Алматыда 29 жастағы әйел екі баласының көзінше өз-өзіне қол жұмсады.
Алматыда екі баласының көз алдында асылып өлген әйел туралы көршілері шындықты айтты
10,362
оқылды

Келіншек өз үйінде орамалына асылып қалған. Куәгерлердің айтуынша, анасының суицид жасағанын 1 және 5 жасар кішкентей қыздары көріп, ештеңе түсінбей жылай беріпті. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Көршілері марқұм келіншек Қырғызстан азаматы екенін айтты. Олар келіншек күйеуінің озбырлығына шыдай алмай өмірімен қош айтысқан деп топшылайды. 

Мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, алдымен 5 жасар қыз терезеден жанұшыра айқайлап көмек сұрапты. Баланың жылаған дауысын алғаш болып аулада демалып отырған Нұргүл Әлікбаева естіген. Келіншек алып-ұшып пәтерге қарай жүгіріпті. Алайда үйдің ішіне кіргенде бәрі тым кеш болған. Ол өз орамалына асылып тұрған көршісінің жан тапсырғанын көріп, бірден полицияға хабарлаған. 

Куәгер Нұргүл Әлікбаева: «Бір кішкентай баласы жерде жылап жатыр екен. Үлкен қыз жүгіріп алдымнан шықты да «Маманы түсіріңізші, маманы түсіріңізші» деді. Мен түсірмедім. Полиция мен жедел жәрдем шақырдым. Күндіз тағып жүрген орамалы болған. Сонымен босағада асылып тұр екен. Аяқ-басы бәрі көгеріп кеткен. Тілі шығып кеткен. Мен түсіндім бәрі кеш екенін түсіндім...», – дейді.

Әйел Қырғызстан азаматы екен. Көршілерінің айтуынша, діндар күйеуі жұбайына күн көрсетпей, жиі ұрып-соғады. Жантүршігерлік оқиға болған «Мамыр-4» ықшамауданының тұрғындары марқұм зорлық-зомбылыққа шыдай алмай, өзіне қол жұмсауы мүмкін деп топшылайды. 

Көршісі Жібек Әменова: «Марқұммен жақын араласқан тұрғындар болды. Кеше олар осы отбасындағы барлық жағдайды баяндап берді. Олардың айтуынша, үш баланың анасы күйеуінен жиі таяқ жейтін. Ешкімге қақ-соғы жоқ әйел тігінші болып жұмыс істеген. Тапқан табысын да күйеуі қолына ұстатпайды екен. Марқұм хиджап киіп жүретін, күйеуінің қоғадай сақалы бар екенін көргенбіз», – дейді. 

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтауға кірісті. 

Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Алматы қалалық Полиция департаменті  аталған дерек Қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлайды. Әуезов аудандық ПБ-на қарасты полиция бөлімінің қызметкерлері 1994 жылы туған Б.есімді азаматтың не себепті қайтыс болғанын анықтап жатыр», – деді. 

Ал қара жамылған отбасының жақындары сұхбат беруден бас тартты. Марқұмның күйеуі қай жерде жұмыс істейтінін де ешкім білмейді. Оның бұл өлімге қандай қатысы бар екенін енді тәртіп сақшылары анықтайды.

Фото: видеодан скриншот