Банк қоймасындағы қаражатты тексеру кезінде 602 900 000 теңге жетіспейтіні анықталған.
Қызылорда облысында банк қызметкері 600 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлап кеткен
1,754
оқылды

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам қаржыны ұрлап кеткен. Ұрлық фактісі бойынша ҚМА өңірлік департаменті тергеу жүргізуде, – деп хабарлады ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі.

Контроллер-кассир шамамен 1 000 000 теңгеден 4 000 000 теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан ұрлағаны анықталды.

Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тәркіленді, онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген.

Күдікті жасаған қылмыстық құқықбұзушылықты толық мойындады.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, соңғы 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды.

Сонымен қатар оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті.

Күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің  201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілуге жатпайды.

ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқықбұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.