«Жаз басталысымен халық арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындарға рұқсат етілген жерлерде ғана шомылу керектігі ескертіледі. Мамыр айынан бастап күнмен қатар су да жылиды. Сәйкесінше, түрлі инфекциялар көбейе түсіп, жұқпалы аурулардың артуына алып келеді. Әсіресе, ондай инфекциялар ашық су қоймалары мен субұрқақтарда көп. Рұқсат етілмеген жерде шомылу кезінде инфекция жұқтыру қаупі жоғары», – деді Сарқыт Бейсенова қалалық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Маманның айтуынша, шомылу кезінде адамдар энтеровирустық инфекциядан басқа, ішек инфекциялары және А вирустық гепатитін жұқтыруы мүмкін.
«Шомылу маусымы басталғалы екі астаналық рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, салдарынан серозды менингит жұқтырған. Былтыр осы кезеңде 6 адамнан серозды менингит анықталды», – дейді елорданың бас санитары.