Ұлт рухын ұлықтап, қайсарлық пен шындықтың, адалдық пен жанашырлықтың символына айналған дәуір дарабозы, қоғам және мемлекет қайраткері, тарихшы, этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков есімін іргелі білім қарашаңырағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне беру туралы шешім құнды әрі тарихи маңызға ие.
Құнды әрі тарихи шешім
1,171
оқылды

Бұл сәтті университет ұжымы ұзақ күтті. ОҚМПИ болып  қайта құрылған 2011 жылдан бастап елге еңбегі сіңген, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнерін дамыту жолында іргелі істер атқарған Өзбекәлі Жәнібековтің есімін оқу ордасына беруге байланысты мәселелер көтеріліп, түрлі іс-шаралар өткізілді, ұжым арасында үлкен қолдауға ие болды. 

2017 жылы педагогикалық институттың ғылыми кеңесінің шешімімен сол кездегі Білім және ғылым министрлігіне Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына Өзбекәлі Жәнібеков есімін беруді сұрап, хат жолданды.

Араға алты жыл салып, болашақ педагогтар даярланатын білім күмбезіне ұлт рухының шырақшысына айналып, мағыналы да мазмұнды ғұмыр кешкен, барлық өмірін қазақ халқының өсіп-өркендеуіне арнаған Өзбекәлі Жәнібеков есімін беру – жас ұрпақ тәрбиесі үшін де дұрыс шешім.

Жаңа Қазақстанды дамытуда қарқынды істер атқарып жатқан үкімет басшыларының бұл шешімі биылғы қабылданған сәтті шешімдерінің бірі екені даусыз. Қуанамыз. 

Келешекте Ө.Жәнібеков есімін иеленер ұстаздар ұстаханасы ОҚМПУ-мен бірге Ж.Тәшенев университеті ғылым мен білім, тәрбие саласында табысты да, жемісті жұмыс істей беретініне сенім мол. 

Оңалбай АЯШЕВ,

ҚР ҰҒА академигі, п.ғ.д., профессор

Ж.Тәшенев университеті 

Директорлар кеңесінің төрағасы