Нәсібін жерден тапқан диқан қауымы мен ұн өндіруші диір­меншілердің қазіргі жағдайы мәз емес.
Берекесі кеткен бидай жыры
2,009
оқылды

Нарықта бидай бағасы тым  төмендеп кеткені шаруалардың шымбайына батып тұр. Алайда қысы-жазы дамыл таппай еткен еңбегі құр босқа кетіп, көк тиын құны қал­маған шаруалар шарасыз қалып, банкротқа ұшырауы мүмкін екенін айтып дабыл қағып отыр... 

Түйінді мәселе осыған дейін Пар­ламент пен Үкіметте де талай көтерілген. Нан бағасы шарықтап, әр өңірде 150, кей аймақта 180-200 теңгеден сау­даланып жатыр. Бірақ мемлекеттік ор­гандардың тарапынан жүгенсіз кеткен ба­ғаны бақы­лауға алып, тосқауыл қой­ғаны байқалмай­ды. Ұнның құны да қара­пайым тұтынушы­ның қалтасын қағып тұр. Бірақ астықты аймақтарда бидай бағасы тым төмен бағалануда. Бұл орайда Ресейден келетін контрабандалық астық­тың елімізге өтуіне қатаң тыйым салын­ғаны да есте. Бірақ аймақтағы шаруалар іс жүзінде бәрі де керісінше болып жат­қанына қапалы. 

Сарапшылардың деректеріне сенсек, күн сайын Ресей­ден мыңдаған автокө­лікпен ағыла жет­кізіліп жатқан арзан бидайдың сапасы қазақ бидайына қа­рағанда әлдеқайда төмен болғанымен, жергілікті шаруалар­ды шаш-етектен шығынға батырған. Қазіргі бағасы шамамен 60-65 мың теңге сомасында ғана саудаланып жатқан ресейлік бидай елдегі ұн өндіру­шілердің де жағдайын ушықтыра түскен. Ақмола облысы Атбасар ауда­нында ондаған жылдан бері ұн өндірумен айналысатын Динмагомед Асаев та бидай бағасының шектен тыс құлауының сал­дарынан ұн өндірісі мүлде тоқтап қал­ғанын ашына жеткізді. Оның айтуынша, бағаның төмендігінің салда­рынан мыңдаған тонна астық өнімдері құр босқа жатып, сапасын жоғалтуда. 

– Үкімет тыйым салғанымен, Ресей­ден Қазақстанға автокөлікпен бидай ағылып жатыр. Өйткені Ресейдегі бидай бағасы бізден де төмен. Оны өткен айда Ресейге шыққанда өз көзіммен анық көрдім. Ресейден келіп жатқан бидай мен ұн біздегіге қарағанда әлдеқайда арзан. Яғни, 60-65 мың теңгеден ғана сатылып жатыр. Баға төмен болғандықтан шаруалар минусқа кетіп, шығындарын жаппаса да бидайын осы 70 мыңның айналасында ғана сатуға мәжбүр. Бұл оны мүлде та­қырға отырғызады. Өйткені жанармай, қосалқы бөлшектер, тұқым басқа да қа­жеттіліктердің бағасы шарық­тап кеткен. Өз басым дәл қазір 8 вагон ұнымды өткізе алмай отырмын. Қазір алып кетсе, 8 мың теңгеден болса да сатуға әзірмін. Өз­бекстан, Тәжікстан, Ауғанстан сияқты елдің бәріне де еліміз­ден бидай мен ұн сату тиімсіз болып қал­ды. Бір жағы­нан, жергілікті вагондарды қым­батқа қойып, шаруалар мыңдаған дол­лар зиян шексе, екіншіден, шекара ар­қылы кеденнен өткізген кезде тағы сор­лайды. Сал­дары­нан, барлық астық өндірісі тұра­лап қалды. Тым құрығанда, шығында­рын жабуы үшін бидай 132 мың теңгеден сатылуы керек. Ал мұндай бағаны шаммен іздесең де таппайсың. Бірнеше ай бойы өз диір­менімді тоқтатып қоюға мәжбүр болып отырмын, – дейді Динмагомед Асаев. 

Д.Асаев бірнеше жыл ішінде ғана ұн өндіруші диірмендердің тұралап, тіпті мүлде жабылып қалғанын да жеткізді. Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын елде 128 диірмен болса, қазіргі күні 80-ге жуық қана диірмен жұмыс істеп тұр. Олардың өзі де бидай мен ұн бағасының арзан болуы салда­рынан зиян шегіп отыр. 

Астық өндіруші компаниялар да ас­тықтың арзандауы салдарынан бидайын өткізу қиынға соғып жатқанын жасырма­ды. Бұл орайда ресейлік бидай құнының төмен болуы мәселенің басты себебі еке­нін аграрлық шаруашылық серіктестіктері ашына айтады. 

Астрахан ауданында 11 мың гектардан астам егістік алқабына егін салатын Руслан Экажев те бағаның төмендігінен былтырдан бері бидайын өткізе алмай отырғанын алға тартты. 

– Расында да, бидайдың бағасы құл­дырап кетті. Ресейден жеткізілетін кон­трабандалық бидай еліміздегі астық өндірісін тұралатып барады. Былтырдан бері бір тонна бидайды да өткізе алар емеспін. Қымбатшылық қос өкпеден қысып тұрған қазіргі күнде диқан қауымы әбден қиналып тұр, – дейді Руслан Экажев. 

Өңірдің шаруа қожалықтары өнімдері бидай мен ұн, одан нан бағасының тө­мендеуіне ресейлік бидайдың ағылуы­мен қоса, басқа да факторлар әсер еткенін жеткізді. Мәселен, Қорғалжын ауданында егін егетін Бауыржан Әбілов шаруалар күні-түні киік күзетсе де, шығынға батып бара жатқанын жеткізді. 

– Ресейден бидайдың толассыз ағылуы елдегі тауар бағасын шектен тыс түсіріп жіберді. Қазір әрі кетсе 70-75 мың теңгеден бағаланып жатқанын естідім. Қазір сата қоятын бидайым да жоқ. Оның үстіне, биыл көктен иімей жаңбыр да жаумай кетті. 18 мамырдан бері жаңбыр болмады. Қатты ыстықтың салдарынан көп егін күйіп кетті. Өз басым 600 гектар егін ексем, соның тең жартысы күйіп кетті. Өнім биыл аз болатын түрі бар. Бір жағынан, киіктерден жапа шегіп отырмыз. Күні-түні киіктерді қуып егі­ні­мізді тап­тат­паудың амалын жасаймыз. Бірақ көп шаруашылықтың егінін таптап кеткені рас, – дейді Бауыржан Әбілов. 

Түйінді мәселені «Атамекен» кәсіп­керлер палатасы былтырдан бері бірнеше мәрте көтеріп келе жатқанын, бірақ Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәселеге қатысты нақты әрекет болмағанын айтады. 

– Ресейден келіп жатқан контра­бандалық бидайдың бағаны түсіргенін былтырдан бері көтергенбіз. Мәселе хат түрінде Ауыл шаруашылығы министр­лігіне де жолданды. Бірақ министрлік­тегілер бұл тек шаруалардың айтуынан іс жүзінде контрабандалық бидай жөнінде еш әрекет істей алмайтынын жеткізген. Өткен қыстыгүні бидайын өткізе алмай жатқан шаруалар болғанымен, қазіргі күнге палатаға ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Әр ай сайын комитетте жиын болғанымен, мұндай мәселе көтерілген жоқ. Тағы бір мәселе қазір көп егін жауын-шашынның болмауынан әрі қатты ыстықтың салдарынан күйіп кетті. Бұл алдағы егін орағы кезінде тағы көтерілетін мәселе болып тұр, – дейді «Атамекен» кәсіпкерлер па­латасы Ақмола облыстық филиалы дирек­торының орынбасары Гүлден Темір­ғалиқызы. 

Облыстық Ауыл шаруашылығы бас­қармасының мәліметінше, көктемгі егісте облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 5,2 миллион гектар алқапқа дән салған. Жоғарыдағы фак­торлардың салдарынан қанша әрі одан шаруалар қандай сападағы өнім алатыны қазірдің өзінде аса өткір мәселеге айналып отыр. 

Бұл орайда ел экономикасының не­гізгі драйвері ауыл шаруашылығының ора­сан шығынға ұшырап жатқаны Үкі­мет пен министрлікті қазірден бастап неге алаңдатпайтыны түсініксіз. Ша­руалар Ресейден ағылып жатқан арзан бидайға тоқтау болмайынша, мәселе ушыға бе­ре­тінін айтады. Сондықтан билік шекара­мыз­ды шегендеп, отандық ауыл шаруа­шылығы фермерлеріне қол­дау көрсетпесе, істің насырға ша­батын түрі бар.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы

© коллаж: Елдар Қаба