Садақ ату – ежелден бері қанымызда бар өнер. Осы ұлттық өнерді насихаттап, әлемдік деңгейге шығарып жүрген, еліміздегі тұңғыш Садақ ату академиясының негізін қалаған Диас Ахметовпен аз-кем әңгімелескен едік.
Садақ ату – пайдалы өнер
2,824
оқылды

– Диас, елордадағы Садақ академия­сы­ның құрылуы жайлы айтып беріңізші.

– Өзім негізі бала кезімнен бері садақ ату өнеріне қатты қызығатынмын. Өкі­ніш­тісі, бүгінде көп адам, әсіресе жастар бұл өнерді ұмытыңқырап барады. Осы мә­селеге жаным ашығандықтан, 2018 жы­лы қыркүйек айында садақ ату үйір­месін аштық. Ісіміз алға басып, бір жыл­дан соң 2019 жылы республикалық Дәс­түрлі садақ ату федерациясын құрдық. Ал 2022 жылы Жаңаөзен қаласында дәстүрлі са­дақ атудан тұңғыш рет ел чемпионатын өт­кіздік. Оған еліміздің әр түкпірінен 300-ге жуық садақшы келді. Сол кездерде елімізде тек 50-ге жуық садақшы бар еді. Ал­ғашқы кездері осындай іс-шаралардың бә­рін өз қаража­тымыз­бен ұйым­дас­тыра­тынбыз. Кейін біртін­деп, медианың кү­шімен осы бастамамызға жұрт­шылықтың назарын аудартып, Үкімет тарапынан да қолдауға ие болдық.

– Садақ атудан шәкірттеріңіз қандай нә­тиже көрсетіп жатыр?

– Академия жұмысының арқасында елі­міз деңгейінде биыл 3 республикалық чем­пионат қарастырылған. Оның ішінде 1 Азия чемпионаты, 1 Әлем кубогы бар. 2024 жылы бүкілдүниежүзілік көш­пен­ділер ойынында біздің садақ ату сайысы төрт категория бойынша өтетін болады. Қазір елімізде садақ атудан екі спорт ше­бері бар. Балаларымыз да жақсы нә­тиже көрсетіп келеді. Мысалы, 2022 жылы Ру­мы­нияда өткен Әлем кубогында үш шә­кіртім жүлделі бірінші орынға ие бол­ды. Бұдан бөлек, 2022 жылы Түркияда өт­кен көшпенділер ойынында біздің са­­­дақшы 35 елден келген 100-ден астам қа­тысушымен бәсекелесіп, күміс ме­даль­ға ие болды. Ал Аста­нада өткен ел чем­пио­натында шәкірт­теріміз 7 алтын, 8 кү­міс, 5 қола медаль алып келді. Ұлт­тық құра­мада бізде 30 спортшы болса, соның 15-і – менің шәкірттерім.

– Садақ ату өнері жайлы, шыны керек, көп­шілігіміз біле бермейміз. Жастарды са­дақ атуға байлауда бұл өнердің қандай пай­дасы барын ескеруіміз қажет?

– Жалпы, садақ ату барлық спорт түр­лері секілді денсаулыққа өте пайдалы. Не­ліктен біз естіген түрлі аңыздарда хан­дар мен патшалар өз қыздарын жамбыны атып түсірген жігітке береміз деп шарт қойған? Өйт­кені мергендер епті әрі ақыл-ойы жоғары болады деп санал­ған. Нысананы дәлдеу үшін адам миында қаншама фор­­мула құрады, амал ойлас­ты­­ра­ды, жос­пар­лайды – мұ­ның бәрі тұнып тұрған мате­ма­ти­ка. Ден­саулық тұрғысынан айт­сақ, садақ ату арқаны тік ұс­тау­ға, көру қабілетінің жақсаруына көп көмектеседі. Бізде садақ ату үйір­ме­сіне біраз қатысқаннан кейін көзіл­дірік­терін таста­ған балалар да бол­ды. 

– Академияға садақ үйренем деп келу­ші­лер көп пе?

– Академияда балаларға арналған топ­тар да, ересектерге арналған топтар да бар. Бала­ларды 7 жастан бастап қа­был­­даймыз. Былтыр академиямыздан 5 мың­ға жуық адам садақ атуды меңгеріп ал­ды.

– Садақ ату спортының қазіргі дамуына қан­шалықты баға бересіз?

– Соңғы жылдары ұлттық дүние­лері­міз­ге оралып, түп-тамырымызды табуға де­ген қадамдар жақсы жасалып жатыр. Бұл орайда садақ ату өнері де жанданып жатыр десем артық айтқаным емес. Ұлт­тық өнерімізді насихаттап, осы мәселенің ба­сы-қасында жүрген жанашыр жандар да көп. 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Жанель ҚҰТТЫБАЙ