Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде 1-4 сынып оқу­шыларына тегін ыстық тамақ беріле бастайды. Бұл – қос қолдап қолдайтын бастама.
Асханасыз мектептер аз емес
1,151
оқылды

Алайда Жамбыл облысында 446 мектеп бар болса, соның 36-сында асхана жоқ. Мұн­дай жағдайда қайтпек ке­рек? Қыр­күйек айына дейін атқа­мінерлер бұл мәселені шеше ала ма?   

Жамбыл облысы әкімдігінің Білім басқармасы берген ақпа­ратқа сүйенсек, биыл жалпыға бірдей міндетті орта білім қоры­нан оқу­шыларды тамақтандыруға 3,5 млрд теңге бөлінген екен. Тамақтың құны орта есеппен 450 теңгені құраған.

– 2022-2023 оқу жылында ыстық тамақпен 49 137 бала  қамтылды.  Облыс бойынша 1-4 сынып оқушыларының саны 94 373 бала болса, оның ішінде же­келеген санаттағы 23 400 оқушыға тегін ыстық тамақ берілді. Прези­денттің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөнін­дегі шаралардың 77-тармағында 1-4 сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамту туралы тапсырма берілген.  Осыған байланысты 2023 жылғы 1 қыркүйектен бас­тап барлық  1-4 сынып оқу­шылары бір мезгіл ыстық тамақ­пен қамтылады. Оған Жамбыл облыстық мәслихатының шешімі негізінде 2,5 млрд теңге қаржы бөлінді, – дейді Білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Досыбаева.

Әрине, қаржы қаралып, тап­сырма тиянақты орындалғаны құба-құп. Алайда асханасы жоқ 36 мектеп қыркүйек айында балаларды қалай тамақ­тан­дырмақ?

Білім басқармасы 15 мект­еп­тің мәселесін 2023-2027 жылдары құрылысы жүретін 14 мектеп пен 1 мектепке жапсарлас құрылыс жүргізу есебінен шешпек екен. Ал 21 мектеп орналасқан ауыл­дар­да демографиялық өсім жоқ болғандықтан, құрылыс жұмыс­тарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылыпты. Десе де, Білім басқармасының мамандары 2023-2024 оқу жы­лында асханасы жоқ мектептерде оқытылатын оқушыларды бір мез­гіл ыстық тамақпен қамта­масыз ету мақсатында бірқатар шара қолға алынғанын айтады. Мәселен, асханасы жоқ 17 мек­тептің бір оқу кабинеті ыңғайлас­тырылған асханаға айналмақ. Мұндай тәсіл  Байзақ, Меркі, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рыс­құлов және Шу ауданында жү­зеге асы­рылуда. Мұндағы билік өкілдері осылайша олқы­лықтың орнын толтырамыз деп отыр. Алайда оқу кабинетін ас­ханаға айнал­дыру қанша­лықты талапқа сай болатын­ды­ғын уақыт көрсетеді. 

Сарысу ауданындағы тағы 2 мектепте модульді асхана сатып алынып, орнатылып жатыр екен. Естеріңізде болса, бір жылдары мектептердің барлығының іші­нен дәретхана салынып жатқан­да, сарысулықтар оқу орнының бір бұрышынан есік шығарып, дәретхананың орнына контейнер қойып қызыққа батырған бола­тын. Енді олардың модульдік асханасы да дәретхананың кебін киіп жүрмесе болғаны. 

Меркі ауданында да мектепке модульді асхана қоюдан басқа амал таппапты. Ал Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарындағы 11 мектепке жақын орналасқан оқу орын­да­рынан ыстық тамақ тасымал­данып жеткізілмек.   

Бұдан бөлек, 8 мектепке ас­хананың жапсарлас құры­лысын жүргізуге биыл жобалық-сме­талық құжаттамалар дайындауға өтінім жолданған. Жоба толық­тай жүзеге асса, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Т.Рысқұлов, Талас ау­дандарында 1 мектепте, Шу ауданында 3 мектепте құрылыс жұмыстары басталады. 

 Әрине, байыбына бармай жатып байбалам салудан ау­лақпыз. Алайда жаңа оқу жылына айдан аса ғана уақыт қалды. Осы мерзім ішінде жоспарланған жапсарлас құрылыс жобалары жүзеге аспайтыны айдан анық. Демек, қыркүйек айында 1-4 сы­ныптағы барлық мектеп оқу­шы­лары ыстық тамаққа қол жеткізеді дей алмаймыз. Ал бір мектептің оқушылары ыстық тамақ ішіп отырғанда, екіншілерінің көзі жәудіреп отырғаны жақсы дүние емес. Бұның арты айқай-шуға апа­ратыны тағы айқын. Сондық­тан асхана мәселесін атқамінер­леріміз сүзгіден өткізіп, барлық мектепке модельді асхана орнату  немесе тамақты тасымалдап беру сынды шешім шығарғаны жөн секілді. Әзірге осылай әрекет етсек, жоспарлы құрылыс жұ­мыс­тары аяқталғанда түйткілдің түйіні тағы тарқатылар ма еді... 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы