Өскеменнің Согра кентінде он шақты мұсылман христиандар зиратына жерленген. Бұл туралы «Дидар» газеті жазды.
Өскемен маңындағы ауылда мұсылмандар христиандардың зиратына жерленіп жатыр
3,316
оқылды

Согра кентінің тұрғындары мұсылман зираты мен мешіт құрылысына жер бөлуді сұрайды. Өмірден өткен он шақты мұсылман баласы христиандардың зиратына амалсыз жерленген. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен кездесу кезінде согралықтар кенттің маңында мұсылмандарды жерлейтін зираттың жоқтығын айтып, оған жер беруді өтінді.

«1977 жылдан бері осы жерде тұрамын. Мен Согра, Арматура, Радужная кенттері тұрғындары атынан келіп тұрмын. Бізге мұсылмандар зиратына жер керек. Ахмер, Меновное, Аблекетка аудандарындағы зират жабылды. Горняктағы зират бізден шалғай әрі оның қызметін әркімнің қалтасы көтере бермейді. Ана жолы он мұсылманды амалсыз орыс зиратына жерледік», – деді Жомарт есімді ақсақал.

Ол кісі өздері қай жерді таңдап қойғандарын да айтып берді. Жақсылық Омар ақсақалды алдағы аптада қабылдап, жер мәселесін шешіп беруге уәде етті. Тағы бір тұрғын осы шағынауданда мешіт салуға қол ұшын беруін сұрап отыр.