Жалпы құрылғанына 5 жылға жуық уақыт болған кеңес үштік миссиясы негізінде жұмыс жүргізуде.
«AMANAT»: Әкелер кеңесінің бағыты айқын
1,254
оқылды

Жыл басында «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов бастаған республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысында арнайы болып, педагогтармен және еңбек ұжымдарымен кездескені мәлім. Сол сапар барысында партия төрағасы қаладағы білім ордасы жанынан құрылған Әкелер кеңесінің жұмысымен танысып, жас ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтарға қолдау білдіретінін айтқан болатын.

Соның негізінде бүгінде партияның облыстық филиалы мен Әкелер кеңесінің бірлескен жұмыс жоспары әзірленіп, бала тәрбиесіне бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Партия тарапынан қолдау тапқан кеңес жұмысы күн санап жүйелене түскен.

Жалпы құрылғанына 5 жылға жуық уақыт болған кеңес үштік миссиясы негізінде жұмыс жүргізуде. Нақты айтқанда, әу бастан ұстаз, оқушы және ата-ана үштігі бойынша білім ошақтарында оқу, тәрбие процесіне қолдау білдіру мақсатында құрылған.

«Негізінен Әкелер кеңесінің бастамасы алғаш 2019 жылы №9 облыстық дарынды балаларға арналған “Білім-Инновация” лицей-интернаты жанынан құрылған еді.  Сол уақыттағы лицей директоры әкелерді арнайы жинап, осындай кеңес құру жөнінде ұсыныс тастаған болатын. Соның негізінде ерікті әкелерден құрылған кеңес жұмысын бастады. Әр сыныптан 13 әке жасақталып, жұмысқа кірістік. Оның ішінде, кеңес құрамында денсаулық, спорт, білім, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік сынды сала маманы болып жұмыс істейтін әкелер болды. Педагогикалық ұжымға формальды көмек беруді басты мақсатымыз етіп қойдық. Үш бағытта жылдық жоспар жасадық. Жоспарымыз тәрбие, оқу, спорт және қоғамдық жұмыстарға байланысты төрт бағытта дайындалды», – дейді Әкелер кеңесінің төрағасы Еркебұлан Есенбаев.

Кеңес төрағасының айтуынша, белгіленген жоспарға сәйкес  мектептерде әртүрлі тақырыпта ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген тәрбие сағаттарын өткізуді қолға алған. Сондай-ақ әкелер оқушылармен, ұстаздармен бірлесіп, түрлі спорттық шаралар өткізіп тұруды үрдіске айналдырыпты. Бұған қоса интеллектуалды, ғылыми жобаларды да қолға ала бастаған.

«Әсіресе, ғылымға көп көңіл бөліп, балалардың жобаларына аға консультант болуды қолға алдық. Балаларды әкелердің жұмыс орнына апарып, таныстыру шараларын жүргізе бастадық. Осы арқылы ұл-қыздарымыздың келешек білікті маман иесі болуына жол ашқымыз келді. Сол сияқты «Туған жер даналары» тақырыбында мектептің акт залында балаларды өңірге белгілі зиялы қауым өкілдерімен, ғалымдармен кездестіріп, сұхбат ұйымдастырдық. Өскелең ұрпаққа мотивация беру мақсатында осындай жоспарлы жұмыстар атқарылып жатыр. Осы орайда биыл партия төрағасымен кездесуде өзіміз бірлесе жұмыс жасауға ұсыныс бергенімізді айтқым келеді. Сол ұсынысымыз қолдау тауып, жұмыс ауқымы кеңейе түсті», – деп түсіндірді төраға.

Өскелең ұрпаққа өнеге болып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауда аянбай еңбек етіп жүрген жанның бірі – Арыстан Ермаханов. Ол кеңес мүшесі ретінде жоспарлы жұмыстар аясында балаларды дұрыс бағытқа сілтеп, тәрбиелі де саналы азамат болып қалыптасуына мүмкіндік арта түскенін айтады.

«Осы Әкелер кеңесі құрылғалы бері тәрбиелік бағытта жасалып жатқан барлық іс-шараларға қолдан келгенше атсалысып келемін. Осы арқылы өсіп келе жатқан ұл-қыздарымызды адамгершілікке, табандылыққа, шыншылдық пен жауапкершілік сынды адами құндылықтарға баулуға жол ашқымыз келеді. Қоғамның дамуына, өркендеуіне өз үлесін қоса алатын саналы азамат болып қалыптасуына ықпал болсақ дейміз. Кеңес құрамындағы ерікті әкелердің әрқайсысы бір-бір маман иелері болып табылады. Соған орай барлық сала бойынша түрлі тәрбиелік мәні зор іс-шаралар өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта іс-шаралар жоспарын кеңейтіп, саналы ұрпақ қалыптастыру жолында аянбай еңбек ете беретін боламыз», – дейді кеңес мүшесі.

Қазіргі таңда білім басқармасының қолдауымен облыстық Әкелер кеңесін құру жұмыстары қолға алынған. Ендігі кезекте өңірдегі 293 мектепте дәл осындай Әкелер кеңесін ашып, жұмыс ауқымын одан ары кеңейтуге иек артып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ

Қызылорда облысы