Микроавтобуста болған 12 қазақстандықтың екеуі ауырлығы орташа жарақат алған.
Түркиядағы жол апатынан зардап шеккен қазақстандық туристерге ота жасалды
928
оқылды

Түркияның Алания аумағында болған жол апаты салдарынан жарақат алған екі қазақстандыққа ота жасалды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ҚР консулы Аланияға барған болатын.

«30 шілде күні таңертең Аланияда Қазақстанның 12 азаматы мінген шағын автобус жол-көлік оқиғасына ұшырады. Түрік полициясынан алынған алдын-ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатып жүк көлігін соққан. Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді», - делінген министрлік хабарламасында.

Жол апатынан зардап шеккен қазақстандықтардың жағдайын білу үшін қазақстандық консул Аланияға барып, ауруханада ем алып жатқан отандастармен кездесті.

«Микроавтобуста болған 12 қазақстандықтың екеуі ауырлығы орташа жарақат алған. Оларға ота жасалып, барлық қажетті медициналық көмек көрсетіледі. Қалған 10 отандастың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне еш қауіп жоқ. Барлығының медициналық сақтандыруы бар. Анталиядағы қазақстандық дипломаттар біздің азаматтармен тұрақты байланыста және тиісті жұмыс жүргізуде», - дейді Сыртқы істер министрлігі.

Еске сала кетейк, кеше Түркияда қазақстандық туристер мінген автобус апатқа ұшырап, 2 адам көз жұмғаны туралы хабарлаған болатынбыз.