондай-ақ қоғам белсенділері мүгедектігі бар адамдардың бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы жүруіне жағдайдың жоқтығына назар аударды. 

Жол құрылысына қатысты қол жет­кі­зілген ең ірі жоба – Челябі-Новосібір тас жолының 465-496-ші шақырымын, яғни Мамлютка қаласына бұрылыстан Жаңа жол өткізу қосынына дейінгі жол­ды жөндеу. Бұл учаске әбден тозып, тұр­ғындарға ыңғайсыздық туғызып келе жат­қалы біраз жылдың жүзі болды. Жөн­деу жұмыстары 2017 жылы басталға­ны­мен, жосықсыз мердігерлердің сал­да­ры­нан «сақалды» құрылысқа айналған. Жол зардабын күнде тартып жүрген Мамлютка қаласының тұрғындары Жанаргүл Жақ­сылықова, Айгүл Жәкенова, Серік Кен­жа­лин оны жөндеуді сұрап, бірнеше рет жү­гінген еді. Биыл сот шешімі шығып, «Каз­СтройТехник»  ЖШС жөндеу жұ­мыс­тарына кірісті. Бұл мақсатқа респуб­ли­калық бюджеттен шамамен 10 мил­лиард теңге бағытталды. Биыл бөлінген 3,5 миллиард теңгеге 4 шақырым асфальт төселмек. Жоба екі жылға шақталған.

Осылайша, тұрғындардың өтініштері бір­тіндеп қарастырылып, шешілуде. Ама­натқа қиянат жасамас үшін келіп түс­кен талап-тілектердің барлығы бойын­ша жұмыс жүргізілуде. 

Роза ШӘКЕН,

Солтүстік Қазақстан облысы