Астанада халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланды
2,884
оқылды

Құрылтайға қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Құрылтайда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланып, ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Құрылтайда ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады. 

Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында президент болып сайланды. Бұл аралықта бірлестік Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран» компаниясының демеушілігімен өнерсүйер ортада танымал Spotify қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында «Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды.

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.

Сондай-ақ құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеев кірді.

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақтілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және білігін жетілдіруге ниетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалады.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол – қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.

Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлының қоғамдық жұмыс, мемлекеттік қызмет пен кәсіпкерлік, дипломатия, журналистика, технологиялық бизнес саласында мол тәжірибесі бар. Ол 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметке дейін телекомпания директоры, Ресей Федерациясындағы Қазақстан елшілігінде бірінші хатшы, сондай-ақ «Хабар» агенттігінің Мәскеу бюросының жетекшісі болған. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «Халықаралық қатынастар» мамандығын тәмамдаған. РФ үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясынан MBA дәрежесін алған. 2010-2011 жылдары Гарвард университетінің Weatherhead Center for International Relations орталығының арнайы бағдарламасы бойынша білім алған. 

Рауан Кенжеханұлының бастамасымен интернеттегі қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту және оған қолжетімділікті арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асқан. 2011 жылы оның бастамасымен құрылған WikiBilim қоғамдық қоры «Қазақша Wikipedia» жобасын іске асырды. Екі жылдық жұмыс нәтижесінде уикипедиядағы қазақша мақала саны 7 мыңнан 200 мыңға дейін артты. Қазір қазақша уикипедия бөлімі айына 14-15 миллион рет қаралады. 

2014 жылы Рауан Кенжеханұлының ұйымдастыруымен қазақ тілі Google Translate жүйесіне қосылды.  

Сондай-ақ қазақ тіліндегі кітап қорын, соның ішінде көркем және ғылыми әдебиетті цифрлы форматқа өткізуге бағытталған KITAP – Қазақстанның ашық кітапханасы, студенттерге арналған OPEN_U – «Қазақстанның ашық университеті»  секілді ауқымды жобалар жүзеге асырылды. 

2017-2021 жылдары Р.Кенжеханұлы басқарған «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы  аясында әлемнің ең үздік 100 оқулығын қазақ тіліне аударып таратты. Сонымен қатар қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясын БҰҰ-ның 6 тіліне, Абай Құнанбайұлының шығармалар жинағы әлемнің 10 тіліне аударылып, әлемнің 100-ден аса еліне тарады. 500 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын OXFORD QAZAQ Dictionary (Оксфорд қазақ) сөздігі жасалды.

Фото: Фахрутдинов Р.