Ғылыми ұйымдардың қызметкерлері мен ғалымдарының лауазымдық жалақысын жыл сайын арттыру көзделген.
Ғалымдарға ғылыми атағы үшін қанша үстемеақы төленеді
1,013
оқылды

Ғылым және жоғары білім министрлігі ғалымдарға ғылыми атақтары үшін қанша үстемеақы төленетінін мәлімдеді.

Ресми мәліметке сәйкес, ғылыми ұйымдардың қызметкерлері мен ғалымдарының лауазымдық жалақысын жыл сайын арттыру көзделген. Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарында ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық жалақысы 18 пайыз артты. Мұнан бөлек, 2024 жылдың 1 қаңтарынан тағы 18 пайызға, ал 2025 жылдың 1 қаңтарынан 17 пайызға көбейетін болады.

«Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының ғылым мәселелері жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көзделген норма аясында ғылыми атағы бар ғылыми қызметкерлерге үстемеақы мөлшерін арттыру көзделген. 2023 жылдың 18 сәуірінде өткен республикалық бюджеттік комиссияның шешімімен қосымша қаражат мақұлданды», – деп атап өтеді министрлік агенттіктің ресми сауалына орай.

Биылдан бастап ғылыми атақ болған кезде мынадай мөлшерде үстемеақы белгілеу көзделіп отыр:

Ғылым кандидаты, философия докторы және бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор үшін 25 еселенген АЕК (бұрын 17 АЕК);

Ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар қауымдастырылған профессор үшін 42 еселенген АЕК (бұрын 34 АЕК);

Ғылым кандидаты, философия докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар профессор үшін 50 еселенген АЕК (бұрын 17 АЕК).