Оқиға Алматы облысында сауда орталығында болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Алматыда 4 жасар баланы теуіп құлатқан Түркия азаматы қамауға алынды
1,179
оқылды

Сауда ойын-сауық орталығында 4 жасар баланы теуіп құлатқан Түркия азаматы екі айға қамауға алынды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің басшысы Бауыржан Әленов Instagram-дағы парақшасында жазды. 

«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу кезінде баланы тепкен ер адам екі айға қамауға алынды. Бір-екі күн бұрын Қарасай ауданының сауда ойын-сауық орталығында ер адам 2019 жылғы кішкентай қызға дене жарақатын салған.

К. есімді азаматшаның арызы негізінде дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша аудандық полицияда тіркелді. Тәртіп сақшылары 1998 жылы туған Түркия Республикасының азаматын дереу анықтап, полицияға жеткізді.

Қазір сараптама тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Іс бойынша тергеу барысы менің қатаң бақылауымда болады. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабы тәртібіне сай жария етуге жатпайды», – деді Бауыржан Әленов.

Кеше Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігі осы оқиға туралы әлеуметтік желіде жазба жариялады. 

«Алматыда кішкентай балаға қатысты болған күш көрсету оқиғасын өкінішпен естідік. Зорлық-зомбылықтың ешбір түрін, қалай және кім жасағанына қарамастан, қабылдамайтынымызды жеткізе отырып, кішкентай балақай мен оның отбасына тез сауығып кетуін тілейміз», – деп жазылған ресми жазбада. 

Бұған дейін есірткі сақтаған күдіктіні Түркиядан Қазақстанға экстрадициялағаны туралы хабарлаған болатынбыз.