«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев және Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орал қала­сын­да көп­функ­цио­налды спорт кешені­нің құрылысын салтанатты түрде бастап берді.
Спорт кешенінің құрылысы басталды
1,102
оқылды

Іс-шарада сөз алған «ҚазМұнайГаз» бас­шысы М.Мырзағалиев жоба Мем­ле­кет бас­шысының биыл 9 наурызда Батыс Қа­зақ­стан облысына жұмыс сапары барысында берген тікелей тапсыр­масымен іске асыры­лып отырғанын атап өтті. 

«Президент халық арасында салауат­ты өмір салтын насихаттау мен жастар ара­сын­да спортты дәріптеудің айрықша маңы­зын үнемі алға тартып келеді. Компаниямыз үшін бұл – тұрақты даму бойынша алған міндеттеріміздің бі­рін орындау ғана емес,  «ҚазМұнайГаздың» басты құнды­лық­тарының бірі жауапкер­шілік пен қоғамға деген қамқорлығының көрінісі. Былтырдың өзінде ұлттық компания қайырымдылыққа шамамен 13 млрд теңге, өңірлердің әлеумет­тік дамуына 12 млрд теңге бөлгенін атап өту керек. Бұл қаражатқа тұрғын аудандар мен қа­ланың көрікті жерлерінде абаттандыру жұмыс­тары жүріп, мектептер мен ауруха­на­лар, спорт алаңдары мен өзге де нысандар са­­­­лы­нып жатыр», – деді М.Мырзағалиев.

Спорт кешені Орал қаласының 10-ша­ғын­ауданында салынады. Жоспар бойын­ша құрылысы 2024 жылдың соңында аяқ­та­ла­ды.

Спорт кешенінде жарыстар өткізумен қатар, спортшылардың жаттығуына бар­лық мүм­кіндік жасалады. Ғимарат ішін­де жү­гіру­ге арналған 150 метрлік жолағы бар, ядро итеруге, биіктікке, сырықпен, ұзын­дық­­қа секіруге, садақ атуға арнайы жаб­дық­талған жеңіл атлетика аренасын салады.

Аренада 1200 орынға арналған трибуна болады. Сонымен қатар спорт кешенінде 25 метрлік бірнеше жолағы бар бассейн салу, пневматикалық тир, жар­тасқа өрме­леу алаңын, үстел тенни­сін, батут, күрес және бокс залдарын ашу жоспарда бар.

ҚМГ Басқарма төрағасы мердігер­лерге қарата айтқан сөзінде құрылыс сапасы ұдайы бақылауда болатынын, себебі жергі­лік­ті спортшылардың алдағы дайын­дығы осы жұмыстың сапасына байланысты еке­нін атап өтті.

«Осы жерде бой көтеретін кешен нағыз спорт тарландарын, миллиондаған адамға үлгі болатын болашақ чемпион­дарды тәр­биелеп шығаратынына кәміл сенеміз. За­манауи архитектуралық шешімдердің ар­қа­сында кешен қалаға ерекше көрік беріп, Орал­дың көз тартар көркем жерлері­нің біріне айналатыны сөзсіз», – деді ҚМГ Бас­қарма төрағасы.