Алматыда жол ережесін сақтамаған автобус жүргізушісі сотталды.
Алматыдағы автобус апаты: сот үкімі шықты
1,041
оқылды

Алматыда автобус апатына қатысты атышулы істің соңғы нүктесі қойылды. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп, қайғылы оқиғаға кінәлі деп танылған 98-автобустың жүргізушісіне 2 жарым жыл жаза кесілді. Енді 5 жыл көлік жүргізуге құқығы жоқ. Бұл туралы Aikyn.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.  

Айыпталушы тарап мұндай шешіммен келіспеді. Сондықтан, апелляциялық шағым түсірмек. Екінші жүргізуші істе куәгер ретінде жауап берген. 

Судья Қайрат Иманқұлов: «Әбсадықов Абдул-Хади Жамаладинович ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған аталған бап бойынша 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, 5 жыл мерзім көлік жүргізу құқығынан айырылсын. ҚК 46-бабының 5-бөлігіне сай жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемесінде өтеу белгіленсін», – деді. 

Сондай-ақ, судья сотталушы мен «City Bus» тасымалдаушы компаниясынан жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығын ретінде 4 млн 323 мың теңге өтеуді міндеттеді. Тергеу мәліметінше, 98-автобустың жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған қызыл түсіне өтіп, өзге қоғамдық көлікті қаққан. «Жол ережесін бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан іс-әрекет» бабы бойынша кінәлі деп танылған Абдул-Хади Әбсадықовтың өзі кесілген үкіммен келіспейді. 

Сотталушы Абдул-Хади Әбсадықов: «Мен түсінер едім екі жақты кінәласа. Бұл жерде таза бұрмалаушылық болып тұр деп есептеймін. Мен қызылға өткен жоқпын. Ол анық. Интернетте де телевизорда да көрсетілген. Анық көрініп тұр...», – дейді.

Екі автобус соқтығысқан апатта 98-автобуста тағылымдамадан өтіп жүрген бір азамат қаза тапты. Оны автобустар соқтығысқан сәтте 201-автобус жаншып өткен. Қайғылы оқиға күні марқұм 98-қоғамдық көліктің бағытымен танысу мақсатында жүргізушінің жанында тұрған. Алайда тағылымдамадан өтіп жүрген азамат сол күйі жұмысқа орналаса алмай кетті.