Музыкалық жас көрермен театрында «Гауһартас» қойылымы бес айда 65 рет сахналанды және осынша рет аншлагпен өтті.
Беу-беу, «Гауһартас»...
1,496
оқылды

Сонда да билет таппаған халықтың қарасы қалың. Көрерменнің көзайымына айналған спектакльге бірнеше ай бұрын орын алып қоятындар да бар. Бұл – шығарманың өміршеңдігі мен қойылымның құдіреті. 

«Ажарың ашық екен атқан таңдай,

Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай.

Анаңнан сені тапқан айналайын,

Күлім көз, оймақ ауыз, жазық маңдай»,

– деп басталатын әйгілі «Гауһартас» әнін көпшілік жақсы біледі. Бұл – жазушы Дулат Исабековке көркем шығарма жазуға себеп болған, шабыт сыйлаған ән. Бұл – сұлулық пен нәзіктіктің символына айнал­ған жыр. Осы әннің лейтмотивімен көркем проза, прозадан көркем фильм дүниеге келді. Екеуі де көзі қарақты оқырманның көкейінде сақталып, қазақ классикасы ретінде тарихта қалды. Ал биыл көркем шығарма спектакльге айналды. Динамика мен диалог қатар өрілетін театр сахнасында «Спектакль жаңалық әкеле қояр ма екен?» деп күдікпен қарадық. Бірақ күдігіміз бекер болыпты. «Гауһартастың» сахналық нұсқа­сын жасаған әрі қойған режиссер Асхат Мае­ми­ров шығармаға екінші өмір сый­ла­ды. Әнмен әрленіп, хореографиямен үйлескен қойылым түпнұсқадағы мәтіннен ауытқымаған. Әр қойылған сайын пре­мьера­дағыдай көрерменді өзі қарсы алып, алғы сөз айтып жүрген режиссер үшін бұл спектакль бұрынғылардан өзгерек болса керек. 

– «Гауһартас» 15 ақпаннан бастап, бүгін 65-рет қойылып отыр. Бұл шығарманы Дулат Исабеков ағамыз 1967 жылы 25 жасында жазған екен. 25 жастағы жігіттің өмірлік ұстанымы, көзқарасы, махаббат пен бақыт хақындағы ойы шығармаға арқау болады. Спектакльді театрымыздың 25 жастағы актерлері ойнайды. Сондықтан да образдар қыз-жігіттердің жан-дүние­сімен рухтас. Бұл қойылыммен біз қазақ шаңырағының негізін бақыт пен махаббат сынды аяулы ұғымдар құрайтынын айт­қымыз келді. Сондықтан әр отбасы бақыт пен махаббатты көзінің қарашығындай сақтауы керек. Спектакльді Нұрғайша апа­мыздың рухына арнадық. Себебі қойы­лымда Дулат ағамыздың аяулы жарына деген мөлдір махаббаты жатыр, – дейді режиссер Асхат Маемиров. 

Қойылым көрерменді жетпісінші жылдарға жетелейді. Қыр ішінде жалғыз үй болып, қой баққан шопандардың отбасындағы күйбең тірлікке куә боламыз. Оқиға желісі отбасының кенже баласы ақынжанды Қайыркеннің баяндауы арқылы өрбиді. Әке мінезінің қаталдығы, ананың шексіз мейірімі мен ағаның қыңырлығы бәрі-бәрі осы шаңырақта кездеседі. Тек Қайыркен ғана жақсы күндерден үміт үзбейді. Бұл отбасының бұлт арылмайтын бұлыңғыр өміріне Салтанат «күн» болып, қуаныш әкеледі. Тойға дейін небары 3-ақ рет көрген күйеуі Тастанды да жігіттік болмысы мен жігерлігі үшін шын сүйеді. Қайнысы Қайыркенге де жеңгелік мейірімін көрсетіп, сырлас болады. Бірақ Салтанаттың еркелігі мен еркіндігін Тастан бағалай алмайды. Өйткені Тастанның көзін ашқалы көргені – қой мен кең дала. Көкпар мен Күрең аты­нан басқаға елжірей қарамайды. Спек­такльді тамашалап отырып, Тастанның бойындағы қаталдығына кінә арта алмай­сың. Себебі ол кезде заман сондай болды. Адами құндылықтар мен отбасы бақыты көп жағдайда ескерілмейтін. Салтанат күйеуінің жүрегіне жол табамын деп қолы­нан келгеннің бәрін жасайды. Бірақ Тастан­ның тас жүрегі Салтанаттың қадірін тым кеш түсінеді. 

Салтанаттың образын сомдаған ак­три­са Инабат Ризабекова қазақ келінінің бар жақсы қасиетін көрсете алды. Оның жанды дауыста шырқаған «Гауһартасы» залда отырған әрбір көрерменнің жүрегіне жетіп, фильмдегі Салтанаттың сахнадағы жанды бейнесімен тұтасып жатқандай көрінді. Ал Қайыркенді Дінислам Нұрмағамбетов сомдады. Дінисламның кейіпкер образын ашқаны соншалық, қойылымның соңына дейін көрермен актердің арманымен бірге өмір сүрді. Онымен бірге сан алуан күйге енді. Тастанның бейнесіндегі Оразалы Игіліктен сөзге сараң, бірбеткей, дөрекі, көкпар десе ішкен асын жерге қояр қатыгез адамды көрдік. Спектакль біткенше Тастан­ның тура жолға түскенін күттік. Қойылымда әрбір басты бейнеге актерлер құрамын таңдауда режиссердің қателес­пегенін байқадық. Тек әкесі Тұрымбеттің рөліндегі Қазбек Есқара көрерменін сендіре алмады. Жас актердің алпыстағы ақсақалдың тереңдігі мен қарттығын көрсетуге мүмкіндігі жетпеген де шығар. Ал ана бейнесіндегі «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар – өз образын бұрыннан бері жеткізе орындайтын актриса. Бір қызығы, Тастан мен Салтанат образындағы Оразалы Игілік пен Инабат Ризабекова – шынайы өмірде де ерлі-зайыпты жандар. Бұл да қойылымның шынайылығын арт­тыра түскендей. 

– Спектакльді көріп отырып көзіме қан­ша рет жас алдым. Сценарийді оқып шыққаннан кейін қалай шығар екен деп ойладым. Жазу деген бір басқа, сахнаға шығару деген бір басқа. Қойылымдағы хор, ән – бәрі өте орынды. Режиссер бәрін орын-орнымен пайдаланған. Оркестрдің өзі маған қатты ұнады. Тып-тыныш, сали­қалы, жай ғана өнер көрсетті. Салтанаттың рөлі маған ерекше әсер етті. Бірде-бір актер бос жүрген жоқ. Әсіресе, Қайыркенді ойнаған актер рөлге кіріп кетіп, толығымен шығармамдағы Қайыркенге айналды. Бү­тін­дей алғанда, спектакль өте жоғары дәре­жеде шықты, – деді жазушы-драматург Дулат Исабеков. 

Жастардан жиналған труппаның жас­тық жігері мен музыкалық, пластикалық қарым-қабілеті де көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Көк­тем келер», «Сағындым ғой», «Жеңе­ше-ай», «Келші, айым», «Құстар қайтып бара­ды» сынды біраз халық әндері мен халық билері спектакльдің динамикасын арттыра түскендей. Кинода Салтанат тірі қалады. Ал көркем шығармада Салтанат толғақты көтере алмай, өмірмен қош айтысады. Спектакль көркем шығарма ізі­мен өрбіп, Салтанаттың қазасымен аяқ­талады. Осы сәттегі Қайыркеннің жоқтауы, Тастанның жын ұрғандай күйге енуі – бәрі-бәрі ерекше үйлесім тапқан. Залда Салтанатпен жылап қоштаспаған көрермен қалмады...

Көктем ҚАРҚЫН