Ауруханаға жеткізілген 62 жастағы ер адам есін жимай көз жұмды.
Елордада автобус жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатып есінен танып, қайтыс болды
1,044
оқылды

Астанада қалалық автобус жүргізушісі көлік жүргізіп келе жатқанда есінен танып, артынша ауруханада қайтыс болды.

City Transportation Systems көлік компаниясының мәлімдеуінше, қайғылы оқиға бүгін сағат 10:20-да Бөгенбай батыр даңғылы бойындағы «Бейбітшілік» аялдамасы маңында болған.

Автобус Бөгенбай батыр даңғылының бойындағы қоршау мен бағанаға соғылған. 

«1961 жылғы жүргізуші өз бағдарымен келе жатқанда есінен танған. Соның салдарынан автобус қоршау мен жарықтандыру бағанына соғылып, одан кейін жаяу жүргіншілерге арналған жолаққа шығып кеткен. Жүргізуші шұғыл түрде ауруханаға жеткізілгенімен, есін жимастан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша оның жүрегі тоқтап қалған», – делінген аталған компания таратқан ақпаратта.

Ол автобус жүргізушісі ретінде 15 жылдан астам уақыт бойы қызмет еткен. Рейске шығар алдында таңертең сағат 5:54-те медициналық тексеруден өткен. Оқиға салдарынан зардап шеккен жолаушы жоқ.