Атырау қаласына қарасты Талғайраң ауылында осыдан екі жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс көпқабатты үйлер әлі күнге дейін қаңырап тұр.
Баспана бас ауруға айналды
813
оқылды

Оған себеп – инфрақұрылымның жоғы. Қоғам белсенділері тіпті салынған үйлердің сапасы сын көтермейтінін айтуда. Мердігер компания әне-міне деп түлкібұлаңға салып жүргенде Атырау қаласының өзінде 29 мың тұрғын көрінгеннің пәтерін жалдап, үй кезегін күтіп жүр. 

Көпшіліктің ашуын туғызған жағ­дай­ға Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әділ Жұбанов та араласып, мә­селеге алаң­дап отыр. 

Депутат соңғы жылдары облыста тұр­ғын үй кезегінің баяу жылжуы және ке­зек­тегілер үшін әлеуметтік тұрғын үй құ­рылыстарының тоқтап қалуы тұр­ғын­дардың наразылығын тудырып отыр­ғанын айтты. 

«Қазір Талғайраң елді мекенінде құ­рылысы 2019 жылы аяқталған 24 тұрғын үй қаңтарылып тұр. Ол жерде 1 080 от­ба­сы орналасуы керек еді. Бірақ ин­же­нер­­­­лік-коммуникациялар толықтай жүр­гізілмеуі себепті 2021 жылы қол­да­ныс­қа берілуі тиіс үйлер әлі күнге дейін бос тұр», – дейді Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов. 

Депутат бұл жағдаймен әу бастан ете­не таныс болып шықты. 

«2018 жылы Атырау облыстық мәс­ли­хат депутаты болған уақытымда Тал­ғай­раңда көпқабатты тұрғын үйлер салу­ға қарсы екенімді, қажетті ком­му­ни­кация тартылмаған аумаққа жаңа ша­­­ғынаудан, әлеуметтік нысандар салу­ға болмайтынын айтып, мәслихат сес­сияларында қарсы шығып, бірнеше мәр­те хат та жолдаған болатынмын. Нә­ти­жесі өздеріңіз көріп отырғандай. Құ­рылыс жұмыстары жылдар бойы жал­ғасып, қазіргі жергілікті атқарушы орган қыз­метінің тиімділігіне тікелей әсер етіп отыр. Бюджет тапшылығы болған өткен жылдарда миллиардтаған қаржы осы шағынауданға коммуникация тартуға жұм­салып, күні бүгінге дейін аяқталмай келеді. Ең сорақысы, тұрғын үйге ке­зек­те тұрған адамдар баспаналы болуды жыл­дар бойы күтуде», – дейді Мәжіліс депу­таты Әділ Жұбанов.

Атырау қалалық әкімдігі бұл жағ­дай­дан хабардар. Шенділер инженерлік ком­муникация толық тартылып біт­кен­нен кейін «музейге» айналған үйлердің жыл аяғына дейін пайдалануға беріле­ті­нін айтты. Қазір бұл мақсатқа бюджеттен 3,1 млрд теңге бөлініп отыр. 

«Атырау қаласының құрылыс бөлімі» мем­лекеттік мекемесінің өкілі Нұрболат Бөлековтің айтуынша, бүгінде Атырау қа­ласына қарасты Талғайраң елді меке­нін­дегі, Спутник кентінде магистралды, ин­женерлік-коммуникациялық инф­рақұрылым құрылысы жүріп жатыр. 

«Бұдан басқа, Талғайраң елді ме­ке­ніндегі 24 бес қабат­ты үйде ішкі әрлеу жұ­мыстары жүргізілу­де», – деді Нұр­болат Бөлеков.

Атырау облысының әкімі Серік Шәп­кеновтің айтуынша, қазір Атырау қа­ла­сында 52 тұрғын үй салынуда. Биыл 10 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Ке­ле­сі жылы 32 тұрғын үй тапсырылады. Оның 24-і кезекте тұрғандарға беріледі. Бұ­дан басқа, өңірде халықты тұрғын үй­мен қамтамасыз етуге бағытталған «Аты­­­рау жастары», «Бақытты отбасы – Аты­рау» бағдарламалары іске асы­рылу­да. Де­­се де, үй кезегінде тұрған 29 мың адам­­ның сұранысын қанағат­тан­дыруға бұл құрылыстар жеткіліксіз бо­лып тұр. 

Тұрғын үй кезегінде тұрғандардан бө­лек «мұнайлы астанада» әлі күнге дейін апатты үйлер проблемасы өткір тұр. Қазір  облыста тозығы жеткен 112 көп­пәтерлі апатты үй есепте тұр. Оның 82-сі – Атырау қаласында. Қалғандары – ау­дандарда. 

Бұдан бөлек, құрылысы басталмай жатып тоқтап тұрған үйлер проблемасы атыраулықтарға жақсы таныс. Мәселен, Атырауда жүздеген үлескерден ақша жинап алып, үш жылдан бері құрылысы тоқтап тұрған бірнеше үй бар. 

«Атамекен Тұрғын Үй», Baisanat Residence және Saraishyq Invest Group коопе­ративтерінің үстінен қазір қыл­мыс­тық іс қозғалып жатыр. Жақында ғана «нарықтағы бағадан айтарлықтай ар­зан үй салып береміз» деген жарна­ма­мен 271 адамның ақшасын жинап алған «Ақмаржан» және «Жібек жолы» тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрылтай­шылары сотталды. 

«Егер қарапайым азаматтарға арнал­ған әлеуметтік тұрғын үйлер көптеп салынса, мүмкін алаяқ кооперативтерге алданушылар болмас па еді?! Мен Sarai­shyq Invest Group кооперативіне 6 мил­лион теңге ақшамды берген адам­мын. Анам екеуіміз бір бөлмелі ескі баракта тұра­мыз. Әкемнен қалған ескі үй анда-мын­да көшіп, пәтер жалдаудан пана бо­лып тұр. Бірақ уақыт бір орында тұр­майды ғой. Әлеуметтік үйлер көбірек са­лынса, арзандау үйді ипотекаға оңай рә­сім­деп алар едік. Енді, міне үй де, ақ­ша да жоқ. Тесік табақпен қалып отыр­мыз», – дейді баспаналы болудан әбден күдерін үзген Атырау қаласының тұрғы­ны Альберт Аманжолов. 

Ал жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрып, жаңа баспана кілтін сарыла күтіп жүр­гендердің жыры – өз алдына бөлек та­қырып. Шынайы картина сол, бүгінде Аты­рауда 29 мың «квартирант» тұрғын үй кезегінде тұр. 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА