Жетісу облысы табиғатының кереметтігі туралы елдің бәрі біледі. Жерге шыбық шаншысаң, бәйтерек болып өсетін өлкеде еңбек ете білген жанға қажетті жағдайдың барлығы бар.
Тәтті балдың таусылмас қоймасы
1,035
оқылды

Төрт түлікті түлетуге де, егін өсіруге де, орман-тоғайдың пайдасын көруге де, балық шаруашы­лығының бабын келтіруге де болатын аймақта ерекше кәсіппен нәпақа табатын жан көп. Солардың қатарында Арқас Алатауы орналасқан Алакөл ауданының Үйгентас аймағында ара шаруашылығын өрістетіп жүрген азаматтарды атап өткеніміз артық болмас.  

Жақында ғана осы салада еңбек етіп жүргендер балдың өзін ғана емес, басқа да ара өнімдерін сатып алуға болатын алғашқы бал шайқау тақырыптық фестивалін ұйымдастырды. Игілікті іс-шара көркіне көз тоймайтын Лепсі ауылында өтті. Тау қойнауындағы елді мекеннің тұрғындары үшін ара шаруа­шылығы – негізгі кәсіп түрі және осы жерде өндірілген Лепсі балы шетелде бұрыннан танымал отандық брендке айналған. Облыста бірінші рет өткізілген «тәтті» мерекеге 100-ге жуық адам қатысты. 

Фестивальды «Лепсинск.PRO» ЖК басшысы, Лепсі ауылындағы туризм амбассадоры Камилла Вишнякова ұйымдастырып, оған Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығы көмек көрсетті.

– Лепсі ежелден өзінің дәмі тіл үйі­ретін, шипалылығымен ерекше­ленетін балымен белгілі екенін ел-жұрттың бәрі біледі. Заманында «патша­ның дастарқа­нына қояр балды осы жақтан апарған» деген әңгімелер әлі күнге айтылады. Ауылдағы әрбір отбасы дерлік ара шаруа­шылығымен шұғыл­данады деуге болады. Біздің отбасымыз да осы кәсіпті жолға қойды. Менің әкем Марат Мах­мұтұлы – тәжірибелі омарта­шы. Ол осы­нау іспен 12 жасынан бастап, яғни жар­ты ғасырға жуық уақыт бойы айналы­сып келеді. Сондықтан туған өл­кем­нің туристік мүмкіндіктерін насихат­тай отырып, ата-бабасынан бастап 160 жылдан астам уақыт бойы бал өн­діру­мен айналысып келе жатқан жерлес­терімнің өмірінің осы бір аса маңызды бөлігін назардан тыс қалдыра алмадым. Бұл фес­тиваль дәстүрге айналады деп сене­мін және маусымдағы алғашқы бал шай­қау іс-шарасын біз жыл сайын кеңінен атап өтеміз, – дейді бізбен пікір бөліскен ұйымдастырушы К.Вишнякова.

Шарапатты шара барысында саты­лым­дағы өнімнің бәрінің алдын ала дәмін татып көру мүмкіндігі жасалды. «Лепсі өнімі» ЖШС өкілдері де белсенді қатысып, бал өнімдерінің кең ассорти­ментін, сондай-ақ бал қосылған табиғи косметиканы ұсынды. Мереке қонақ­тары тау шөптерінен жасалған табиғи шаймен шөлін қандырды. Сонымен бірге әртүрлі шеберлік сыныбы өткізілді. Ара балауы­зынан шырақтар жасалып, фотосессия ұйымдастырылды. Ниет білдірушілер ара ұяларынан бал шайқау барысын өз көзі­мен тамашалау үшін омартаға экскурсия жасады, енді бірі атқа мініп серуендеді. Фестивальда ойын бағдарламасы және концерттік нөмірлер көрсетілді. 

– Бүгін біз жаңа өнімдерімізді жұрт назарына ұсындық. Биыл біздің кәсіп­орынның технологтары құрамында тау шөптері, жергілікті жеміс-жидек бар шайдың 4 түрін әзірледі. Денсаулыққа пайдалылығы мен дәмінің үйлесіміне баса назар аударылады. Айтпақшы, фестивальға қатысушылар ішкен шай біздің рецепт бойынша жасалған. Біз әрбір өнімнің құрамын аса мұқият зерттейміз. Табиғи косметика, оның ішін­де сабын өндіруді жалғастырып жа­тыр­мыз, қаптамасын да өзіміз әзірледік. Мұндай имидждік тақырыптық іс-шаралар жергілікті халыққа қажет, өйткені Лепсіні денсаулыққа аса пай­далы балдың таусылмас қоймасы деп айтуға болады. Жергілікті жастардың өкілдері ұйымдастыруға атсалысып, белсене қатысқаны қуантады. Олардың білім алып, туған өлкеге оралып, жер­лестерін қолдауға және өлке экономи­касын дамытуға күш салары анық. Жалпы, мұндай іс-шаралар өңірдегі туризмді дамыту, халықты жұмыспен қамтып, еңбек адамын қалыптастыруға оң ықпал етері анық, – деп түйіндеді «Лепсі өнімі» ЖШС директоры Фархат Әбузяров.

Болат АБАҒАН,

 Жетісу облысы