«Сәтті жұлдыз» лотореясы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бүгінге дейін 2,3 миллиард теңге аударды
«Сәтті жұлдыз» қайырымдылық жобаларына қолдау көрсетуде
674
оқылды

Ел тұрғындарының қаржылай сыйақы, көлік немесе пәтер ұтуына мүмкіндік беріп, қуаныш сыйлап жүрген ұлттық лоторея ұдайы қайырымдылық жасап, спорт, білім беру, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетеді. 

Биылдан бастап «Лотореялар және лоторея қызметі туралы» заң жаңа норма бекітті, оған сәйкес ұлттық лоторея «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына табысы мен сыйақы қорының арасындағы айырма соманың 10 пайызын аударуға міндеттелді. Айта кету керек, аталмыш норма күшіне енбей тұрып, 2022 жылы ұлттық лоторея бұл қорға ерікті түрде 101 миллион теңге бөлген болатын. Биылғы жылдың екі тоқсанындағы нәтиже бойынша «Сәтті жұлдыз» лотореясы «Қа­зақ­стан халқына» қорына 2,3 миллиард теңге аударды. 

Бұдан бөлек, жоғарыда аталған заңға сәйкес, ұлттық лоторея табысы мен сыйақы қорының арасындағы айырма соманың 10 пайызын денешынықтыруды дамыту ісіне бағыттайды, бұл салада қара­жат бөлуді реттейтін бірыңғай оператор – «Спорт қорына» бүгінге дейін 7,1 миллард теңге аударылды. 

Ұлттық лоторея Qazaqstan Barysy, Qazaqsha kures және тағы басқа әртүрлі спорттық шараларға және онымен айна­лысатын бірқатар ұйымдарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, биылғы маусым айында Астана қаласында Qazaqstan Barysy Grand Slam атты дзюдодан әлемдік турнир өтті. Аталмыш додаға дүниежүзінің 45 мемлекетінен 400-ден астам спортшы қатысты. Әлемдік және олимпиадалық рейтингтің бір бөлігі саналатын аламан жарыста беделді спорт саңлақтары ел намысын қорғады. 

Биыл ұлттық лоторея «Интел­лек­туаль­ный класс – конструкторы» әлеу­меттік жобасына қолдау көрсетті. Гиннес рекордтар кітабына есімі енген атақты қазақ­стандық спортшы Сергей Цы­руль­ников жасаған бұл бастама ауылды елді мекендерде интеллектуалды ойындарды дамытуға бағытталған. Басқа да танымал спортшылар, депутаттар, қоғам қайрат­керлері қолдаған жоба шеңберінде ашылған шахмат, тоғызқұмалақ сынып­тары жеткіншектердің, соның ішінде мүм­кіндігі шектеулі балақайлардың таным көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік береді. Еліміздің әр облысында 400-500 баланы және 200-300 ауыл тұрғынын қамтитын 10-15 кабинет ашу жос­парланған. Мұнда аптаның бес күнінде балалар мен жасөспірімдерге, ал демалыс күндері ересектерге дәрістер өтеді.

«Сәтті жұлдыз» Цырульниковтің тағы бір бастамасына қолдау көрсетті: «100 ауыл» жобасы ауыл мектептерін спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ бұл бастама шеңберінде ауыл жастарына әртүрлі шеберлік сыныптарын, ашық аспан астында спорт шараларын, мотивациялық дәрістер өткізу жоспарланған. 

Сондай-ақ ұлттық лоторея көпбалалы, аз қамтылған, мүгедек бала асырап отырған отбасыдан шыққан мектеп түлектерін қолдауға бағытталған білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Мәселен, жақында «Сәтті жұлдыз» еліміздің техникалық білім ордаларында оқуға мүмкіндік беретін 10 грант бөлді. Бұл бастама былтырдан бері жалғасып келеді.

Ұлттық лоторея ойынқұмарлықпен күресу мақсатында еліміздің тұрғын­дарына арналған «Жаңа өмір» жобасын жүзеге асырып келеді. Бұл бастама шең­берінде жыл бойы кәсіби мамандар елі­міздің аймақтарында құмар ойынға тә­уелді азаматтар және олардың отбасы­ларымен кездесіп, психологиялық көмек көрсетеді. 

«Сәтті жұлдыз» еліміздің эстетикалық топтық гимнастика федерациясымен бірлесіп, «Сұлу – бақытты балалық шақ мекені» жобасын дайындады. Мұнда ауылды елді мекендерде тұратын 6-10 жастағы қыздар гимнастика үйреніп, жаттыға алады. Сондай-ақ ауылды жерлерде жаттықтырушылар даярлау көзделген. Жоба аясында еліміздің дамушы үш аймағында 960 қыз бен 12 жаттықтырушыны қамту жоспары бар. Бағдарлама гимнастикаға қажетті құрал-жабдықтар, музыкалық аппарат, балаларға арналған спорт киімі, сондай-ақ, жаттығу методикасымен толық қамтамасыз етеді.

Ұлттық лоторея қайырымдылық мақсаттағы жобаларын жалғастыра береді. Жақын уақытта әлеуметтік маңызы бар жаңа бастамаларға қолдау көрсетпек. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілді қолдау және дамыту, «Дара» қорының зағип балаларды балабақшаға үйрету үлгісі дамытуға бағытталған арнайы жобасы – «Открываем мир: раннее развитие» бастамасын қолдау, Жекпе-жек өнері ассоциациясын, «Бақытты отбасы», Batyrs Battle’s жобаларын қолдау жоспары бекітілген. 

Асыл ТҰМАР