Мерзімді әскери міндетін өтеген азаматтарға бірнеше жеңілдік қарастырылған.
Елімізде әскери борышын өтегендерге қандай жеңілдіктер ұсынылады?
1,266
оқылды

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Срочники 2.0» жобасының қалай жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

«Білім беру жеңілдіктерін беру арқылы мерзімді әскери қызметтің уәждемесін арттыру бойынша «Срочники 2.0» жобасы іске асырылды. «Срочники 2.0» цифрлық платформасы еліміздің жоғары оқу орны есебінен білім алу үшін мерзімді қызметтің әскери қызметшілері арасында конкурстық іріктеу жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жүйеде мерзімді әскери қызметшілердің барлық бағаларын оларды ауыстыру мүмкіндігінсіз көрсетіледі. Жүйе мерзімді әскери қызметшілердің рейтингін олардың қорытынды бағалары бойынша автоматты түрде құрастырады және автоматты түрде жоғары оқу орындарына таратады», – деп түсіндірді Дархан Ахмедиев ОКҚ-да өткен брифнгіде.

Министрдің орынбасарының айтуынша, мерзімді әскери міндетін өтеген азаматтарға мынадай жеңілдіктер қарастырылған:

- қызмет аяқталғаннан кейін 2 жыл ішінде ақылы негізде ҰБТ-ны есептемегенде жоғары оқу орнына (ЖОО) түсу;

- ҰБТ есебінсіз ЖОО есебінен өтеусіз негізде жауынгерлік даярлық және әскери тәртіп бойынша жоғары нәтиже көрсеткен тұлғалардың ЖОО-ға түсуі;

- ЖОО әскери кафедрасына түсу емтихандарынсыз, өтеусіз негізде түсу (яғни, азамат ЖОО-да ақылы немесе тегін білім алады);

- Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарына емтихан тапсырмай түсу. Оларды Қарулы Күштердің әскери бөлімдерінде бұрын жүргізілген қабылдау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

«Білім алу үшін 1500 орын бөлінді, ішінде Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындарында – 850 орын. Жалпы конкурстық іріктеуге 12 548 сарбаз қатысты», – деп тоқталды Дархан Ахмедиев.