Алматыда бес адамды атып өлтіріп, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Игорь Дужновтың әйелінің үйін полицейлер қор­шауға алды.
Даулы үй қоршауға алынды
629
оқылды

Қалалық полиция департаменті «102» пультіне жеке сот орындаушысынан Ақбұлақ ықшамауданын­дағы Сыздықов көшесіндегі үйлердің бірінен баспананы мәжбүрлеп шығару кезінде атыс қаруының табылғаны туралы қоңырау түскенін хабарлады.

«Қазір оқиға орнында Алатау аудандық полиция басқармасының жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жа­тыр», – деп хабарлады Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметі.

Бұған дейін БАҚ-та Дужновтың отбасы екі жылдан бері даулы үйді босатпай жүргені бірнеше рет айтылды. Соңғы рет сот орындаушылар мен арнайы жасақ қақпаны бұзып кіргенде, Дужновтың әйелі Анаида Демирчян «өзімді өртеймін» деп байбалам салған болатын. Бір жарым жыл бұрын дәл осындай шара кезінде Дужнов екі полицейді, сот орындау­шысын, үйдің жаңа иесі мен оның досын атып өлтірді.

«Қайтыс болған адамның бала-шағасы мұраны қабылдады. Сол мұрагерлер сот шешімін орындауға бізге берген. Өз әкеміздің, не шешіміздің жұмысымен келген жоқпыз мұнда. Соттың шешімі. Мұны мен орындамасам, басқа біреу орындайды. Бұл кісілер, таза, былай айтқанда, алаяқтар. Біреудің үйіне кіріп алып, шықпай отыр», – дейді сот орындаушы Алмасбек Сансызбайұлы. 

Ал Анаида Демирчянның өз уәжі бар: «Үйді бәрібір босатпаймын. Себебі, бұл үй менікі. Бар-жоғы 75 миллион теңге қарызбын. Ол ақшаны менің коммерциялық нысаным жабады. Сұлулық салоныма қатысты іс азаматтық сотта қаралып жатыр». 

2021 жылдың қыркүйек айында Игорь Дужнов сот қаулысын орындауға келгендерге аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Ақбұлақ ықшамауданындағы қанды оқиғадан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты. Ал бес адамды жайратып салған қаскөй «кісі өлтіру», «билік өкіліне шабуыл жасау», «оқ-дәрілерді заңсыз сақтау» және «басқа мемлекеттің аумағында қарулы қақты­ғысқа қатысу» секілді айыптармен өмір бойына темір торға қамалған болатын. 

© фото: bugin.kz