Ұлттық құндылық­тың негізгі күретамыры – оның ана тілі. Заман талабына сай тіл де жаһанданудың үрдісіне ілесіп, дамып отыруы керек.
«Қазақ тілін цифрландыруымыз керек» – Анар Фазылжан
3,812
оқылды

Қазақ тілінің күнделікті қолданысын зерттеп, өткенін саралап, болашағын бағдарлап жүрген бірден-бір орталық – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Біз институт директоры Анар Фазылжанға хабарласып, қазақ тілінің келешегі мен қазіргі мәселелері жайлы әңгімелестік.

– Түркістанда өткен Ұлттық құрыл­тайда «Қазақ тілі цифрлық кеңістікке шығуы керек» деген пікір айттыңыз. Бұл мақсатқа жету үшін ең бірінші Қазақ тілінің ұлттық корпусы жасалуы қажет пе? 

– Қазақ тілінің заманауи тіл, қоғам­ның қазіргі сұраныстарына жауап беретін тіл болуы үшін оның цифрлық кеңіс­тіктегі қолданыс сапасы жоғары және контенті кең болуы керек. Ол үшін ең алдымен әдеби тілде тіл қататын, ауызша және жазба қазақ тілін түсінетін, соған сәйкес жауап бере алатын ақылды қосымшалар, қазақ­тілді жасанды интеллект қажет. Осы­ларды жасау үшін ең бірінші, қазақ тілінің өзін цифрлан­дыруы­мыз керек. Қазақ тілін цифрлан­дыру дегеніміз не? Кез келген жасан­ды интеллект – ең алдымен, тілдік мо­дель­дердің қайтала­масы. Жасанды ин­тел­лект – адам тілінің бүкіл құрылы­сы­ның проекциясы. Құ­рылысының ғана емес, жүйесінің, ондағы қатынастардың да проекциясы, яғни сырттағы барлық ақ­­паратты жүйелеп, адам санасына тү­сінікті етіп жеткізудің тілден басқа оң­тайлы, ыңғайлы құралы адамзат бала­сында жоқ, сондықтан жасанды интеллект тілдік модельдерге табан тірейді. Міне, осы себепті алдымен қазақ тілін цифрлан­дырып алсақ, қазақша жасанды интеллект әзірленетін болады. Сөзіміз құрғақ бол­мас үшін дәлел келтіре кетейін. Мысалы, «Яндекс» компаниясы алғаш құрылған кезеңінде Орыс тілінің ұлттық корпусы­ның интернет операторы болып бекітілді. Сөйтіп, қазір Орыс тілінің ұлттық кор­пусында 1 миллиардқа жуық сөз қолда­ныстан тұратын элек­тронды ақылды мәтіндер базасы бар. Ақылды мәтіндер дегеніміз – корпустың базасын­да­ғы жаңа атап айтқан 1 миллиард сөз қолданыстың ішіндегі кез келген сөз қолданыстың тілтанымдық талдамы. Ғылым тілімен айтсақ, аннотациясы. Қарапайым сөзбен айтсақ, паспорты. Яғни, кез келген сөз қандай да бір кон­тексте қандай қызмет атқарып тұр, ол қызметті тілдің қандай құралдары арқылы жүзеге асырып тұр? Корпус осы туралы жан-жақты, тек қана тілтанымдық емес энциклопедиялық та ақпарат береді. Міне, Орыс тілінің ұлттық корпусын жасап, біраз тәжірибе жинаған «Яндекс» өз тұтынушы­ларымен емін-еркін орыс тілінде сөйле­се­тін «Алиса» дауыстық кө­мекшісін жасады. 

Біздің институт «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» атты мегажобаны жүзеге асыру керек екенін 1990 жылдардың соңында айта бастады. Мұны ең алғаш проблема ретінде көтерген профессор, математика ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының докторы марқұм Асқар ағай Жұбанов. Ол бұл мәселені теориялық тұрғыдан зерттеп, осындай корпустық база болуы керек деп айтып кетсе, кейін институт осы идеяны жүзеге асырып, одан әрі жетілдіріп Қазақ тілінің ұлттық корпусын жан-жақты қарқынды түрде кеңейтумен айналысып отыр. Бүгінгі Қазақ тілінің ұлттық корпусы ресурсында бірнеше ішкорпустан тұратын 31 миллион сөзқолданыстық электронды ақылды мәтіндер базасы бар. Ол тілтанымдық және энциклопедиялық ақпарат беретін құрал болып отыр. Сайт qazcorpus.kz деп аталады. Ол сайтқа кіріп, әп-сәтте өзіңіз іздеген сөздің корпус базасындағы барлық мәтіннің контексіне қол жеткізесіз. Әрбір контекстегі сөздің қандай түрленім түрін­де тұрғанынан ақпарат аласыз. Ол сөздің түбірі қандай, қазақ тілінде қанша ма­ғынасы бар, сөзжасамдық құрамы қандай, ол сөз туралы жалпы семантикалық ақ­парат алып, контексте сол сөздің қандай грамматикалық формалардың жалғануы арқылы жасалып, қандай дыбыстардан құралып тұрғанын, әрбір дыбыстың си­пат­тамасын, сол контекстегі сөздің буын­ға бөліну жігін, әрбір буынның сипаттама­сын ала аласыз. Мұнымен қоса, сол сөз қол­данылған контексте қандай да бір фра­зеологизмдер болса, олар туралы ақпарат беріледі. Бұл контекстің қай ав­тордан алынғаны туралы энциклопедия­лық ақпарат беріледі. Ол автордың жынысы мен туған жылына дейін көре аласыз. Шығарма қай ғасырда, қандай тілде жазылғаны туралы, оқиғаның қай ғасырда болғаны жайлы хронологиялық ақпараттарды корпус сізге әп-сәтте дайын­дап береді. Жалпы, корпустары дамы­ған тілдерде сөздік индустрия өте мықты, өйткені корпусқа негізделіп сөз­дік жасау өте жеңіл болады әрі сөздіктің жан-жақты ақпарат беретін түрлерін жасап, тарату оңай болады.

Институт ғалымдары тұрақты еңбекақы алады

– Жалпы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазір қандай жоба­лармен айналысып жатыр? Осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарыңыз өз нәти­жесін көрсетті ме? 

– А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл бі­лімі институты – еліміздегі ғана емес, әлемде қазақ тілін зерттейтін бірден-бір мекеме. Иә, елде ана тілімізді зерттейтін кішкентай орталықтар, жоғары оқу орын­дарында арнайы кафедралар бар. Ал Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты – қазақ тіл ғылымы деген ғылымның бір саласының жан-жақты әрі әлемдік талаптарға сай дамуына жауап береді, әлемдік лингвистиканың бір тар­мағы саналатын қазақ тіл ғылымын сол әлемдік лингвистикадағы барлық тың бағыттары бойынша дамуына үздіксіз үлес қосып келе жатқан бірден-бір ғы­лыми мекеме. Тәуелсіздік алғаннан кейін институт ғылым саласын дамытуға қатысты миссиясына тағы бір үлкен мис­сияны қоса жүктеп алды. Ол – мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің ғылыми линг­вис­тикалық базасын қалыптастыру, же­тілдіру, үнемі толықтырып, дамытып отыру. Мемлекеттік тіл болу үшін бірнеше шарт бар. Оның демографиялық, құ­қықтық базасы бар. Соның ішіндегі ең мықты базасы, ол – ғылыми лингвисти­калық база, яғни сол тілде коммуника­цияны жүзеге асыратын қауымдастыққа тілдің нормаларын көрсетіп отыратын, тілдің стандарттарын белгілеп отыратын құралдар аса қажет. Осы құралдардың барлығының академиялық деңгейдегі нұсқаларын Тіл білім институты әзірлеп келеді. Ол – қазақ тілінің орфографиялық сөздігі, синонимдер сөздігі, біртомдық үлкен түсіндірме сөздік, онбестомдық иллюстративті түсіндірме сөздік, терми­нологиялық сөздік. Орфографиялық анықтағыш, орфоэфиялық сөздік, теңеу­лер сөздігі, академиялық грамматикалар және тағы да басқа ортологиялық норма­тив­тік тілдік құралдар. Осылардың барлы­ғын қазақ тілі бойынша институт әзірлеп, қалың жұртшылыққа ұсынып отыр. 

Институт бұл жұмыстармен үздіксіз ай­налысады. Соңғы кезде институт жүр­гізіп жатқан зерттеулердің ауқымы өте кең. Мәселелері әртүрлі, жан-жақты, се­бебі институт қазақ тіл ғылымының әлем­дік лингвистикадан кенжелеп қал­майтындай дамытуға жауапты. Біз мұндай зерттеулерді гранттық жобалардың не­гізінде жүзеге асырып отырмыз. Соңғы кездері Ғылым және жоғарғы білім ми­нистрлігінің, Ғылым комитетінің қол­дауы­мен институт бірнеше гранттық жоба ұтып алды. Сондай-ақ Президентіміздің тікелей қолдауымен базалық қаржылан­дыру болып табылатын іргелі зерттеулер жобасында да жұмыс атқарып жатыр. Бұл біз үшін қуанышты жаңалық болды. Бұған дейін институт ғалымдарында тұрақты жалақы болмаған. Іргелі зерттеулердің арқасында ғалымдар тұрақты еңбекақы алып жүр. Қазіргі кезде институттың гранттық жобалары жан-жақты зерттеуге арналса, бағдарламалық-нысаналық қаржыландыру зерттеулері негізінен қазақ тіліне деген қоғамның сұранысын өтеуге бағытталады. Мәселен, қазақ мәтіндерін қағаз нұсқадан электронды нұсқаға айналдыру өте өзекті. Өйткені қазір электронды мәтіндерді түзеу, өңдеуге сұраныс жоғары. PDF нұсқадан Word-қа ауыстырған кезде орта есеппен бір беттен 8 қате кетеді екен. Мұндай болмас үшін біз «қазақ мәтіндерін авто­матты тану» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Нәтижесінде, алынған IT әзірлемелер PDF нұсқадан Word-қа қатесіз айналдыруға септігін тигізеді. Осы жобаның нәтижесінде мәтіндер­ге қатыс­ты ақпаратты қоса беретін бағдарлама жасалады. Мысалы, қазір электронды кітапханалар өте көп. Олардың кітаптарын тек суреттен оқи аласыз. Оқып оты­рып, бір сөзге қатысты қа­жет­ті ақпаратты өзіңізге белгілеп ала алмайсыз. Біздің жасап жатқан жоба нәтижесінде элек­тронды кітап­ханадағы кітаптар «тіріледі». Оқыр­ман кітап оқып оты­­рып, кез кел­ген сөзін тін­туір­­мен басып, ақ­па­рат ала алады. Со­ны­мен қатар инс­ти­тутта ға­лым­да­рымыз жи­на­ған 7 мың­нан астам кі­­тап қоры бар. Бұл кітап­хананың қа­ғаз нұс­қасын көру үшін еліміз­дің түк­пір-түк­пі­рінен зерт­теу­ші­лер бізге ар­на­йы келеді. Олар­­дың осы мұқ­­таж­­­­дығын жеңіл­­дету үшін біз элек­тронды тіл­­­танымдық кі­тап­­хана (http://tbikitap.kz/) әзір­ледік. Инс­титут – қазақ сөзінің шырақ­шысы. Әр сөздің кон­тексін тіркеп отыру – ғалымдардың міндеті. Бұрын техника дамымаған кезде біз әр сөзді қолмен жазып, қимақағаздарға жинайтынбыз. 1940 жылдардан бері жиналған қи­мақағазардың саны 5 миллионға жуық. Оларды қағаз нұсқада сақтау өте қауіпті. Сондықтан оларды цифрландыруды да қолға алдық. 1-2 ай көлемінде бұл жұ­мысты аяқтаймыз. Қазір институтта tbikartoteka.kz атты сайт бар. Осы сайтта жаңағы карталар цифрланған сурет форматында тұр. Кез келген сөзді іздесеңіз 1940 жылдан бергі ғалымдар жинаған контекстерді таба аласыз. Сонда қазақ сөзінің құбылған, құлпырған бақшасында жүргендей боласыз. Кейбір сөзге үш жүздей қимақағаз жиналған, ол сөздің мағынасы әрбір тарихи кезеңде өзгеріп отырғанын да аңғаруға болады. Бұл қимақағаздарды жинау 1990 жыл­дардың соңы мен 2000 жылдардың басын­да тоқтады: компьютер келгеннен кейін әр сөз электронды түрде жиналды. 

Институт алдағы уақытта нейролинг­вис­тикалық, психолингвистикалық, соцолингвистикалық зерттеулерді жетіл­діруді мақсат етіп отыр. Сол үшін бірнеше гранттық жобалар мен бірнеше бағдар­ламалық нысаналы қаржыландыру жо­балары берілді. Егер осы жобаларды ұтып алып жатсақ, ендігі кезекте біз қазақтілді қауымның санасындағы тіл арқылы тір­келген құндылықтар жүйесін, ұғымдарын, түсініктерін, стереотиптерін анықтай алатын боламыз. Қазақстандағы қостіл­ділік мәселесі, қоғамдағы қазақ тілінің кейбір салада жақсы дамып, ал кейбір салада дамымай қалу себебінің әлеуметтік және психологиялық, нейрологиялық негіздерін анықтаймыз. 

Жасөспірімдерге ғылыми контент қажет

– Тіл маманы ретінде қазақ тілінің ғы­лым тіліне айналуына не кедергі деп ой­лайсыз? 

– Кез келген тіл ғылым тіліне айналу үшін сол тілде сөйлейтін мәдени қауым­дастықтың ғылыми санасы мықты болуы керек. Қазір ғылыми сана ойсырап тұр. Оны қайдан білдік? Қоғамның санасы тұтас болғанымен бірнеше элементтердің өзара әрекеттестігінен тұрады. Қоғамдық сананың эстетикалық, тарихи, ғылыми, діни, құқықтық, экономикалық сияқты бірнеше элементі бар. Олардың барлығы­ның деңгейін, сапасын тілдегі көріністе­рінен айқындауға болады. Қазіргі кезде қазақтілді қауымдастықтың ғылыми санасы әлемдік дамыған басқа ұлттардың ғылыми санасынан төмендеп тұрғанын тілдік фактілерден көреміз. Мәселен, қазақ тіліндегі жаратылыстану, техника, инженерия саласында терминдер саны аз. Бар терминдердің қоғамға түсініктілік деңгейі де төмен. Міне, бұл ғылыми сана­ның әлсіздігінің көрсеткіші. 

– Сонда ғылыми сананы көтеру үшін не істеу керек? 

– Ол үшін қоғамның ғылыми санасын көтеруге арналған түрлі шаралардың кешенді жүйесін жүзеге асыру керек. Арнайы ұлттық бағдарлама болуы қажет. Біз осы тұста Президентіміздің универ­ситеттердің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен коллаборациясын, сол сияқ­ты ғалымдарымызды шетелдік зерт­теу орталықтарына тағылымдамаға жібе­ретін «500 ғалым тағылымдама» жобасын, Президент жанынан арнайы ғылым және технология саясаты жөнінен комиисия құрған қадамдарын толықтай қолдаймыз. Мұның бәрі ғылыми сананы көтеруге арналған шаралар. Ғылыми сана тек сол саладағы мамандардың біліктілігімен немесе санын арттырумен көтерілмейді. Ғылыми сана әртүрлі бүкіл қоғамдағы тіл иелмендерінің ішінде әртүрлі ғылым сала­сындағы спецификациялық білім­дерді жаппай түсіне бастаған кезде кө­теріледі. Кеңестік кезеңде біз несие, несиегер, борышкер, банк, банктік жүйе сияқты қазір екінің бірі түсінетін қар­жылық саланың терминдерін білген де жоқпыз. Қазір бұл терминді кішкентай бала да түсінеді. Яғни, біздің қаржылық санамыз, экономикалық санамыз бір­шама өсті. Дәл сол сияқты саяси санамыз да өсті. Біз қазір саяси басқаруға қатысты құрылымдар мен түсініктерді білеміз. Тура осылай ғылыми терминдерді жаңадан ашылған ғылыми жаңалықтарды жалпы қоғам ішінде түсінетіндер саны көбейген кезде ғылыми сана көтеріледі. Баланың ғылыми санасы 9-12 жасынан бастап қа­лыптасады. Жасөспірімдерге солардың тілінде әзірленген ғылыми контент керек. Бірақ бізде ондай телеарна да, журнал да жоқ. Мен тек National Geographic журна­лын атап айта аламын. Бірақ олардың таралымы да өте аз. Балаларға арналған ғылыми шаралардың кешенді жүйесі мен білім беру бағдарламасы керек. Сабақтан тыс уақытта да баланың ғылыми санасына әсер ете алуымыз қажет. Бұлардың бар­лығы қазақ тілінде жүргізілуі керек. 

Ізденістің бәрі нәтижелі

– Президентіміз латын графикасына көшу процесінде асығыстық танытпау керектігін ескертті. Сонда осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстар нәтижесін бермегені ме? 

– Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстар нәтижесіз деп айта алмаймын. Өте нәтижелі болды. Латын графикасына қатысты зерттеулер тікелей әліпби рефор­масына қатысты ғана емес, сонымен бірге жалпы тілтанымдық үлкен теория­лық-практикалық тәжірибе жинақтауға, тіл ғылымының көптеген саласы бойынша тың білімдер жүйесін анықтауға көмек­тесті. Сондай-ақ осы істі жүзеге асыру ба­рысында қазақ лингвоортологиясы, сөз мәдениеті, жазу теориясы, қазақ жазуы­ның тарихы сияқты тіл ғылымының сала­ларында бұрын соңды болмаған экспери­менттер өткізуге, жаңа әдістемелер мен әзірлемелер жасауға, теориялық шешім­дер табуға септігін тигізді. Тілтанушыла­рымыз қоғамға реформаның қажеттелігі, мәнісі мен барысын насихаттау арқылы қоғаммен коммникация жасаудың мол тәжірибесін жинақтады. Қоғам да бұл коммуникациядан байыды, себебі көп жыл бойғы насихат жұмыстары өз жемісін берді, қоғамның тілтанымдық санасын көтеруге түркі болды. Бұған дейін біздің қоғам дыбыс деген не, әріп деген не, олардың өзара қатынасы қандай, қазақ жазуының тарихи кезеңдеріндегі гра­фикалары қандай болды, ұлттық жазу сипаты қандай болу керек, төте жазу дегеніміз не, А.Байтұрсынұлының жазу реформасының өзіне дейінгі жазулардан ерекшелігі қандай деген сияқты көп мәселеде жаппай алғашқы түсініктердің өзінен мұншалықты хабардар емес еді, бұл сияқты басқа да тілтанымдық білімдермен қоғам танымы толығып, кеңейді. Сон­дықтан пайдасы өте зор болды. 

Отандық кинотуындылардың тілі шұбарланып кеткен

– Құрылтайда көтерілген тағы бір мәселе – отандық киноны дамыту. Дегенмен қазір киносыншылар да, тіл мамандары да отандық кинодағы тілдің жұтаңданып кеткенін жиі айтады. Бұл уақытша құбылыс па? 

– Бір қызығы, шетелдік кинолардың қазақша дубляжының сапасы отандық фильмдердің тілінің сапасынан әлдеқайда жоғары. Сондай-ақ вульгаризмдерден ада. Бір өкініштісі, отандық кино туындылар­дың тілі шұбарланып кеткен. Кинотуын­дыны бастан-аяқ қазақша көре алмайсыз. Кейіпкерлері жартылай қазақша, жар­тылай орысша сөйлейді. Әрине, бұл режиссердің қазіргі қоғамды көрсеткісі келген шешімі болуы да мүмкін. Себебі қазір қоғамда екі тілді араластырып сөйлеу үрдіске айналған. Бірақ кинокейіп­керлерінің тілі не толық орысша емес, не толық қазақша емес. Бір сөйлемнің ішіне бірнеше тілде сөз қосады. Мұндайларды ғылымда «жартыкеш тіл иелмендері» деп атайды. Ғылымда жартыкеш тіл иелмен­дерін қоғам даму тұрғысынан өте пәс, төмен бағалайды. Бұлар толыққанды тілдік тұлғаға қарама-қарсы қойылып, оның оппозиті ретінде қаралады. Тіл иелмендері­нің жартыкештігі – кез келген тіл өмір­шеңдігіне төнген қауіп. Сон­дықтан кино­гер­лер жартыкештікті насихаттамауы керек. Бұл мәселе ғалым­дарды да маза­лайды. Әрине, кино өмірдің проекциясы болуы керек. Өмірдегі құбылыстар мен адамның әлеуметтік-психологиялық типтері көрсетілуі қажет. Бірақ осы жа­ғым­сыз үрдістің кинотеатр­ларда көпші­лікке ұсынылып жатқан жаңа отандық кинолардың бәрінде жаппай орын алып кеткені қынжылтады. 

Мұндай кинолардың және дені коме­дия болып кетті. «Келинка», «Бейшараш­ка» сияқты жартыкеш атаулар да мақта­нып, үлгі тұтатын нейминг кейс бола ал­майды. «–ка» деген орыс тілінің кішірейт­кіш жұрнағы, әдетте беделі жоқ, әлеу­меттік мәртебесі сөйлеп тұрған адамнан жоғары емес, нысандарды кішірейтіп атауға жұмсалады. Тіпті, кейде осы жұрнақты пайдаланып орыс тілінде ит-мысықтың атаулары жасалады: Белка, Стрелка, Мурка. Ал біз осы жұрнақты апарып ата, апа, әже деген ең құнды азаматтық институттарымыздың атына жалғап, «Аташка», «Апашка», «Әжешка» деп, бұны үнемі теледидардан, кинодан, насихаттап жатамыз. Бұл мақтанатын құбылыс емес. Бұрынғы фильмдерді көргенде құлағыңның құрышы қанатыны рас. Ол кездің киносындағы кейіпкерлер­дің де, сыртқы дауыстардың тілі де өте шұрайлы, ауызша сөз нормасын сақтаған, сөзсаптамы жатық үлгі боларлық тіл еді. Мысалы, мен шетелдіктерге қазақ тілін үйреткенде осы кинофильмдерді көрсетіп, кейіпкерлердің сөзі арқылы орфоэпияны түсіндіретінмін. Бізге осындай туындылар қажет. 

– Қазіргі Z ұрпақтың сөйлеуі, сөз қолдануы бөлек әлем дерсіз. Тілдерінде трендке айналған сленг сөздерді жиі қол­данады. Бұл мәселе қазақ тілінің болаша­ғына көлеңкесін түсіре ме?

– Иә, қазіргі ұрпақтың тілінің жұпыны болып бара жатқанын тек қазақ ғалым­дары ғана емес, дамыған елдердің ғалым­дары да көтеріп отыр. Бұл жаппай қарқын алған құбылыс. Тілі кеш шығып жатқан бүлдіршіндер көбейді деп дабыл қағып жатқандар бар. Бұл маған ақпаратты қабылдаудың визуалды формасы басым­дық алып кеткенімен байланысты болып көрінеді. Ақпаратты ұзақ уақыт тек визуалды тұрғыда ғана қабылдап, сөз ар­қылы ақпарат алу уақыты азайған баланың тілі де кеш шығады. 

Байырғы кезде ақпарат алудың ең тиімді әрі жалғыз әмбебап жолы вербалды (сөз арқылы) коммуникация болған, сол кездегі қазақтардың туабітті сөзге ше­шендігі мен шеберлігі туралы шетелдік ғалымдардың өзі көп жазғанын білеміз. Дәстүрлі қазақ мәдениетінде бала тәр­биелеудің алғашқы кезеңі – вербалды кезең болған, яғни сөз арқылы тәрбиелеу. Мұны жүзеге асыруда әжелер институ­тының функциясы жоғары болатын. Бала кішкентай кезінен 3-4 жасқа дейін әже­сінің бауырында жүріп, ертегі тыңдаған, әңгімелескен. Содан кейін барып визуал­ды кезеңге өтіп, көзбен көру арқылы ақ­па­рат қабылдаған. Ол кезде бала тәрбие­сіне атасы араласқан. Баланы атқа отыр­ғызып, садақ жонып үйреткен, өзімен бірге барлық жиын-тойға апарған. Қазіргі заманның балаларында вербалды тәрбие кезеңі әлсіз болып тұр. Балабақшаға бар­майтын балалардың саны да елімізде көп. Оларды смартфон, интернет, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатқаны өтірік емес. Ал смартфондағы ақпарат тек вербалды түрде жүзеге аспайды, көбіне визуалды түрде беріледі. Бала тілінің кеш шығуының се­бебі осы болса керек. Бұдан да қорқыныш­тысы – ана тілінде емес, өзге тілде шығуы. Өйткені смартфонда қазақша контент ағылшын, орыс сияқты тілдердің контен­тімен салыстырғанда саны мен сапасы жағынан әлі де көп жетілдіруді, жақсарту­ды қажет етеді. Дегенмен балада жазық жоқ, ата-ананың тәрбиесі мен жігері болса, кез келген жағдайда ана тілін өз отбасында төрге шығаруға болады деп ойлаймын.

Жасөспірімдер тілінде сленгтің көп екені рас. Бір қызығы, олардың дені жап­пай халықаралық сипат алып, тіл-тілге ортақ ағылшын тіліндегі жаргонизм­дермен толығып келеді, себебі бұлар ғаламтор арқылы виртуалды коммуни­кацияда қалыптасып отыр. Менің ойым­ша, жасөспірімдер сленгі тіл иелменінің тілдік өміріндегі уақытша құбылыс. Өйткені жасөспірім психологиясы бойынша олар өзін жаңа тұлға ретінде қоғамға мойындату үшін ерекше болып көрінуге тырысады, сол ниетін әдеби нормада жоқ, жаппай қолданыстағы тілден айырым тілде сөйлеу арқылы бе-кіткісі келеді. Уақыт өте келе, жасөспірім ересек өмірге қадам басқанда, сленг пен жаргондар оның тілдік кеңістігінен ығысып кетеді.

– Әңгімеңізге рақмет!!

Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН