Қайғылы оқиға 9 шілде күні Шу қаласында кәріз суы жиналатын жерде болған.
Шу қаласында кәріз суына екі бала батып кетті
804
оқылды

Шу қаласында екі бала кәріз суына батып кетті. Марқұмдардың ата-анасы қауіпті жердің қоршалмай тұрғанына наразы. Қайғылы оқиға айдың басында болса да, әлі күнге дейін қауіпсіздікке қатысты ешқандай қарекет көрмедік деп отыр, – деп хабарлайды КТК арнасы.

 

Қайғылы оқиға 9 шілде күні Шу қаласында кәріз суы жиналатын жерде болған. 10 жастағы 3 бала ойнап жүріп, құстарды ұстаймыз деп төбешікке шығыпты. Алайда, біреуінің аяғы тайып суға кетеді. Екіншісі құтқарамын деп ол да артынан батып кеткен. Көмекке шақырған үшінші бала. Қала тұрғыны жеткенде бүлдіршіндердің денесі судың бетінде қалқып жатқан. Дәм-тұзы небәрі 10 жасында таусылған Айбектің анасы бұған жергілікті шенеуніктерді кінәлайды. Қауіпсіздік талаптары сақталғанда, бұлай қайғылы жағдай болмас еді деп жылап отыр.

 «Әлі күнге дейін ешкімнен ешқандай әрекет жоқ. Мен өткенде айтқанмын, ең болмағанда тор тартып қойсыншы деп. Бүгін келіп қарасақ тор да жоқ. Ешбір ананы баламен сынамасын. Кеше жүрген балам бүгін жоқ. Тағы сондай жағдай қайталанбайтынына кім кепілдік бере алады. Қоршау ештеңе болмаса», – деді А.Сағымбайдың анасы Света Шалбаева.

Бұл нысанның қауіпті екені тақтайшада жазулы тұрғанымен, еш жерінде қоршау жоқ. Емін-еркін кез келген адам кіріп шыға береді. Қайғыдан қан жұтқан Айбектің анасы нысанның әлі күнге дейін не үшін қадағалаусыз тұрғанын түсінбей отыр. Ал, тәртіп сақшылары 2 баланың өліміне қатысты тергеу әлі жалғасып жатқанын жеткізді.

«Аталған дерекке қатысты адам өлімі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Нәтижесі бойынша тиісті процесуалдық шешім қабылданатын болады. Тергеу әрекеттері жалғасуда», – деді Жамбыл облысы ПД ресми өкілі Құндыз Бөгенбаева.

Ал, кенжелерінен қапелімде айырылған екі отбасының ендігі жалғыз тілегі – қауіпті судың қоршалғанын немесе түбегейлі жабылғаны.