Несиесін өтей алмағандарға «Қарызсыз қоғам» қол ұшын созады.
«Қарызсыз қоғам» – Ауыл тұрғындары несиесін өтеп, тұрмысын түзеп жатыр
1,126
оқылды

Қаржылық сауаттылығын арттыру, несие қарызынан құтылып, тұрмысын түзеу  – «Қарызсыз қоғам» бағдарламасы аясында ауыл тұрғындары тренерлерге осындай сұраныспен келеді. 

Біз аталған бағдарлама аясында білімін жетілдірген адамдардың шынайы оқиғасы мен оларға қаржы сарапшыларының көрсеткен көмегі туралы баяндауды жалғастырамыз.

Атап айтқанда, қарызын уақытылы төлей алмағандар осы бағдарламаның арқасында қаржылық мәселелерді қалай шешуге болатынын үйреніп жатыр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала кентінің 59 жастағы тұрғыны жобаға қатысты. Ол еден жуушы болып жұмыс істейді, жалақысы – 70 мың теңге. Өз баспанасы болмағандықтан жалға алған үйі үшін 30 мың теңге төлейді. Оның үстіне, ай сайын банкке төлейтін 71 мың теңге берешегі тағы бар. Ал банк карточкалар бұғатталған. Дегенмен, ол сиыр сауып, ауылдастарына сүт сатады. Соның арқасында аз да болса, қосымша табыс табады.

Ол «Қарызсыз қоғам» бағдарламасына қатысып, мамандардан кеңес алуға шешім қабылдайды. Сүт сатудан түсетін табысын есептегенде 45 мың теңге шықты. Бұл оның үйді жалға алу ақысын жабуға жеткілікті. Оқу барысында оған сүт қана емес, май және құрт сияқты өнімдер жасап сатуға кеңес берілді. Соның барлығын есептегенде, тренерлер оның таза пайдасы шамамен 120 мың теңгеге жетеді деп отыр. Сабақ барысында банкке оның шоттарынан бұғатты алып тастау туралы хат жіберілді. Тренерлер бағдарлама аяқталғанға дейін онымен бірге жүріп, банкке жолданған сұрауды түпкілікті шешуге көмектеседі.

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауылынан келген тағы бір жоба қатысушысының да жағдайы мәз емес. 2014 жылы ол ауылға көшіп, 2,7 млн теңгеге үй сатып алған. Алғашқы алты айда  несиені уақытылы төлеп келген ол кейінен декреттік демалысқа шығуына байланысты қарызын төлеуді кешіктірген. Содан бері несиесін қайтара алмай, қарызы ай сайын өсіп жатыр. Тұрғын үй несиесінен бөлек, оның ай сайынғы төлемі 45 мың теңгені құрайтын басқа да қарыздары бар болып шықты. Жалақысының 85%-ын банк ұстап қалатыны жағдайды одан әрмен қиындатып отыр. Осылайша, сәуір айында жалақысынан тек 1803 теңге қолына тиді. Тұрғынның мәселесін заңгерлер мен банк бөлімшесінің басшысы несие шарттарын жеңілдету үшін бірлесіп шешпек. Олар барлық қажетті құжаттарды жинап, қажетті мекемелерге бірлесіп жібереді.

Бұған дейін айтқанымыздай, жобаға көпбалалы аналар да жиі қатысады. Мәселен, бүгінде сегіз бала тәрбиелеп отырған Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғыны мал шаруашылығы саласында өзінің шағын бизнесін ашуға ниетті. Сарапшылар оған сұранысты зерттеуге, бизнес-жоспар құруға көмектесті. Содан соң ғана тұрғын грант алу үшін конкурсқа қатысып, бизнесті бастауға мал сатып алуды жоспарлап отыр. Енді ол өзі тұратын ауылда сүт өнімдерінің әртүрін шығарып, тұрақты табыс таба алады.

Жобаға қатысушылардың осындай оқиғалары мен пікірлері «AMANAT» партиясының Halyk Bank-пен бірлесіп қолға алған «Қарызсыз қоғам» жобасының олардың қарыздан құтылып, тұрмысын түзеуге көмектесіп жатқанын растайды.

Қазіргі таңда «Қарызсыз қоғам» аясында Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Атырау және Маңғыстау облыстарының тұрғындары арнайы оқу бағдарламасынан өтіп жатыр. Бағдарлама жыл соңына дейін жалғасады. Оған қатысу үшін партияның өңірлік филиалына хабарласу қажет.