Əкесімен жасты ер адамның жұбайы атанған 22 жастағы келіншек өзінің басынан өткен жайттар өзге қыздарға сабақ болғанын қалайды. Жансая 22 жасында үшінші рет тұрмысқа шыққан.
Анам екеуміз бір күнде босандық – 22 жасында 3 рет тұрмысқа шыққан қыз сұмдық оқиғалармен бөлісті
36,641
оқылды

Жансая бала кезден шешесі – Гүлсім мен өгей əкесі – Нұрлыбектің қолында тұрған. Үйінің үлкені, одан кейін 2 інісі, 1 сіңлісі бар (бір інісі Жансаяның өз баласы).

"Менің басымнан өткен жағдайды ешбір адамның басына салмасын", – деп жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан 22 жастағы Жансая өз əңгімесін бастады.

Бала кезде алқаш əкесінің қорлығын, анасының жылап өткен өмірін, аштықты, жоқшылықты көріп өскен Жансаяның алдағы өмірі де мұңға толы еді:

– Мен мектеп оқып жүргенімде Қордай ауылынан Алматыға жұмыс істеуге келген Арман деген жігітпен танысып, бірден ғашық болдым. Арман 1987 жылғы, менен 7 жасқа үлкен еді. Анам ол жігітпен кездесуіме бірден қарсы болды. Себебі, анам менің оқуға түсіп, мамандық алғанымды, сол мамандықпен жұмыс істегенімді қалады. Мен ол кезде анамның ол сөздеріне мүлде құлақ аспадым. Махаббат жылуына бөленіп, есімнен айырылған едім. Мен мектептен тыс уақытта балмұздақ сатып, тиын-тебен тауып, анама көмектесіп жүрдім. Жұмыс уақытында жасырын Арманмен де кездесіп алатын едім. Анам інімді менің артыма салып, бəрін біліп қойды. Сол себепті біз Арманның ауылына Қордайға қашып кеттік. Мен ол кезде жүкті едім. Өмірімнің азабы сол күннен басталды. Арманның үй-іші мені адам құрлы санамады. Таңның атысынан түннің батысына дейін сол үйдің суымен кіріп, күлімен шығатын едім. Ішімдегі баламмен бірге жайлауға барып мал бағатын болдым. Өзім сүйіп қосылған Арман да мені сыйлауды қойды. Күнде ішіп келіп, мені таяққа жығатын еді. Ешкімнің маған жаны ашымайтын. Есімнен танып, құлап қалсам да ешкім дəрігерге көрсетіп, емдетпейтін. Жатқан жерімде ауырып жата беретін едім.

Ең соңғы амалым анам еді. Оған қоңырау шалып, мені алып кетуін өтіндім. Ол кездері анам да жүкті еді. Екеуміздің босанар күніміз бір уақытқа түсіп, бір күнде босандық. Алматыдағы туыстарымыздың ешқайсысы менің жағдайымды білмейтін. Мен - ұл, анам - қыз босанды. Анам менің ұлымды өз атына жазғызып, бүкіл ауыл-елге анамның егізі болды деп жарияладық. Солай бəріміз бала кездеріміздегідей бір үйде бірге тұра бастадық. Мен ақылы оқуға түстім. Оқып жүріп Қарағандыдан келген Дарын есімді жігітпен таныстым. Дарын менің өткен өмірімнен мүлде бейхабар еді. Екеуміз біраз кездесіп жүріп, үйленетін болдық. Осылайша, мен екінші рет тұрмыс құрдым.

Дарын екеуміз алғашқыда пəтер жалдап тұрдық. Мен дүниеге тағы бір ұл əкелдім. Дарынның табысы пəтерақыға, біздің керек жарағымызға жетпей, өмір тапшылығын көре бастадық. Анам сол кезде тағы қол ұшын берді. Біз анамның үйіне барып тұрдық. Бірақ, Дарынның маған деген сезімі сөніп, балам екеумізді тастап кетті. Арада біраз уакыт өткен соң мен даяшы боп жұмыс істей бастадым. Сол уақытта қазіргі жұбайым Талғатпен таныстым. Талғат менің өгей əкеммен жасты, 1968 жылғы. Ол менің жұмысыма жиі келетін болды. Уақытты өткізбей екеуміз отау құрдық. Бірге өмір сүре бастадық, - деп əңгімесін аяқтаған Жансая өксігін баса алмай жылады.

Қазіргі жұбайымен бірге жүргенде ел-жұрт Талғатты Жансаяның əкесі деп ойласа, кейбірі қолын шошайтып, "масқара" деп бетін ұстайтындар да бар. Жастайынан тағдыр тауқыметін тартқан Жансаяға бұл өмірдің сынағы бітпестей көрінеді.

"Бір айтарым, бұл тағдырды ешкімнің басына бермесін. Əр басқан қадамдарыңызды аңдап басыңыздар демекпін. Жасым кіші болса да көрген қиындығым, қорлығым, аштық, жоқтығым көп болды. Анамның тілегін орындап, өзімнің құрбыларым сияқты оқу оқып, ел біліп, жер біліп, бəрін ақылмен істегенімде бұл халге түспес па едім, бәлкім", - деген Жансая өз қатарластарына мұндай қателікті қайталамай, қыздарды жеңілтек болмауға, өз ұятын сақтауға шақырды.