Ақмола облысының ондаған гидро­техникалық құрылымы мен бөгені сонау Кеңес заманынан бері еш жөндеу көрмеген. Тозығы жеткен су бөгендерінің бірсыпырасы әлде­қашан апаттық жағдайға жеткен.
Қорқыныш құшағындағы ауыл
3,693
оқылды

Бұланды ауданына қарасты Иванков ауылының тұрғындары бес жылдан астам уақыт бойы көктемгі су тасқы­ны кезінде ағын судың астында қала­мыз ба деген үреймен өмір сүріп келеді... 

Тұтас ауылды су басып кетуі мүмкін

74 үй түтін түтететін шағын ғана ауылда жалпы саны 182 адам тұрып жатыр. Осыдан аттай алты жыл бұрын ауылдың іргесіндегі Жолболды өзені тасып, өзенді жағалай қоныс тепкен Жағалау көшесін тұтастай су шайған. Баспаналарына дейін су кіріп, шығынға белшесінен батқан тұрғындар аудан мен облыс әкімдіктеріне дейін барып, апаттық жағдайдағы бөгенді жөндеуді сұраған. Бөгеннің мүшкіл жағдайын көрген жергілікті билік пен құзырлы органдардан құрылған комиссия оны апаттық жағдайда деп танып, келер жылы жөндеу жұмыстарын бастайтынын мәлімдепті. 

Алайда содан бері арада алты жыл өтсе де, бөген басында шыбық басы сынбаған. Одан сайын жан-жағын су шайғандықтан, топырағы мүжіліп, үңірейген апанға айналып, ауыл тұрғындарының алаңын көбейтіп тұр. Биылғы көктемгі су тасқыны бөгенді мүлдем жарамсыз күйге түсіріпті. Тұрғындар билік енді жөндеу жүргізбесе, келер жылы тұтас ауыл сумен қоса ағып кететінін айтып зар илеп отыр. 

– Бөгеннен мүлде су өтпейтін күйге жетті. Су ешқайда кете алмайды. Бөген үш-ақ сағат ішінде толып қалады. Суды ұстап тұра алмайды. Ал Жолболды өзеніндегі судың көлемі ауылды түгелдей басып қалуға жетеді. Біздің Жағалау көшесі тіпті адамдарымен қоса суға ағып, мүлде жоқ болып кететіні анық. Олай болса біздің барар жеріміз де жоқ. Өзеннен асып өте алмаймыз. Өткен көктемде бөген мүлдем жарамсыз жағдайға жетті. Су бөгеннен асып, ауылдың көшелерін тұтастай су басты. Ал келер жылы тұтас ауыл сумен қоса ағып кететін шығар. Бірақ жыл сайын құрғақ уәдені үйіп келе жатқан билік органдары бұған еш назар аударар емес, – дейді Наталья Улинич есімді Иванков селосының тұрғыны.  

Ауызсудан да құралақан қалған...

Тозған гидротехникалық бөгеннен бөлек, ауыл жұртын алаңдататын мәселе шаш етектен болып шықты. Елді мекен жылдар бойы ауызсудан да таршылық көріп келеді. Су ауылға 30 шақырым қа­шық­тықтағы Журавлев селосынан жергі­лікті «Иванков НС» ЖШС-ның күшімен аптасына екі-ақ рет жеткізіледі екен. 

Ауылда су құбырлары жоқ та емес. Сонау кеңес заманынан кейін  90-жыл­дар­дың басында ауылға құбырлар қазылып, су айдау мұнарасы да орнатылған. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, құбырлар тартылғанымен, сол күйі еш игілікке жарамай, ұмыт қалған. Қазылған құбырлар жердің астында іске алғысыз болып шіріген күйі қалып қойыпты. Тұрғындар биліктен ауылға тым құрығанда бір су ұңғымасын қазып беруді сұраған. Бірақ «баяғы жартас – сол жартас». 

Сондай-ақ бұл ауылда интернет те, тіпті көшелерде орнатылатын жарық шамдар да жоқ.  

– Ауыл іс жүзінде күре жолдың жа­нында тұрса да, мұнда ұялы және интернет бай­ланысы атымен жоқ. Әркім өз шамасынша байланыс күшейткіштерін са­тып алып, сыртқы әлеммен байланыс жасауға әрекет еткен болады. Аудандағы барлық ауылда көшеге жарық орна­тылғанымен, біздің ауылды бұл жақсылық та айналып өтті. Көшелер тас қараңғы. Қазір ауылда жастар да жоқ. Жұмыс жоқ әрі осындай қарапайым қажеттіліктер болмаған соң жастар ауылға келмейді. Соның салдарынан мектепте 20 шақты ғана бала қалды. Енді оны да жауып, бастауыш мектеп қылып тастамақ. Ал мектеп жабылса, ауыл мүлдем құрып кетеді. Ауылда жаңадан көпір салынған. Биліктің айтуынша, оған 45 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бірақ сонша көлемдегі ақша салынбағаны анық көрініп тұр. Көпір өте төмен орналасқан, – дейді Иванков ауылының тұрғындары. 

Әкімдік әзірге асығар емес

Ашынған ауыл азаматтары биліктің назар аударуын сұрағанымен, жергілікті биліктің мәселені жуық арада шешетін түрі көрінбейді. Ауыл халқының үрейін алған бөгенді жөндеуге аттай алты жыл уақыт ішінде бірнеше мәрте әрекет жасалған. Бірақ одан, өкінішке қарай, түк нәтиже болмағанға ұқсайды. Мұны Бұланды ауданы әкімдігі ұсынған ресми мәліметтен ұқтық.

2018 жылдың 19 шілдесінде Иванков бөгеніне шолу жасалып, оның апатты жағдайда екені анықталған екен. Сол жылдың қазан айында «Гидротехпроект» Қарағанды филиалының инженер-гидротехниктері су қоймасына техникалық сараптама жасаған. 2019 жылдың қаңтарында сараптама қорытындысы шығып, онда Иванков су қоймасындағы апаттық жағдайдың алдын алу үшін шұғыл әрекет жасау қажеттігі туралы техникалық есеп те алыныпты. Сол жылғы сәуірде Ергөл ауылдық округі әкімдігі «Көкшетау горсельпроект» ЖШС-на жобалау жұмыстарының сметасын әзірлеп, одан әрі күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Бірақ бұдан кейінгі үш жыл бойы мәселе сол күйі ұмытылған. 

«2021 жылдың қыркүйегінде бөгендегі апаттық жағдайға байланысты төтенше жағдайды болдырмау мақсатында тасқын суды транзитті түрде өткізу туралы техникалық кеңес құрылған. Кеңес жиынында Жолболды өзенінің ескі арнасын ашып, Иванков бөгенінде тасқын суды өткізуге шешім қабылданған. Ол үшін ұзындығы 620 метр, ені 4 метр және тереңдігі 1 метрден 2,5 метрге дейінгі су бұру каналы салынған.  Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметіне сәйкес, Иванков бөгенін күрделі жөндеуге жоба жасалған. Жобалаушы – павлодарлық «Биосфера» ЖШС. Қазір кешенді сарап­тамадан өтуге құжаттамалар әзірленіп жа­тыр», – делінген Бұланды ауданы әкім­дігі ұсынған ақпаратта. 

Яғни, жергілікті билік дерегіне сенсек, арада 5 жыл өткенде ғана мемлекеттік сатып алу порталында 4 656 250 теңге сомасына Иванков бөгенін күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасау туралы №4249581-2 хабарландыруы ілінген. 

Әкімдік ауылдағы ауызсу мәселесін шешуге бюджетке өтінім бергенін айтып ақталды. Бірақ қашан қаражат берілетіні әлі беймәлім. Интернет тартуға халық санының аздығы «кедергі» болған көрінеді. Ал көшелерге жарық орнату мен көпірді қалпына келтіру бүгін бітетін іс емес сияқты. 

Бұланды ауданының құрылыс бөлімі былтыр Ергөл ауылдық округіндегі Иванков селосы су құбыры желілерін қайта құру жобасы бойынша оң қорытынды алып, жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Жоба құны 496 181 миллион теңгені құрайды. Қазір салалық басқармаға бюджеттік өтінім беріліпті. Иванков ауылында ұялы байланыстың тұрақты жұмыс істеуі үшін байланыс операторларының базалық стансасы қажет. Бірақ Бұланды ауданындағы байланыс өкілдерінің ауыз-екі әңгіме­сіне сенсек, халық санының аз болуы себебінен ешқандай байланыс операторы бұл істі қолға алуға құлық танытпайды. Иванков ауы­лына кіреберістегі көпір бюджет қар­жы­­сына 2015 жылы жүргізілген. Қайта жөндеуге қаржы бөлу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасау қажет. Іс-шара­лар жоспарына сәйкес Иван­ков селосында көше жарығын орнату 2024 жылға жос­парланған. Әкімдіктің ресми жауабы осындай.

Жобаны желеу етіп, жылдар бойы еш қарекет қылмаған жергілікті биліктің сылбыр ісі халықтың өміріне қатер төндіріп тұр. Ауылдағы басқа мәселелерді айтпағанда, келер көктемде ағын судың астында қалмауы үшін қажетті шараларды бүгіннен бастамасақ, ертең сан соғып қалмасымызға кім кепіл?!

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы