Қазір үйлену үшін айлап кезек күтіп, АХАЖ бөлімінің табалдырығын тоздырмайсыз. Қолыңыз­дағы смартфонның көмегімен электронды үкімет порталы немесе Halyk Homebank және Kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы некені тіркеуге өтініш білдіресіз.
Үйлену оңай...
1,272
оқылды

Осылайша, неке рәсімдеудің жолы да жеңілдеді. Бірақ қоғам белсенділері некені онлайн тіркеуге қарсы. Себебі бұл үрдіс ажырасу санын арттыруы мүмкін. Бір қызығы, елімізде АХАЖ-ға тіркелу цифрланғанымен, 90-жылдардағы неке деректері әлі қамтылмаған. 

Бірнеше күн бұрын Kaspi.kz мо­биль­ді  қосымшасындағы мемле­кеттік қыз­мет­тер тізімінде некеге тұруға өтініш беру мүмкін­дігі пайда болды. Қызметті алу үшін өтініш толтыру керек. Одан кейін 1 АЕК (3 450 теңге) көлемінде мем­ле­кеттік баж төленеді. Өтініш жіберген адам­ның болашақ жары 48 сағат ішінде өтінімді растауы қажет. 

15 күннен кейін АХАЖ органдары жас жұбай­лардың қа­тысуымен некені тіркейді. Бұрын бұл рә­сімге бір ай уақыт кеткен. Блогерлер мен қоғам белсенділері бірден сер­висті тестілеуге кірісті және некеде тұрған­дар, тіпті жақын туыстары да онлайн өтінімге рұқсат ала алатынын анықтады. Айталық, медиа-тренер Ақерке Берлібай экспе­ри­мент үшін әкесінің ЖСН-ы ар­қылы банк қо­сымшасынан өтінім беріпті.

– Әкеміздің ЖСН-ын алып тәжірибе жасап, өтінім білдірдік. Нәтижесінде, әкемнің үйленген адам екеніне және менің әкем болғанына қарамастан, екеуміздің некемізді базада тіркеуге болатынын білдік, – деп жазды блогер.

Оның айтуынша, өтінім барлық кезең­нен сәтті өткен. Қызмет үшін 3450 теңге де төлепті. Осылайша, 7 тамызда некені тір­кеуге шақыру туралы хабарлама келген. Енді біреулер қызық үшін біржынысты некені тіркеуге тырысып көрген. Бірақ олардың әрекеті сәтсіз аяқталады. Осыдан кейін Kaspi баспасөз қызметі қосымша некені тіркемейтінін, тек «ХҚКО-дағы кезекке» қоятынын мәлімдеді. Тіпті, банк қосымшасынан бұл қызмет жоғалып кетті. Ал қызметті қосым­шадан алып тастауға байланысты Kaspi компаниясының өкілі пікір білдірді. 

– Бұл қызмет неке қиюды тіркеуді қарастырмайды. Тек онлайн өтініш беруге болады. Қызмет бірнеше күн бойы сы­нақтан өтті. Біз қызықты пікірлер алдық. Қызметтің тұтынушыларымызға қанша­лық­ты пайдалы екенін бағалаймыз, – деді Kaspi корпоративтік коммуникациялар бөлімінің басшысы Маржан Елшібаева.

Некеге тұруды оңайлату дұрыс па?

Дамыған елдерде некеге тұру – ұзақ уақытты талап ететін процесс. Мәселен, Америкада жас жұбайлар некелесу үшін тұрғылықты жеріндегі кеңсеге хабарласып, құжаттар тапсырып, лицензия алады. Ерлі-зайыптылар лицензия алғаннан кейін арнайы шарт жасасып, үйлену тойын жасамай 3-4 күн күтеді. Тек неке куәлігін алғаннан кейін ғана той өткізеді. Рәсім аяқ­­талғаннан кейін діни қызметкер, нота­риус немесе басқа уәкілетті адам неке ту­ралы куәлікті толтырады. Бұл әдетте рәсім­нен кейін бірден жасалады. Осыдан кейін неке тиісті мемлекеттік мұрағаттарда рес­ми түрде тіркеледі. Заңнамаға және мәдени ерекшеліктеріне байланысты Бразилияда, Қытайда, Үндістанда, Индонезияда некені тіркеу өте ұзақ уақытқа созылады. 

Психолог Лимана Қойшиеваның пі­кірінше, некеге тұру процесін бізге де қиын­­дату керек. Қиындату дегеніміз бюрократизм емес. Алдымен жастардың бір-бірімен психологиялық сәйкестіктерін анықтаған дұрыс. Некеге тұруға өтініш білдіргеннен кейін 6 айдай бір-бірін тануға уақыт беру керек. Психологиялық дайын­дықтардан өтуі керек.

– Өйткені отбасы болу оңай емес. Олар некеге қалай тез тұрса, ажырасуды да сондай тез болатын процесс деп ойлайды. Қазір некеге тұру онлайн жүзеге асады. АХАЖ-ға тек қол қою үшін ғана барады. Ажырасудың көп болуына бұл мәселе де әсер етеді. Үйленіп алғаннан кейін ажырас­паса да екі бөлек тұрып жатқандар да бар. Отбасылық құндылықтардың төмендеп бара жатқаны анық көрініп тұр, – дейді Лимана Қойшиева. 

Бұрын некеге тұруға өтінішті электрон­ды үкімет порталы арқылы онлайн беретін. Қазір бұл мүмкіндікті банк қосымшасы да іске қосты. Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­дабекованың айтуынша, бұдан қорқатын дәнеңе жоқ. Себебі бұл – тек өтініш беру амалы. Оның жеңілдеуі уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. 

– Форматта тұрған ештеңе жоқ. Бірақ некеге тұруда қажет ететін құжаттарды, талаптарды күшейтуіміз қажет. Себебі елімізде отбасын құрғандардан ажырас­қандар саны көп деген статистика бар. Азаматтық алу үшін үйленетіндер мен үй алу үшін ажырасатындар да көбейіп кетті. АҚШ, Бразилия мен Еуропа елдерінде некеге тұру шартын жасау талап етіледі. Ол жерде екі азаматтың қарым-қатынасы, мүліктік жағдайы, жауапкершілігі ескері­ліп, сол бойынша шарттар жасалады, – дейді Айсұлу Молдабекова. 

Әлеуметтанушының пікірінше, 1990 жылдары некеге тұрғандардың саны 164 мың болған. Ал 2013 жылдары 159 мың болған. Былтыр бұл дерек 122 500 болған. Яғни некеге тұру статистикасы елімізде жыл сайын төмендеп барады. Қанша жерден демографиялық өсім десек те, некеге тұрушылар саны бәрібір аз. Сәй­кесінше, ажырасушылар саны да жыл санап артуда. Сондықтан некені тіркеудегі талапты күшейту керек. 

Некесі тіркелмеген жұбайлар көп

Қазір елімізде некеге тұру жыл өткен сайын оңайлап жатса да, мемлекеттік мұ­рағаттарда ресми түрде тіркелмеген ерлі-зайыптылар бар. Олар заңды түрде неке қидырудан қашып жүрген жоқ. Көбісі – тәуелсіздікке дейін немесе электронды портал іске қосылғанға дейін некелескен­дер. Енді деректері базаға енбей баз кешіп жүр. 

– Мен ресми түрде 2004 жылы тұрмысқа шыққанмын. Қолымызда неке туралы куәлігіміз де бар. Бірақ eGov.kz сайтында да, Kaspi қосымшасында да менің статусым «тұрмыста емес» деп шығып тұр. Нотариус­тен бұл мәселе жайлы сұрағанымызда «Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, некені қайта тіркету керек» екенін айтты. Бірақ олай құжат жинап жүретін артық уақытым жоқ, – дейді астаналық Жанна Ильичева. 

Блогер Ақерке Берлібайдың да әкесі 80-жылдары үйленген. Бірақ оның дерек­тері цифрланбаған. 

– Өмірдегі осындай маңызды кезеңді банк қызметіне айналдырып, жеңілдетудің не қажеті бар? Одан да телефон нөмірі арқылы «үйленген немесе үйленбеген» екенін анықтай алатындай нәрсені жасаған дұрыс болар еді. Мүмкін осылай көп отбасын сақтап қалуға болатын шығар. Отбасы институтын үш-ақ батырманың деңгейіне айналдыру орынсыз. Онсыз да бізде жұптар еш ойланбай, жастықтың буымен үйлене салады. Оны одан сайын жеңілдетуге болмайды, – дейді Ақерке Берлібай. 

Бір қызығы, некелері цифрланбаған отбасылар некесін қайта рәсімдеуге асықпайды. Көбісі жалғызбасты ретінде мемлекеттік бағдарламаға тіркеліп үй алуға асығады. Бірақ бұл жағдай еліміздегі азаматтық неке статистикасын арттыратын басты фактор екенін ешкім ескермей отыр. Ресми деректер бойынша, елімізде әрбір бесінші неке тіркелмеген. 

– Азаматтық некеге көзқарасы бойын­ша орташа алғанда барлық жастағы адам­дардың шамамен 25%-ы азаматтық некеге оң көзқараспен және 30%-дан астамы бейтарап қарайды, яғни Қазақстанда әрбір бесінші неке тіркелмеуі мүмкін. Қолдамай­тындардың үлесі – 32,8%, – дейді Қа­зақ­стандық қоғамдық даму институты бас­қарма төрағасы Нұрбек Матжани. 

Айта кету керек, биыл 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары Мемлекеттік корпорацияға берілді. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Олар аудандық және қалалық АХАЖ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады.

– АХАЖ функцияларының Мем­лекеттік корпорацияға берілуінің басты себептерінің бірі – АХАТ электрондық ба­за­сында жүргізілген цифрландырудың са­па­сыздығы. Атап айтқанда, сапасыз ска­нерленген құжаттар, қате деректер енгізу, өзгерістер тіркелмеген. Құжаттар 1937 жылдан бастап сканерленіп, базаға енгізіліп келеді, – дейді Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова. 

Оның айтуынша, АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі – цифр­ландыруға көшу процесін жүзеге асыру. Ендеше некеге өтініш беруді жеңілдетпес бұрын кезіндегі деректерді мұрағатқа енгізіп, некені тіркеу процесін күрделендіру керек. Себебі отбасы ойыншық емес...

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА