Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан.
Шымкент қалалық мәслихат депутаты медицина қызметкерлерімен кездесті
1,699
оқылды

Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұратәлі Қалмұратов және Еңбекші аудандық партия филиалының Атқарушы хатшысы Гүлжайна Жартыбекова қалалық перзентханаға барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. 

Басқосуда денсаулық сақтау саласындағы өзекті тақырыптар қозғалып, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы медицина саласындағы негізгі басымдықтар сөз болды.

Перзентхана перинаталдық көмек көрсетудің екінші деңгейінде, яғни жүктіліктің 32 аптасынан бастап болашақ аналарды қабылдайды. 

Аталмыш орталық қызметінің негізгі бағыты жүкті, босануға дейінгі және босанған әйелдерге акушерлік-гинекологиялық көмек және жаңа туған нәрестелерге неонаталдық көмек көрсету. Перзентханада тәулігіне 40 әйелге дейін перзент дүниеге алып келеді.   

Бүгінде стационарлық жағдайда мамандандырылған медициналық көмек көрсететін қалалық перзентхананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, қызмет көрсету сапасы артқан. 

Мекемеде 53 білікті дәрігер, 190 орта, 101 кіші медқызметкер жұмыс істейді. Қала тұрғындарына 162 төсек-орындық стационар қызмет көрсетуде. Қалалық перзентхананың 6 ғимараты 2021 жылы күрделі жөндеуден өтті. Нысан толықтай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталған, заман талабына сай. Жылына 11 мыңнан астам нәресте дүниеге келетін нысан жаңғырту жұмыстары нәтижесінде 12 мыңнан астам анаға жағдай жасады. 

Кездесу соңында медицина қызметкерлері халық қалаулысына бірнеше ұсыныс-тілек айтты. Мәселен, перзентханадағы асхана мәселесі, кір жуу бөлмесінің қажеттілігін алға тартып, бактериологиялық зертхана мен орталықтандырылған залалсыздандыру бөлімінің салынуына ықпал етуін сұрады. 

Өз кезегінде Мұратәлі Қалмұратов депутаттық сауал жолдау арқылы көтерілген мәселелердің заң аясында орындалуын қадағалауға уәде берді.