Жымпитыға барған сапа­рымызда Жаһанша Досмұ­хамедов пен Халел Досмұхамедов бастаған ала­ш­ордашылар үйіне арнайы соқтық. Бұл үй қазір «Алаш» музейіне айналған. Алаштықтар отырған үйде Жаһанша, Халел тұтынған заттар сақталған.
Дәметкен Сүлейменова: Жаһаншаның көлігі шағыл құмында қалған
4,535
оқылды

Екі қабат­тан тұратын үйдің тарихы тым әріде жатыр. Біз көрген-біл­генімізді, көңілге түйгенімізді бөлек жаза жатармыз. Осы сапарда Батыс Алашорда та­қырыбына қатысты алаш­танушы, ғалым Дәметкен Сүлейменованың көптеген зерттеу еңбектерін көрдік. Сөйтіп, елордаға келе салы­сымен Дәметкен апайды іздеген едік. Апаймен әңгіме­міз де Жымпитыдағы «Алаш» үйінен басталды.

– Алашорда тақырыбын сөз еткенде Шығыс Алашорданы кө­бірек қозғаймыз да, Батыстағы Жаһанша бастаған топ сырт қалып қоятын секілді. Мұның себебі неде? Әлде Батыс Алашорданы зерттеу­шілер аз ба?

– Астанаға көшіп келгеніме үш жылдай болып қалды. Алаш тақырыбына, Алашордаға қатыс­ты жиындарға жиі қатысып тұрамын. Сондай кездерде Әлихан, Ахмет, Міржақып есім­дері жиі аталады да, Батыс Алаш­орда, Ойыл уәлаяты, Жаһанша, Халел есімдеріне келгенде тым-тырыс, үнсіз қалып қояды. Был­тыр Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 135 жыл толды. Сол кісінің мерейтойын республика­лық деңгейде атап өтейік деп «Ақ жол» партиясы басшыларына хат жаздым. Ғылыми-практикалық конференциялар өткізейік деген ой болған еді. Ешқандай хабар да жоқ, ешқандай мәлімет те болған жоқ. Сол хат ескерусіз қалып қойды.

Жаһаншаның мерейтойы Оралда, өзі туған аймақта дүркіреп өтті. Түрлі іс-шара ұйымдас­тыр­дық. Флешмобтар өткіздік. Менің жолдасым да тарихшы. Өмір бойы Хамза Есенжанов туралы зерттеп келе жатыр. Ол кісінің есімін жақ­сы білесіздер. Әйгілі «Ақжайық» трилогиясының авторы. Қуғын-сүргін көрген кісі. Бұрнағы жылы «Алжирге» бардық. Сенесіз бе, музейде Батыс Алаш­ордаға қатыс­ты ақпарат мардым­сыз. Жалғыз Жаһаншаның суреті ғана тұр. Бұл тақырыпты зерттеп келе жатқа­ныма 27 жылдан асып кетті. 

5 монографиялық еңбек жаздық. Батыс Алашорда десе, үнсіз қала алмаймын. 

– Жалпы, Батыс алашорда­шылардың әйелдері «Алжирде» тұтқында болған ба? 

– Болған жоқ. Себебі бұлардың көпшілігі орыстан әйел алды. «Алжирде» тек Сейітқали Мең­дешовтің әйелі қамауда болған. Сейітқали Меңдешов – Бөкей Ордасынан шыққан адам. Ол кісі нағыз коммунист, Алашордаға қарсы болған. Сөйткен Сейітқали Меңдешов 1937 жылы «Халық жауы» болып ұсталып, 1938 жылы атылды. Қазақ мемлекетін құра­мыз деген Әлихан, Ахмет, Жаһан­шалар да 1937 жылы ұсталды. Олар да «Халық жауы» болып атылды. Міне, қараңыз: Кеңес үкіметіне қызмет еткен адам да жоқ, «оған қызмет етпейміз, Кеңес үкіметін мойындамаймыз, біз қазақ мемлекетін құрамыз» деген адамдар да жоқ. Сонда Кеңес үкіметіне бәрібір болып тұр­ғаны ғой. Оларды неге құртты? Себебі олардың бәрі өте білімді адамдар еді. Қазақта білімді адам болмауы керек сияқты. Өйткені қазақты мәңгүрт ретінде 70 жыл би­леп-төстеу керек болды. Сон­дықтан білімді, зерек, халықты соңынан ертеді-ау деген адамдар­ды шетінен құртып жіберді. Мысалы, Әбдрахман Әйтиев. Ол кісі негізінен Жаһаншаларды қолдаған адам. Оларды ұстап әкет­кен кезде де тірек болған кісі. Бірақ Кеңес үкіметіне қызмет етті. Сонысына қарамастан оны да «халық жауы» деп қуғындап, құртып жіберді. Кеңестік жүйенің саясаты – олар оқыған қазақты біріктірмеу керек екенін жақсы меңгерген. Сосын уақыты келген­де екі топты да жойып жіберді. 

– Батыста Жаһанша мен Халел деңгейінде қызмет атқарған, аты көп айтылмай жүрген алашорда­шылар көп болған секілді. Олар неге ұзақ уақыт зерттелмей қалды?

– Ондай адамдар өте көп бол­ған. Мәселен, Дәулетше Күсіп­қалиев. Арғы атасы – хан тұқымы. Сөйте тұра, 1917 жылы земствоны басқарады. Ойыл қаласында өткен Орал қазақтарының 2-ші съезінде оны земство басшысы етіп тағайындайды. Өте білгір дәрігер болған. Ханның тұқымы болса да, үрім-бұтағымен Алашқа қызмет етті. Бақтығали Бисенов – алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі. Орал қазақтарының төртінші съезінде, яғни 1918 жылы 18 ма­мырда Ойыл уәлаяты құрылды. Жеті мүшесі сайланды. Басшысы – Жаһанша Досмұхамедов. Заңгер, бірнеше тілді меңгерген, жанып тұрған адам. Қарапайым отбасынан шыққан. Жаһанша жасынан зерек болған, бес жасын­да атқа мінгізіп, ислам дінін қабылдатып, молдаға оқуға береді. Екі жыл молдадан дәріс алады. Одан кейін Оралда ашылған орыс-қазақ мектебінде білім алып, кейінірек әскери училищеге оқуға түседі. Сонда жүріп неміс, орыс, латын тілін меңгереді. Мәселен, Халел Досмұхамедов. Полиглот емес пе? Бірнеше тілде сөйлеп қана қойған жоқ, лингвис­тикалық син­гармонизм заңын ашып тұр. Ал өзінің мамандығы – дәрігер. Бұлар неге шетінен білімді болды? Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, білім беру жүйесі өте мықты дамыған. Патша үкіметі қазақтардың балаларын оқыт­пауға тырысқан. Соған қара­мастан сол жылдары Орал әскери-реалдық училищесінде 18 бала білім алған екен. 1903 жылы осы училищені Халел бітіріп шықса, 1905 жылы Жаһанша бітіреді.18 баланың бәрі стипен­дия алып отырған. Оның бірін руды, елді басқарып отырған сұлтандар төлеген. Екіншіден, бұлар Орал губернаторының стипендиясымен оқыған. Оларға бір емес, бірнеше стипендия төлеген. Қазір біз білімді, мықты студентке осындай жағдай жасай аламыз ба?

 Патша үкіметі кезінде қазақ балалары аз оқыған. Бірақ аз оқы­ғанымен, сол кездегі билер, сұл­тандар, ел басқарып отырған қа­зақтар зерек, оқимын деген бала­ларды өз қаражатымен оқытып отырған. Байлар байлық деп дүние жинай бермей, сол дүние­сінен инвестиция деп білімге ақша құйған. Өз баласына ғана емес, жоқ-жітіктің де балаларын оқытқан. Қазір қалталылардың балалары шетелдерде білім алуы мүмкін, бірақ қарапайым адам­дардың балаларының білім алуы­на мүмкіндік жоқ. Ол заманда бай-кедей деп қарамай, кім зерек, соған инвестиция құйған. 

– Жымпитыдағы Алашорданың батыс бөлімшесі отырған үйде Жаһанша бастаған топ қанша уақыт билік құрған?

–1918 жылдың мамырында Орал қазақтарының 4-ші съезінде Ойыл уәлаяты атты уақытша үкімет құрылды. Ойыл уәлаятын құрғаннан кейін олар бірден қа­зіргі мемлекеттік құрылым секілді жұмыс істеген. Ең алдымен терри­ториясын бекіткен. Ойыл уәлая­тының территориясына Торғай облысының бір бөлігі, Ақтөбе, Атырау, Орал өңірі кірген. Екін­шіден, телефон, телеграф байла­ныстарын ұстаған. Бұл туралы Жаһаншаның Дутовқа жазған хаты бар. Оны біз тауып алдық. Сол хатында: «Ендігі беретін бұйрықтарыңыздың барлығын тек Жымпитыға бересіздер. Оның басшысы – Жаңғожа Мергенов. Сол кісімен хабарласып отыры­ңыздар» дейді. Бұл үкімет қыр­күйекке дейін Ойыл уәлаяты деп аталған. Оны неге таратты? 1918 жылдың 8 қыркүйегінде Уфада уақытша үкімет басшыларының қатысуымен үлкен жиын өтеді. Оған Кеңес үкіметі ғана қатыс­пайды. Керенский, әскер – ақ гвар­дияшылар – Құрылтай жина­лысы комитеті (Комуч), Алашорда үкіметі мүшелері келеді. Үлкен құрылтайға жиылғандар «жаңа үкімет құрылады» деп ойлайды. Уфадағы жиында алашордалық­тарға тосынсый жасайды. Олар бірден «Алашорда үкіметін тарату керек» дейді. Осыдан-ақ олардың қазақтарға көзқарасы қандай болғанын байқауға болады. 1918 жылдың 11 қыркүйегі күні кешкісін Уфа қаласында төтенше съезд ашады. Осы съезде Алаш­орданың батыс бөлімі құрылып, Ойыл уәлаяты тарайды. Өзгелерге көз қылып, Ойылды таратады да, Алашорданы сақтап қалып отыр. Батыс Алашорданың жетекшісі қылып Жаһаншаны, оған көмекші болып Халел сайланады. Оған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Бірімжанов қол қояды. Батыс Алашорданың орталығы ретінде Жымпитыны таңдайды. Съезде бекітілген тағы бір мәселе – Батыс Алашорда кез келген жағдай туса, шешімді өздері қабылдай береді. Ол кез қиын-қыстау, аласапыран кезең. Азамат соғысы жүріп жа­тыр. Бір жағында Колчак үкіметі бар. Орынборды Дутов әскерлері басып алған. Орал казактары тағы бар. Кеңес әскері Колчакпен соғысып жатыр. «Орал – қақпа. Ресеймен шектесіп жатыр, сон­дықтан билік өз қолдарыңызда» дейді. Жаһанша, Халел бастаған батыс алашордалықтардың қызметі нағыз қайнаған соғыстың кезінде, елдегі саяси жағдайдың өте күрделі уақытында осылай басталған. 

– «Батыс Алашорда бөлініп кеткен» деген пікірлер де жиі айтылады. Неге? 

– Рас, «Жаһанша – Халел бас­таған Батыс Алашорда Әлихан бастаған топқа қарсы шығып, жеке бөлініп кетті» деген пікірлер айтылып келді. Бұл дұрыс емес. Себебі олар тарихи оқиғаны талдау керек. «Олар бөлініп кетіп, өз алдына мемлекет құрмақшы болды» деген жаңсақ пікір. Өйт­кені Әлиханның өзі қол қойып, Батыс Алашорданы құрып отыр. Әлиханның сөйлеген сөзіне дейін бар. Сол кездегі елдегі саяси ахуал­дың күрделігіне байланысты Әлихан Бөкейханов бастаған Алашорда үкіметі дұрыс шешім қабылдай білді. Себебі бұлар Ресеймен шекаралас жатқан ай­мақта Алашорда үкіметін құрып, қазақ халқының мал-мүлкін та­лан-таражға салмай, соны қорғап қалды. Жаһанша мен Халелдің Батыс Алашорданы құрғандағы қызметі өте күрделі жағдайда өтті. Олар тіпті Оралдағы ақ ка­зақ­тармен келісімшартқа отырады. Орынбордағы Дутовпен, Са­марадағы Комуч үкіметімен ке­лісімге келеді. Жаһанша Дос­мұхамедовке «Комучқа мүше бо­лып кір» деп айтқан. «Әуелі жағ­дайға қарай көрейін» деген сыр­ғытпа жауап қайырған Жаһанша кейін Батыс Алашорданы құрып алған соң Комучқа мүшелікке өтеді. Кейінірек бұл үкіметтің өзі тарқап кетеді. Алашорданың Батыс бөлімі Комучтан алатынын алып қалады. 600 винтовка, екі пулемет, 2 автомобиль алады. Қару-жарақ, ақшалай көмегі тағы бар. Алашорданың батыс бөлімін күшейту үшін қару-жарақ ауадай қажет еді. Мұны Жаһанша тиімді пайдаланды. 

– Дәл осы кезде Батыс Алаш әскері құрыла ма?

– Ақ казактың 25 офицерін өзіне келісімшартпен қызметке алады. Себебі қазақтар сайын далада еркін өскен. Олар мерген, аттың үстінде қылыш сермей біледі. Бірақ әскердің темірдей тәртібін біле бермейді. Жаһаншаға Алаш әскерін құру үшін олардың әдіс-тәсілін меңгеру қажет болды. Комучтан алған қару-жарақты игеру тағы бар. Сөйтіп, Алаш әскерін үйретуге ақ казактың офи­церлері көмекке келді. Жа­һан­шаның әскерін кім басқар­ғанын білесіз бе? Сабыр Сары­ғожин. Ол кісі Жымпитыда, яғни Қаратөбеде туған. Ол Мәскеуде император атындағы әскери академияны бітірген. Тілге өте жетік, әскери білімі күшті бол­ғандықтан, оны патша үкіметі елге жібермей, өзіне алып қалған. Соғыс болып жатқан аймақтың бәрінде Сабыр басқарып отырған. Алашорда үкіметі құрылғанға дейін патша үкіметіне қызмет еткен адам. 1918 жылы келіп, Батыс Алашорда әскерінің бас­шысы болады. Бір жыл жұмыс істейді. Бір жыл ішінде Алаш әскерін дайындап, сықитып сапқа қойып кеткен. Көрдіңіз бе, бұ­лардың бәрі шетінен білімді адамдар болған. 

– Неге бір жыл? Бір жылдан кейін Сарығожин қайда кеткен?

– 1919 жылы Сабыр Сары­ғожинді шетелге асырып жі­бе­реді. Жаһаншалар тықыр таянып келе жатқанын сезе бастаған ғой. Оны Кеңес үкіметінің аман алып қал­дырмасын білген соң шетелге асырып жіберген. Оның кейінгі тағдыры белгісіз. 1925 жылы Германияда қайтыс болған деген ақпарат бар. Ол кісінің ұрпағы Қаратөбеде тұрады. Ол туралы деректерді жақындары іздеп, таба алмаған. Алаштанушы Елдос Тоқтарбай бірде маған «Сабыр Сарығожиннің құжаттарын тап­тым» деген еді. Кітап шығарып жа­тыр екен, соған қосамын де­ген. Бізде 1919 жылға дейінгі құ­жат­­тары ғана бар. Одан кейінгі тағ­­дыры белгісіз. Жақын-жуық­тары елде қалған. Өзі жалғыз кетіпті. 

– «Батыс Алаш әскері екі мың­нан асқан» дейді. Әскер қатарында тағы қандай мықты азаматтар болды?

– Екі мың деген аз. Қазірдің өзінде екі мыңнан астам әскердің дерегін таптық. Бұл тақырып әлі жабық жатыр. Жалпы, Алаш әскерінің құрамы өте көп болған. 2000-нан астам адамның қанша тілектесі, ниеттесі болды. Соларға қызмет еткендер бар. Олардың бәрін алашордашылар деп құртып жіберді ғой. 

– Бір кездері Берік Әбдіғалиұлы Алаш әскерін зерттеп, арнайы жинақ та жариялады. Ол кітапқа Батыс Алаш әскері туралы деректер толық енді ме?

– Екі мың адам деп енгізілген. Ол бер жағы ғана, оның саны одан да көп екенін зерттеп, тауып жа­тырмыз. Болат Мүрсәлім де бұл тақырыпты зерттеп жатыр. Жаһанша Досмұхамедовтің әс­керін үйреткен, соған қызмет еткен Молданияз Бекімов деген кісі болған. Оралдың әскери учи­лищесін бітірген, кейін Мәскеуге оқуға түседі. Сабыр Сарығожин сияқты оны да патша үкіметі уы­сынан шығармай, өз әскеріне алып қалған. Оның да үрім-бұтағы Қаратөбеде тұрады. Бұл кісі Пушкиннің «Капитан қызын» қазақшаға аударған адам. Қазақ тілінде балаларға арнап, аңыз-әңгімелер жазған. Әскери адам болса да, бірнеше тілді жетік меңгерген. Бекімов те Жаһан­шаның әскерінде қызмет еткен. Кейінірек Кеңес үкіметі жағына шығып кеткен. Ол жаққа не се­бепті өтті, ол туралы мәліметтер жоқ. Кейін Қытайға жіберіпті. Қытайға кеткеннен кейінгі өмірі белгісіз. Өте тұйық адам болған. Тағы бір мықты азаматтардың бірі – Жаңғожа Мергенов. 2017 жылы электронды поштама қызық хат келді. Хатта: «Менің әкем Жаң­ғожа Мергенов. Мен сол кісінің баласымын. Қазір жағдайым ауыр, ракпен ауырып жатырмын. Менің әкемді тарихи ізденіс жолына түсіруіңізді сұраймын. Суреті болса, тауып берсеңіз, жақ­сы болар еді» делінген. Дереу ха­бар­ластым. Онкологиямен ауы­рып, ауруханада жатыр екен. Әкесі туралы шағын кітап шы­ғарыпты. «Сол кітаптың электрон­ды нұсқасын жіберем» деді. Кітаптың жартысы келді, жарты­сы жоқ. Жаһаншаның өзін қор­ғайтын 100 адамнан тұратын әс­кері болған. Жаңғожа Мергенов сол мобильді топты басқарып отыр­ған. Ол 1921 жылы қайтыс бола­ды. Алашорда тарқап, көп­шілік өз еркімен Кеңес үкіметі жағы­на шыққан уақытта Жаңғожа Мергенов еліне қайтып кетеді. Ол кісі қуғын-сүргінге ұшырамаған, ауырып қайтқан секілді. Баласы әкесі туралы деректерді өмір бойы іздеген. 

– Толық зерттелмеген Алаш қайраткерлері әлі бар ма?

– Алаш әскері, Алашорда мү­шелеріне қатысты жабық тақы­рыптар әлі бар. Мүлдем зерттел­меген тұлға да көп.Архивке жиі барам. Әсіресе, Орал архивінде жиі отырамын. Ол жақта Ай­намкөз деген мықты архивист қыз бар. Бірде Орал архивіне барғанымда Айнамкөз қолыма бір папканы ұстатты. Сыртында «1937-1940 жылдар аралығы, Ұлы Отан соғысы қарсаңындағы құжаттар» деп берілген. Ашып қалсам, ішінде ылғи Алаш әскері. Әдейі осындай керек құжаттың көбін басқа папкаларға салып жіберген. Ол папкаларды көп іздей бермейді. Оның ішінде жоқ деп ойлап, қарамай өтуің де мүмкін. Төрт кісінің дерегін жылдамдатып жазып алдым. Әйтпесе, көшіруге рұқсат бер­мейді. Ол адамдар туралы дерек­тер еш жерде жоқ. Міне, осындай қиындықтарға қарамастан Алашқа қатысты, Алаш әскеріне қатысты деректерді табуымыз керек. 

– Жымпитыға барған сапа­рымызда Жаһанша Досмұхаме­довтің көлігін көміп кеткені туралы дерек естідік. Ол көлікті әлі күнге дейін таба алмағанын айтады. Ол сіз айтқан Самарадағы әскер – ақ гвардияшылар (Комуч) үкіметі берген көлік пе?

– Жаһаншаның көлікті көміп кеткені рас. Ол Комучтан екі ав­то­мобиль алған. 1919 жылы қара­ша айында Жымпитыдан Ойылға көшеді. Ойылға көшіп, ұзақ тұра алмайды. «Қызыл әскер Ойылға келе жатыр» деген хабар жеткен соң желтоқсанның басында Жаһанша үкіметті Қызылқоғаға көшіреді. Кейін Кеңес үкіметі жағына шығады. Ойылға көш­кенде Жаһанша бір автомобиль­мен барады. Бір көлік қайда кетті? Майсақ деген Жаһаншаның атқосшысы болған. «Өте мұқият адам еді» дейді. Ол кісі соттал­ма­ған. Өмір бойы ешкіммен сөйлес­пей, біреуге тіс жармаған. Сол Майсақ өз ұрпағына: «Жаһанша бір автомобильді бүкіл құжатымен Шағылдың құмына көмді» деп айтып кетеді. Құм сусымалы, көшіп жүреді. Көшкен сайын автомобиль бата береді екен. Көлікті қалай көмген дейсіз ғой. Әуелі жылқыны сойып, киізді ішмайымен майлаған. Көлікті сол киізбен ораған. Жылқының іш­майына құрт-құмырсқа жоламай­ды екен. Сол көлікті әлі іздестіріп жатырмыз. 

– Көлікте қандай құжаттар болуы мүмкін?

– Жаһанша Досмұхамедов – заңгер адам. Өте білімді, стратег кісі. Кеңес үкіметі жойып жібере ме деген қауіппен маңызды құ­жат­тардың бәрін көлікке тыққан сияқты. Егер көлік табылса, біраз құпия құжатқа қол жеткізер едік.

– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 

Гүлзина БЕКТАС