Еліміз 30 жылдан астам уақыт бойы қант жөнінен импортқа толық тәуелділікті еңсере алмады. Салдарынан бұл ішкі нарықта үнемі тұ­рақсыздық тудыратын факторға айналды. Сорақысы сол, республика Ресейге қатты тәуелді.
Қант тапшылығы қайталана ма?
1,461
оқылды

Мұның неге әкеліп соқтыратынын былтырғы жыл көрсетті: өз халқы мен өндірісіне құмшекердің жетпей қалуынан қорыққан Мәскеу осы өнімнің экспортына уақытша тыйым салғаны сол еді, Қазақстанда қант дүрбелеңі басталды. Баға екі есе ша­рық­тады, билік бір қолға 5 келіден артық сатпау шектеуін енгізуге мәжбүр болды. Бұл мәселе қалай шешілуде? Елімізде алда қант тапшылығы қайталана ма? 

Одақтың көксегені не?

Сарапшылар тұйық пен тығырықтан шығудың бір ғана жолы барын нұсқайды: Қазақстан төл қант саласын жүйелі түрде дамытуы қажет. ЕАЭО аясында үстем, доминанттық жағдайын күшейте түсу үшін Ресей біраз жыл бұрын Еуразиялық одақ аумағына сырттан қант құрағын импорттауды қатаң шектеп тастады. Ұйымға мүше елдер бұл шикізатты ұлтүс­тілік органдары Мәскеуде орналасқан одақтың белгілеген квотасынан артық сатып ала алмайды. 

Әйтпесе, 2014 жылы Еуразиялық одақ құрылғанға дейін қазақстандық кәсіп­орын­дар Бразилия, Мексика, Пәкістаннан қант құрағын тасып, оларды өңдеп, отандық қантты өндіретін. Ол заманда, 90-жылдардағы тоқырау тәмамдалғалы Қазақстанда қант тапшылығы деген кездеспейтін. Енді Кремль ілгерілеткен одақтық шектеу қазақстандық кәсіпорын­дардың басым көпшілігінің банкрот болып, жабылуына соқтырды. 

Қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібінің қазақстандық қауымдастығы президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша, Қазақстанда құмшекер өндірісінің толық циклін қалпына келтірген жөн. Яғни, қант қызылшасын өсіретін диқандар, қант құрағын жеткізетін импорттаушылар, оның бәрін өңдеп, дайын өнім шығаратын зауыттар арасында тығыз ынтымақтастық, тізілім қалыптасқаны абзал.

Одақтың талабын орындаймын деп оның бәрін шенеуніктердің өздері бұзған. Демек, қалпына келтіруге де өздері еңбек сіңірсін. 

Былтырғы дүрлігуден кейін Үкімет мәселеге ден қоя бастады. Бірақ бизнес пен нарық ойыншылары биліктің шабан тірлігінен көңілі қала бастапты. Себебі Үкімет қарқын мен тегеурін танытпаған соң мәселелер одан ары қордалануда. 

– Мысалы, былтыр Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Президенттің тап­сырмасымен Қант саласын дамыту жө­ніндегі 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеп шықты. Құжат жоғары деңгейде, ел Үкіметінің 2022 жылғы 22 қыркүйектегі №726 қаулысымен бекітілді. Онда біраз игі шара қарастырыл­ған. Алайда іс ары қарай ілгерілемеді. Іс-шаралар жоспары 33 пункттен тұрады. Міндеттердің үлкен бөлігі 2023 жылдың І тоқсанына жоспарланды. Тоқсан түгіл, бірінші жартыжылдық аяқталды. Әлгі шаралардың ішінен ештеңе де жасалған жоқ. Шөп басын сындырмады деуге болады, – деді Айжан Наурызғалиева.

Сарапшылардың түсіндіруінше, қант саласының басты проблемасы – шикізат тапшылығы. Ал шикізат базасы болмаса, бірде-бір өндіріс дамымайды. Қант құра­ғын алыс шетелден тасуға Еуразиялық одақ тосқауыл қойып отыр. Отандық қант қызылшасының егістігі болса әлі де шағындау. 

Қант қызылшасын өсірудің агротех­нологиялары жөніндегі белгілі сарапшы Әбілқайыр Бексұлтановтың түсіндіруін­ше, қант қызылшасы өте бір кірпияз дақыл саналады. Ол бітік шығып, жақсы өнім беруі үшін топырақ дұрыс өңделуі, тыңайтқыштар қажетті көлемде енгізілуі, егіс жұмыстары ерте не кеш емес, дәл, дұрыс, оңтайлы мерзімдерде жүргізілуі шарт. 

Содан соң ауа райы да ықпал етеді. Ары қарай өсімдікке тән аурулар эпифитотиясы, зиянкестер өнімді құртып жіберуі мүмкін. 

Мысалы, Қазақстанның оңтүстік шы­ғысында қант қызылшасы 1930 жылдары егіле бастады. Мемлекеттің қолдауы арқасында егістіктер көлемі жылдам кеңейіп, 70-80-жылдары 60-70 мың гектарға жеткен. Осы аумақтан әскердің, студенттер жасақтарының тегін күш-көмегімен жиналатын 1,8 миллион тонна қызылшадан 180 мың тонна құм­шекер алынатын. Осының өзі республика халқы сұранысының 50 пайызын қа­нағаттан­дыратын. Қалғаны өзге одақтас елдерге әкетілді. Өңірде 7 ірі қант зауыты салынды. 

Алайда ғасыр соңында елге өсімдік­тердің жаңа инфекциялық дерті – ризо­мания еніп кетті. Көп өтпей-ақ ол елдегі қызылша егістерінің басым бөлігін жай­лады. Салдарынан тәтті түбір тез шіріп кететін. Бұған 90-жылдардағы дағдарыс қосылып, қызылша егілетін алқаптар күрт қысқарды. Өсімдік індеті проблемасы бүгінде де бар. 

Мұның сыртында делдалдар, өңдеуші зауыттар шикізатты арзан алғысы келіп, төмен сатып алу бағасын ұсынады. Бұл жерде қызылшаны өсіру салмақты инвес­тицияларды талап ететінін әрі оны күтіп-баптауға және өнімін жинауға арналған мамандандырылған техника аса қымбат тұратынын ұмытпаған жөн. Сол себепті осының бәрінен қажыған диқан тәтті түбір шаруашылығына қолын бір сілтеп, теріс айналады. 

Қазір отандық қант қызылшасын өңдеумен айналысатын небәрі 4 қант зауыты жұмыс істейді. Отандық шикізатты өңдеу есебінен елдің қантқа деген қажет­тілігінің небәрі 10%-ға дейінгі көлемі ғана өтеледі. Қалған 90%-ды Қазақстан не қант құрағынан өндіреді немесе Ресей мен Беларусьтің дайын құмшекерін импорт­тап, «жыртығын» жабады. 

Үкімет не бітіріп отыр?

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қант өндірісіне көңіл бөлініп отырғанын айтады.  

– Елімізде қант өндірісінің көлемін ұлғайту және импортқа тәуелділікті азайту үшін кешенді жоспар жүзеге асырылып жатыр. Оның аясында шикізатты өңдеуге жеткізушілерге арналған субсидиялар нормасы әр келісі үшін 15 теңгеден 25 теңгеге дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ қы­зылша өсіруге арналған егіс кешендерін инвестициялық субсидиялау нормативін 25 пайыздан 50%-ға дейін арттыру қарастырылуда, – деді министр.

Айналым қаражатын қамтамасыз ету үшін қант зауыттарына әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы 0,1% сыйақы ставкасымен 18 миллиард теңге сомасында жеңілдетілген несие берілді.

АШМ басшысы алыс шетелден қант құрағын тасу да жолға қойылып жатқанын еске салды: Астана келіссөздер арқылы Еуразиялық одақ аясында Қазақстанға әкелуге болатын квота көлемін сәл де болса, арттыра алды. Нәтижесінде, биылғы 22 сәуірден бастап үшінші елдерден 350 мың тонна көлемінде шикі құрақты бажсыз әкелу үшін тарифтен босату қарастырылған. 

Форвардтық сатып алудың жаңа тетіктері, яғни мемлекеттің болашақ өнімді алдын ала сатып алуы енді қантқа да таратылды. Осылайша, әкімдерге қант өндірушілермен форвардтық шарттар жасасуға мүмкіндік берілді.

Ербол Қарашөкеев биыл қант қы­зылшасының егіс алқаптары 64 пайызға ұлғайып, 19 мың гектарға жеткізілгенін мәлім етті. Орта мерзімді перспективада, яғни алдағы жылдары қант өндірісін 283 мыңнан 490 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.

Сұр импорт соққы болды

Қалай болғанда, сарапшылардың пікірінше, Қазақстан әзір РФ қантына тәуелділіктен құтыла алмайды. Ресей қызылша өсірушілерді мықты, жан-жақ­ты қолдау арқасында алға қарай қуатты серпін жасады. Осының арқасында оның төл шикізаты өзінің 140 миллион халқын қамтуға да, сондай-ақ шетелге экспортқа шығаруға да толық жетеді. Мәскеудің Еуразиялық одақ арқылы өз мүддесін тықпалап, қомақты баж салығын енгізу арқылы шетелдік қант құрағының им­портына тосқауыл қойғызуының мәнісі де сонда. Яғни, осы одақтың нарығын басыбайлы астына басты. 

Ресейлік қант өндірушілер өз мем­лекетінің мол субсидиясы арқасында бұл өнімді арзанға сата алады. Мысалы, әр келісін 360-380 теңгеден ұсына алады. Сонымен бірге РФ қанты елімізге контрабандамен әкелінеді, Қазақстан қазынасына 12% қосылған құн салығын төлемейді. 

Ал қазақстандық қанттың өзіндік құны өте жоғары: табыс табуы үшін олар әр келісін 460 теңгеден сатуы керек екен. Бірақ бұл елде қымбатшылықтың өршуіне түрткі болады. Сондықтан, мәселен Тараз қант зауыты осы шілде айында әр келісін 390 теңгеден босатуға мәжбүр болыпты. Әңгіме тағы да отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдауды арттыруға тіреледі. 

Қазақстандық қант саласының буыны бекуі үшін ішкі нарықты баға демпингінен қорғау да маңызды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі қант өн­дірушілерді баға демпингінен қорғау үшін қанттың ең төменгі көтерме бағасын енгізу тетігін әзірледі. Ол тетіктің қан­шалықты тегеурінді болатыны да белгісіз. Өйткені ресейлік қант жеткізілімдерінің үлкен бөлігі қырғыз еліне өтіп бара жат­қан транзит ретінде елге кіреді. Шынында, Алатаудан ары аспай, Қазақстанда түсіріліп, осында сатылады. 

Сондай-ақ сарапшылардың айтуын­ша, Ресейге көкөніс пен жеміс таситын фуралар да Қазақстанға қайтар жолда қант тиеп алады екен. Сөйтіп, көршінің қантын қосылған құн салығын төлеуден құтқарып, сұр импорт схемаларын өріс­тетуге, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін құлдыратуға үлесін қосатын көрінеді. 

Тере берсе, салада проблема өте көп. Демек, оны шешу үшін Үкіметтің түрлі құрылымы үйлесімді, бірлесе қимылдап, кешенді шаралар қабылдағаны жөн. Тіпті, қант бойынша проблемалар толық ше­шілгенше жұмыс істейтін жеке ведомство­аралық комиссия (ВАК) құрса, оның құрамына барлық жауапты министрлік пен ведомство мамандарын, тәуелсіз сарапшылар мен кәсіпкерлерді шақырса, барлығы алқа құрып, ақыл қосса, артық болмас еді.

Айхан ШӘРІП

© коллаж: Елдар ҚАБА