Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында Қылмыстық кодекcтің 345-бабының 3-бөлігі («Абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы») бойынша А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот анықтағандай, 2022 жылы 8 қараша күні сағат 14:00 шамасында сотталушы А. Абылай хан көшесінің бойымен оңтүстік бағытта №98 автобусты басқарып, Абылай хан және Төле би көшелерінің қиылысында жол қозғалысы ережесін елемей, бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, Төле би көшесімен келе жатқан №201 автобуспен соқтығысқан болатын. Жол-көлік оқиғасының салдарынан №98 автобустың жолаушылары далаға ұшып кетті, жәбірленуші И. автобус астында қалып, алған жарақатынан қайтыс болды. Ш. және К. есімді екі адам әртүрлі дене жарақатын алды.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындаған жоқ, өзін ақтауды сұрады. Сот айыпталушының 3 кішкентай баласы барын және кінәсін жеңілдететін жағдайларды ескеріп, оны 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Сонымен қатар А. 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек, Ш. және К.-ның пайдасына моральдық шығын ретінде 2 млн теңге, Ш.-ның пайдасына 323 885 теңге материалдық шығын өндірілді.