Солтүстік Қазақстан облысындағы хай­уан­аттар бағында аюды тамақтандырмақ болған ер адамның қолын ампутациялауға тура келді. Дәрігерлер қазір оның екінші қолын аман алып қалу үшін күресіп жатыр.
Аю талаған адам қолынан айырылды
882
оқылды

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 30 маусым күні Қызылжар ауданы «Абакшино» демалыс аймағы аумағындағы хайуанаттар бағында болған. Аудандық полиция бөліміне ер адамға аюдың шабуыл жасағаны туралы хабарлама түскен. Жедел жәрдем бригадасы зардап шегушіге медициналық көмек көрсетті, содан кейін ол ауруханаға жатқызылған.

«Жедел-тергеу тобының қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтады. Зардап шеккен 43 жастағы ер адам 6 маусымда осы демалыс аймағына сынақ мерзіміне жұмысқа қабылданған. Оның міндетіне аумақты жинау және жануарларды азықтандыру кірген. Аталған факт Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді» делінген баспасөз хабарламасында.

Қазір істің барлық мән-жайларын зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, олардың нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.