Қазір экотуризмге қызығатындар тұмса табиғаттың арасында болып, отбасымен бірге тынығып, сергіп қайтқанды қалайды.
Астана маңындағы көрікті жерлер
3,231
оқылды

Өз көлігімен сапарға аттанатындықтан әрі азық-түлік пен керек-жарағын тиеп алатындықтан, саяхат отбасы бюджетіне салмақ салмайтындай, барынша үнемді болмақ. Ал Астана маңында көлікпен барып қайтатын табиғаты көркем жерлер аз емес. Біз оқырманға осындай көпшілік көңілінен шыққан бағыттарды санамалап бермекпіз. Түсінікті болу үшін бағдарларды қаладан шығатын үлкен тас­жолдардың бойынан іздейміз.  

Бурабай, Зеренді, Имантау, Айыртау

Елордадан Бурабай–Көкшетау бағытындағы тақтайдай тегіс тас­жолмен орманды өлке саналатын Ақкөл, Бұланды аудандарына жетіп, ты­нығуға болады. Алайда көпшілік бір­ден өтіп, Бурабай ұлттық табиғи пар­кіне аттанады. Қашықтығы – 260 ша­қырым. Онда Шортанды, Бурабай, Үл­кен және Кіші Шабақты көлі, Көк­ше, Жеке батыр тауы, Бөлектау, Оқ­жетпес және Жұмбақтас бар. Ке­не­сары үңгірінің өзі – жаяу соқпақпен ба­рып шығуға таптырмас серуен. Мұн­да бағасы түрлі сегментке арнал­ған алуан демалыс орындары, шипа­жай­лар көп. Ал көлігімен барғандар ұлт­тық парк тамашасын аралап, қа­ла­да тамақтанып, тегін немесе ақылы жағажайда суға шомыла алады. Онда жалға берілетін пәтерлер, шағын үй­лер де оп-оңай табылады. Әркім қал­­­­тасына қарай жатын орын таңдайды. Осы маңайда Ақылбай ауылы тұсы­нан Кіші Шабақтыға және Бурабай кен­тінен өтіп кетіп, Үлкен Шабақты кө­ліне, Қатаркөл ауылына жетіп, Қо­тыр­көлге аялдаса да болу керектігін көп­шілік біле бермейді. Бурабайдың өзін­де демалуға келетіндер қатары өте көп болғандықтан, Көкше өлке­сін білетіндер Зеренді жолының бойын­дағы Қараүңгір көліне барады. Осы көлден 50 шақырым жерде Ұялы деген ауылдың тұсында Әулиебұлақ де­ген шатқалдағы бұлақ бар, көк­тем­де суы тасып, сарқырама болып аға­ды. Бұл да – көріп қайтуға тұрарлық ғажайыптың бірі. Болмаса, одан әрі жү­ріп, Зеренді кенті жанындағы көл­ге жетеді. Бұл – «Көкшетау» ұлт­тық табиғи паркінің аумағы. Біз тоқтала ке­тетін Айыртау мен Имантау да осы қорғалатын аумаққа кіреді. Зеренді мен Астана арасы – 315 шақырым. Мұнда да сыңсыған қарағай-сарым­сын орманы бар. Қызыл Кардон тұсы­нан өтіп, Қарсақ деген ауылдан сол­ға бұрылсаңыз, Үлгілі деген ша­ғын ауыл тұрғындары «Айдаһар үң­гіріне» жолды көрсетіп жібереді. Сол­түстік Қазақстан облысы аума­ғын­дағы Имантау, Айыртауға бар­уыңыз­ға болады. Мұнда Имантау мен Шалқар көлдері бар. Айыртау Көк­ше­таудан 70 шақырым, Имантауға жету үшін тағы 15 шақырым жүресіз. Бұл мекендерде табиғатының көркі Бұланды, Бурабайдан кем түспейді. Тауы, сылдырап аққан бұлағы, қара­ғайлы орманы, су мөлдір көлдері бар. Демалу бағасы Бурабайдан әлдеқайда арзан. Ондағы туристер қатары аздау. Тек алдын ала жалға алатын орынға тап­сырыс беріп қою керек. 

Бестөбе шатқалы, Көбейтұз, Бұйратау

Бестөбе шатқалы Ақмола об­­­­лысының Степногор қала­сына қарасты алтын өндіретін Бес­тө­бе кенті мен Ерейментау ауда­ны­ның Сілеті ауылы аралығында орналасқан. Са­рыарқаның геологиялық феномені аталатын шатқалға екі бағытта баруға болады. Жақын тұсы 230 шақы­рым­дай, алдымен Павлодар тас жолында Тор­ғай ауылына жетіп, одан соң Сі­ле­ті ауылына кетеді. Екі ауылдың ара­­сында 20-25 шақырым жол жөндеу көрмегендіктен, көлік жылдамдығын 40-60-тан асыруға мүмкіндік бер­мей­ді. Сілеті ауылынан грейдер ата­латын қиыр­шық тас төселген жолмен Бес­тө­­бе кентіне жетіп, өзенге дала жо­лы­мен бару керек. Болмаса осы ба­ғыт­тың кез келген тұсынан оң жаққа бұ­рылып дала жолымен тура барса те­реңге жасырынған өзен үстінен тү­сесіз. Екінші бағыт – Бурабайға ба­­­­ратын ақылы жолмен шығып, Ақ­көл ауданы орталығынан оңға бұ­ры­лып, Степногор қаласына жетеміз. Одан әрі – Бестөбе кенті. Сілеті өзені тө­бені тереңінен екіге жарып ағады, екі жағы жартас, тік жарға айнал­дыр­ған. Жұрт оны ауызекі тілде «Сілеті ка­ньоны» атайды. Шатқалдың ете­гін­­де өзеннің екі жағы терек, қарағаш, қайың, шеңгел, қараған, итмұрын, қа­мыс қаулап өткен. Өзеннің суы та­за, асты ұсақ тас немес қиыршық құм. Көп тұсы етекке көлік түгілі жаяу адам түсе алмайтын құзға ай­нал­ған. Сондықтан өзен жағасына ер­кін баратын әрі суға шомылатын тұс санаулы. Бірақ көпшілік бұл жақ­тың жолын білмейді, не жолының кей тұсындағы ойлы-шұңқырлы тұ­сы­нан қашады. Мұнда аялдайтын қо­нақүй, дүкен жоқ. Ұялы байланыс та ұстамайды. Белсенді немесе эко­туризм­ге қызығатындарға, шатыр құ­рып түнейтіндерге өте ыңғайлы. 

Ерейментау ауданы тұсынан әрі өтіп кетсеңіз, атақты қы­зыл көл Көбейтұзға жетеміз. Аста­на­дан 170 шақырым. Қаладан 155 ша­қы­рым жүрген соң жол шетінен «Қор­жынкөл стансасы» деген белгі­ден солға бұрылып, жолдан түсеміз, сәл артқа жүргенде жоласты өткелі кез­деседі. Содан жолдың арғы бетіне өт­сеңіз, Теңіз көлін көресіз. Оны 10 ша­қырымдай жағалап жүріп отыр­ғанда дала жолы солға кетеді, сол тұс­та төбе тасалап тұрған қызыл көл­дің үстінен түсесіз. Көл өте тұзды, таяз. Әрі биыл қызыл түсте емес. Бі­ле­тіндер «ол бірнеше жылда бір рет қа­на қызыл түске боялады» дейді. Де­малушылар суы таза әрі тереңдеу Теңіз көлінің жағасына аялдап, суына шомылып, тынығады. 

Ерейментау ауданында таби­ғат­тың көркем жерлері мен тари­хи ескерткіштер көп. Аудан ау­ма­ғын­дағы «Бұйратау» ұлттық парк фи­лиалында Сұңқар тауды көріп, Қара­ғайлыны аралап қайтуға болады. Табиғи парк аумағына кіру үшін ақы төлейсіз. Ал Торғай ауылының тұсы­нан солға бұрылсаңыз, «Құмай-Қос­ба­тыр» түркі археологиялық-этног­ра­фиялық кешенін көріп қайтуға бо­лады. 

Келесі бағыт – Баянауыл табиғи пар­кі. Астанадан Екібастұз қаласы ар­қылы барсаңыз 450 шақырымдай. Жа­сыбай көлі негізгі туристік аймақ­тың орталығы десек те болады. Көл­де Махаббат аралы орналасқан, қайық жалдап сонда баруға болады. Ал Баянауыл кентінің жанында Са­бын­­­ды көлі орналасқан. Сонымен қа­­тар парк аумағында Қоңырәулие үң­гіріне барып, Найзатау тауына шы­ғып, Кемпіртас пен Саймантасты та­­­­машалауға болады. Ерінбесеңіз ең биік шоқы – Ақбетке де шығып қай­тыңыз. 

Балқаш, Қарқаралы

Қарағанды тасжолына түссеңіз, ең бірінші ақылы жағажайы бар Жал­тыркөлге барасыз. Оған жету үшін Жібек жолы ауылының шетіндегі кө­лік ақысын төлейтін терминалдар тұсынан 8 шақырым ғана жүресіз. Одан әрі Бабатай ауылының тұсынан солға бұрылсаңыз немесе әрірек өтіп Аршалы ауданда солға бұрылып, Ми­хайловка ауылы бағытына шықсаңыз да Вячеславка су қоймасына жетесіз. Мұндай ақылы жағажай, демалыс орындары бар. Өз бетіңізбен бара сал­саңыз да жағалау орманды, қой­маның суы таза. Онда балық көп – бал­паңбалық, оңғақ, табан, алабұға, көк­серке, шортан бар. 

Бабатайдан грейдер аталатын жолмен тағы 30 шақырым жүр­сеңіз, төбе үстіндегі үлкен бай­ла­ныс мұнарасын көресіз. Сол төбеден асып түсе қалсаңыз, Үлкен Сарыоба тұз­­ды көліне жетесіз. Тұзы денсау­лық­­­қа пайдалы деп шипа іздеген жұрт сонда ағылады. Жағада демалыс орны, дүкен жоқ болғандықтан азық-тү­лікті өзіңіз алып барасыз. Әрі кө­лең­ке, саялайтын ағаш жоқ бол­ған­дық­тан тент немесе жазғы шатырды алып алу артықтық етпейді. 

Аршалы ауданын кесіп өтіп, Ми­хайловка ауылына бара жатқан жол­дың сол жағында қыраттардың ара­сында Жылантас атты табиғаттың ерек­­ше тасы бар. Жұрт кейде оны Құ­лақтас дейді. Аршалыдан 11,5 ша­қырым. Қасында қайнар бұлақ бар. 

«Бұйратау» ұлттық паркін көп­шілік біле бермейді. Оның көп бөлігі Қарағанды облысының Оскаровка ауданы аумағында Ерейментау ауда­нымен шекаралас тұста орналасқан. Оған да түрлі туристік турлар ұйым­дастырылады. 

Келесі бағыт – Қарқаралы. Ол Астанадан 380 шақырым қашықтықта. Мақат пен Көктас ауыл­­­­дарының арасында ғана жолда аздап кемшіліктер бар. Қалған жол өте жақсы жағдайда. Ақтау қаласы тұ­сынан трассадан түсіп, ары қарай Бо­тағара кентіне бет аламыз. Одан кейін жалғыз үлкен жолдан адаспай Қарқаралы қаласына жетесіз. Мұнда жұрт жақсы белетін Әулиекөлді (Шай­танкөл – авт.), Жиренсақал шыңын, әдемі орманды тауларын жұр­­т жақсы біледі. Қалада Құнанбай ме­шіті мен Абай аялдады деген үйді көруге тұрарлық. Қарқаралыны жыр­лап өткен Мәди Бапиұлының да зи­раты осы кент шетінде. Табиғи парк ау­мағында танымал – Шахтер, Тас­бұлақ демалыс орындары орналас-қан. Одан басқа көптеген шипажай, де­­малыс орны аз емес. Қала қай тұ­сы­­нан жақын болғандықтан, қажетті зат­ты сатып алуға оңтайлы. Осы тұс­тан қашық емес Кент тауларына да ба­рып қайтуға тұрарлық. 

Қарағанды қаласын асып, Алматы ба­ғытында көлікпен аттанғандарға жол бойы Балқаш көлі серік болады. Астанадан сәл қашықтау болса да Бал­қашқа барып, суына шомылып, күнге қыздырынып қайтатындар аз емес. Аралық – 620 шақырым. Бірер жыл бұ­рын бұл сапарға күреліп тас­талған жол­дың азабы кедергі еді, қазір асфа­льт жабыны жолдың бір бағыттына төселіп қойған, машиналар сонымен жүреді. 

Балқашқа 70-80 шақырым қал­ғанда сол жақтан Бектауата тауы менмұндалайды. Ерінбей жол­дан бұрылып, 12-15 шақырым жүріп, көріп кету керек. Тау беткейі теп-тегіс болғандықтан бір қараған адамға, тау емес алып тас секілді көрінеді. Мұнда Әу­лиетас үңгірі бар. Ауылға барар жол­дың бойында бейіт көп. Әнші Ша­шубай Қошқарбайұлы да осында жерленген. 

Балқаш көліне бармас бұрын, Балқаш қаласына соғып, ба­зарынан керек-жарақты алып, жа­ғажайға аттануға болады. Алайда жа­тын жер, демалыс орнын іздей­тін­дер Тораңғылық немесе Шұбартүбек аулына аялдайды. Мұнда шағын, же­кеменшік демалыс үйлері жеткі­лікті. Тек оларды сапарға аттанардан бұрын хабарласып, броньдап қоюды ұмытпау керек. 

Қорғалжын қорығы, Нұра өзені

Қорғалжын тас жолымен шық­саңыз, жолай Ақмол кентіндегі АЛЖИР мұражайына аялдап, тари­хы­мыздың зұлмат тұсына куә бола­сыз. Ары қарай беталыс – Қорғалжын қорығы. Елордадан аудан шетіне дейін 140 шақырым. Визит орталық­тан қорыққа қалай жету керектігін біліп, гид жасақтаған топқа қо­сы­ла­сыз. Мұнда мамыр айында келсеңіз, көк­темгі құс базарын тамашалайсыз. Осы ғажайыпты көріп қалуға әлемнің көп­теген орнитологы келеді. Жол бойын­дағы ауылдарды жанап Нұра өзені ағады. Ол қорықтағы Теңіз кө­лі­не құяды. Егер қармақ ұстап, балық ау­лауға ниетіңіз болса Сабынды ауы­лының тұсында балық аулайтын жақ­сы орындар бар. «Дудар-ай» әнін­де айтылатын Мариям Жагорқызы осы ауылда жерленген. Мария Реки­наның мазары ауылдан 9 шақырым қа­шықта орналасқан. Егін көп са­лынбағандықтан басқа көршілес ау­дандарға қарағанды Қорғалжын ау­мағында көптеген тарихи ескерткіш бұзылмай бүгінге жеткен. Қаныкей, Ақ Еділ Қожа, Әліптомар, Беспақыр ма­зарлары және Жәнібек Шалқар, Бытығай кесенелері тарихтан сыр шер­теді. 

Астана–Теміртау тасжолы Нұра ау­даны бағытында кетеді. Ауылдар­дың дені Нұра өзенінің екі бетін жа­ғалай қоныстанған. Балық аулап, суға шомылып, тоғай арасында тыныс­таушылар үшін өзен бойында орын көп. 

Астрахан тасжолының бойы да тарихи ескерткіш, табиғаттың ерекше ны­саны дейтін туристік локацияларға жұ­таңдау. Тарихи ескерткіштері отар­лау кезінде, кейін Тың игеру тұсында жойылып кеткен. Тасжол Есіл өзенін жағалап жүретіндіктен шағын дема­лыс орындары баршылық. Кез келген тұсынан аялдап, тал-терегіне саялап, суына шомылып, балық аулауға бо­лады. 

Жәнібек АМАНГЕЛДІ