Жамбыл облысында ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырып алған. Орынбасар Көбеевтің техникасы үй іргесіндегі шағын шаруаға ыңғайластырылған, –деп хабарлайды "Хабар 24" телеарнасы. Оның техникасы қазір жер аударып, қи шығарып, басқа да үй шаруасына жарап тұр.
Жамбыл облысында ауыл тұрғыны шағын трактор құрастырып алған
1,459
оқылды

Орынбасар Көбеев Аса ауылында тұрады. Негізгі мамандығы дәнекерлеуші болса да, бақша егіп мал шаруашылығымен айналысады. Тұрғын «қыстыгүні төрт түліктің жем-шөбін тасып, қиын шығару едәуін қиындық тудырады» дейді. Сондықтан қора жайға сиятын трактор жасауды қолға алыпты. Ол трактор шанағын қалдық темірден құрастырып, бөлшектерін ескі көліктен алған.

"Ескі жигулиім бар етін. Ескі жигулиден шығарып тастаған заттар бар етін. Ступица, задний мост. Жигулидің 5 скоростты коробкасы бұл жерде тұрған. Базардан сатып алдым бұл моторды. Бұл жерде сатып алған заттар мына цилиндрлар. Металлоломнан барып қарастырып, мынау жарайды екен деп сол жерден жинастырып. 400 мыңның үстінде былай-былай есеппен сондай қаржы кетті. Ал егер бәрін сатып алып, бәрін жаңадан жасайтын болса, ол кезде 700-800 мыңдай ақша кетіп қалайын деп тұр", – дейді Аса ауылының тұрғыны Орынбасар Көбеев.

Ол техникаға "Барыс-86" деген атау берген. Өнертапқыштың сөзінше, салмағы 500 келі болатын мына шағын тракторды кез келген көлік айдап жүрген азамат басқара алады екен. Орынбасардың шағын тракторы 200 келіге дейінгі жүкті көтеріп, 2 тонна тартатын көлікті сүйрей алады. Бүгінде өнертапқыш өзінің шаруасын тындырып, ауылдағы ағайынға да қолғабыс етіп жүр.

"Көрші-қолаңдардың үлкен техника кіре алмайтын жеріне кіре алады бұл трактор . Сол жерде күл-қоқысы бар, қиы бар топырақтарын бір жерден екінші жерге ауыстып дегендей. Сондай жұмыстарды істеп көршілерге де өзінің де шаруа қожалығына көмегі тиіп жатыр. Былай қарасаңыз бір үйге керек техника деп ойлаймын өз басым", – дейді Жамбыл ауданының тұрғыны Фархат Балажанов.