Тексеріс барысында әртістің мерекелік шарада мас күйде болғаны расталды.
Халал тойда мас болып, қонақтармен төбелескен әнші Ұланғасыр Қамиев соққының астында қалды (ВИДЕО)
35,376
оқылды

Қазір әлеуметтік желілерде «Қызыл раушан» әнін орындайтын әнші Ұланғасыр Қамиевтің төбелесіп, соққыға жығылған сәтінің видеосы тарап жатыр, – деп хабарлады halyq-uni.kz.

Оқиға 29 шілдеде Жетісу облысының Үшарал ауданында өткен тойлардың бірінде болған. Желіде тараған ақпаратқа сенсек, әнші той қонақтарымен жаға жыртысқан.

Жетісу облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.

"Аталған дерек бойынша Алакөл аудандық полициясына ешқандай арыз-шағым түскен жоқ. Алайда тексеріс барысында әртістің мерекелік шарада мас күйде болғаны расталды. Той халал өткен. Қазір құқықбұзушы ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабына сәйкес («Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу») әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – деп хабарлады полициядан.

Айта кетейік, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 440-бабы бойынша жергiлiктi атқарушы орган алкогольдік ішімдіктерді құйып сатуға рұқсат еткен сауда және қоғамдық тамақтандыру ұйымдарынан басқа, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға адамның қадiр-қасиетiн қорлайтын масаң күйде келу 5АЕК (17 мың 250 теңге) мөлшеріндегі айыппұл салуға алып келеді.