«Жамбылдықтардың тұрмыстық сапасын жақсарту» атты қанатқақты жоба 2019 жылы жанданған болатын. Сол тұста пилоттық жобаға әркім әр­түрлі көзқараспен қараған.
Кеңседе отырып мәселе шешілмейді
937
оқылды

Біреулер бұл бастамадан баянды болашақ күтсе, екіншілер ертеңіне күмәнмен қа­рағандығы рас. Алайда жоба өміршеңдігін дәлелдеп, Әулиеата же­ріне өңір-өңірлерден асыраушы са­ла мамандары ағылды. Нәтижесінде, жоба «Ауыл аманаты» атауымен ел көлемінде көкжиегі кеңейе түсті. 

Жамбыл облыстық Ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, 2019–2020 жылдары қаржыландырылған 11 округ бойынша мал басы 57,3 мыңға не­месе 121 пайызға көбейген. 2021 жылы бол­са, 3 округте төрт түлік саны 4 694 басқа не­­­­месе 112 пайызға артқан.  

– Жоба алғашқы сәттен-ақ өз тиім­ді­лі­гін дәлелдеді. Биыл 24 миллиард теңгеге 10 ауданнан 26 округті қаржыландыру ұсынылып отыр. Аталған округтерде 69 514 адам тұрып жатса, аула саны – 13 157. Ал­дын ала жасалған скриниг нәтижесінде ок­­­­ругтердегі 3 923 жобаға 18,6 миллиард теңге қажет екені анықталды. Биылғы 20 шіл­деде жалпы сомасы 13 миллиард тең­геге 2 146 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгеге теңелген 323 өтінім қа­нағаттандырылды. Барлығы – мал са­нын көбейту бағытындағы жобалар, – дей­ді Ауыл шаруашылығы басқармасының бас­шысы Нұрби Жігітеков. 

Өзге бағыттар бойынша тоқталсақ, үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану бағы­тына 412,9 миллион теңге қажет. 

Ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пай­далану бағыты бойынша 545,9 миллион теңге белгіленген. Дәл қазір коопера­тив­тер­дің жер көлемдері  нақтылануда.

Құрылатын 26 ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 332 дана ауыл шаруа­шы­лығы техникаларын алу үшін  3,2 миллиард теңге бөлінген.  

Ауыл тұрғындарының жеке кәсібін ашу ба­ғытына келсек, 159 жобаға 1,2 мил­лиард тең­ге межеленген. Бұл бағытқа «эко чи­кен» және «гидропоника» жоба­лары да ен­гізіліп отыр.  

Жалпы, жеке кәсібін ашу және жылы­жай құрылысына 156,9 миллион теңгеге 23 өтінім келіп түссе, оның қазіргі таңда 8,5 мил­лион теңгеге 1 өтінімі қаржылан­ды­рылған. 

2019–2021 жылдары «Ауыл аманаты» жо­басы шеңберінде қаржыландырылған ауыл­дық округтерде зерделеу жұмыстарын жүр­гізу мақсатында құрамында ауыл шаруа­шылығы, ветеринария басқара­ма­лары және «Тараз» ӘКК» АҚ мамандары бар жұмысшы топ құрылған. Осы жұмыс­шы топ  14 ауылдық округте мониторинг жүр­гізіп, қанат қақты жобаның барысын бар­лаған. Алайда жобаны жұртқа түсіндіру ба­ғытында әлі де кенжелеп тұрған тұсымыз бар. Бұл жөнінде күні кеше Жамбыл ауда­ны Қарасу ауылдық округінің тұрғын­да­ры­мен кездескен облыс әкімі Нұржан Нұр­жі­гітов баса айтты. 

– «Ауыл аманаты» жобасы аясында елді мекендерде ауқымды жұмыстар атқа­ры­лып жатыр. Алайда жыл өткен сайын ағын су мәселесі күрделеніп барады. Сон­дық­тан егістік алқабына су үнемдеу тех­нологияларын енгізу, ұңғыма қазу жұмыс­тарын мықтап қолға алуымыз керек. Оның 50 пайызға дейінгі шығынын Үкімет төлеп береді. Біздің негізгі мақсат – тұрғын­дар­дың тұрмыстық табысын арттыру. Осы орай­да «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылға қарай облыстағы барлық ауыл­дық округті қаржыландыру көзделуде. Алай­да жобаның шарттарын тұрғындарға түсін­діру жұмыстары әлі де әлсіз, – деген ай­мақ басшысы аудан әкімдері мен жауап­ты басқарма басшыларының жұмысын сын тезіне алды. 

– Аудан әкімдері, олардың орынбасар­лары, басқарма мен бөлім басшылары ха­лық­пен жиі кездесіп, өтініш-тілектеріне құ­лақ түріп, мәселелерін шешуге күш салуы керек. Кері байланыс болмай, кең­седе отырып мәселе шешілмейді. Түсіндіру жұ­мыстарының жоқтығынан жергілікті жер­де түйінді түйткілдер қордаланып қал­ған. Әкімдердің жұмысқа деген жаңаша көз­қарасы керек. Шаруаларды ең өзекті бо­лып тұрғын ағын сумен қамтудан бөлек, мал сатып алып ғана қоймай, оны асыл­дан­дыру керек. Сонда ғана біз жобаның жемісін көре аламыз, – деді Нұржан Мол­диярұлы. 

Қалай дегенде де, халық жобаның шара­патын көріп отыр. Сондай-ақ баянды бастамаға жаңа көзқарастың да керек екені рас. Сондықтан жауапты мамандар сын­нан сабақ шығарады деп сенеміз. Ең бас­ты­сы, тұрғындардың тұрмысын арттыруға ба­ғытталған жоба жүрісінен жаңылмай, то­лықтай өз функциясын орындайды де­ген үміт зор. 

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы