1960 жылдары бала кезім, түс кезінде үйге Асаубай деген шал келді, нағашым бастаған екі-үш адам отырған, әңгімелерінің төркіні – жер мәселесі, жердің жаппай жыртылып, жайылымға жарамай қалуы. Сонда Асаубай қарияның айтқаны әлі есімде.
Алаш туралы архив сөйлесін
3,392
оқылды

«Бәрін құртқан шошақ тымақтылар – елді де, жерді де. Алаштың азаматтарында қазір нең қалды». «Шошақ тымақтылар» дегені буденовка кигендер екенін артынан білдім. Ол кезде «Алаш азаматы» деген сөзді жиі еститінмін, бір күні малшы жігіт жоғалып кетіп елдің бәрі шулап, «Алаштың азаматы емес пе, неге іздемейсіңдер?» дегенде абырой болып үш күннен кейін табылып, халықтың қуанғанын білем. Күндіз-түні аттың үстінен түспейтін охран-шал Асаубай суға кетіпті дегенді естіп, жаның жәннатта болсын деп дұға еттік. Кейінірек, Зайсан қаласындағы М.Әуезов атындағы қазақ орта мектебінде оқып жүргенде 1910 жылы ашылған мектептің бұрынғы аты «Мектеп Казахия» екенін білдік. 1918 жылы май айында А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Р.Марсеков Зайсан қаласына келіп, осы ғимаратта Алашорданың шығыс бөлімшесін құрған екен.

Алаштың арыстарымен халқымыз М.Гор­бачевтың жариялық кезінде қауыш­са, архив материалдарымен еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін танысып, оқып-білу дәрежесіне жетті. М.Қойгел­диев, Т.Жұртбай, Е.Сыдықов, Д.Қамза­бекұлы еңбектерінде Алаш пен Алаш пар­тиясына қатысты қыруар материал­дардың жарыққа шығуы XX ғасырдағы қазақ интеллегенциясының тек Орта Азияда ғана емес, Ресейдегі түркі-моң­ғол-шығыс халықтарының алдында бо­лып, Ресей партияларымен тең дәрежеге жеткені белгілі болды. Жақында ғана жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» (құрас­тырған М.Қойгелдиев, Алматы – 2022, 984 бет) атты еңбекте 10 жыл бойы қызыл империяның жендеттерінің жалған құжат жасап, ұлт патриоттарын ұзақ жылдарға түрмеге тоғытып, ату жазасына дейін кескені бұлтартпас архив деректері ар­қылы берілген. Оқушыны таңғалдыра­тыны – Кеңес өкіметі орнап, шалажансар кезінде нығаймай жатып-ақ Алашорда серкелерінің соңына түсіп, Бөкейханов пен Дулатов, Ақпаевтардың тұтқынға алынғаны көрінеді. (Алаш ісі, 6-бет). Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында басталған репрессия қазақтың ұлт-азат­тық интеллегенциясын толық құртқанға дейін жалғасқан. 

Ыдырыс Мустамбаевтың 1927 жылы 28 мартта тергеушіге берген жауабында 7-8 адамнан құралған крайкомның аты ғана болмаса, шындығында барлығын Голощекин билеп-төстейді, нағыз диктатор деп тайсалмай жауап берген. (бұл да сонда, 11-бет)

Бүкіл саналы өмірін архив ақтаруға жұмсаған зерттеуші «Алаш қозғалысы» атты екі кітаптан тұратын монографиялық зерттеуін (Алматы. – 2008-2017 жж.) жа­рия­лады. Еңбектің 1-кітабында тарихқа алаштық зиялылар атымен енген буын­ның қоғамдық күш ретінде қалыптасу негіздері, оның кең ауқымды ағарту­шылық қызметі (қазақ тілін әдебиет және ғылым тіліне айналдыру, ұлтқа арнап газет-журнал шығару), Ресей мемлекеттік думасына депутат ретінде сайланып жүр­гіз­ген қоғамдық-саяси қызметі, билік және кең ауқымдағы адами құндылық­тарды мұрат тұтқан еңбегі отандық тарих ғылымында соңғы жылдарға дейін Ресей, Өзбекстан және Қазақстан архив мекеме­лерінің жабық қорында сақталып келген құжаттар арқылы алғаш рет іргелі тұрғы­дан талдауға алынды.

Еңбекті оқып отырғанда 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында өткі­зіл­ген Екінші жалпықазақ съезінің қазақ халқының ұлттық мемлекеттілігін жаң­ғырту мақсатында Ұлт кеңесі – Алашорда өкіметін құрып, Алаш автономиясын жариялау туралы қабылда­ған шешімі – ХVІІІ ғасырдың 30-жылдары патшалық Ресейдің қазақ жеріне мысықтабандап кіріп, ХІХ ғасырдың ортасында қазақ жерін толық отарлап жойылған хандық­тың орнына, арада екі ғасыр өткенде қайтадан ту көтерген Алаш ұлтының жаң­ғыруы, яғни тәуелсіз қазақ мемлекеті­нің қайта туғанын көрсетеді. М.Қойгел­диевтің большевиктер өкіметі легитимді емес, Қазақстанға екі ғасыр бодандықта болған қазақтың бостандықты аңсаған қажеттілігінен құрылған Алаш Авто­номия­сын күшпен құлату – шешен тарих­шысы А.Автархоновтың «больше­вик­тердің Кавказ бен Орта Азияны басып алуы – Ресей империясын толық ыдыраудан сақтап, тағы да 70 жыл өмір сүруін ұзартты» деген идеясымен мазмұн­дас екенін көреміз.

Алаш партиясы қазақ халқы мен бол­мысына жат тап күресі дегенге мүлдем қарсы болды: «орыстың байы кедейі екені рас-ақ шығар. Бірақ орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді. Орыстың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей, бай болып жіктелетін жайымыз жоқ... кедейін жақтаған орыс партия­ларын алсақ та, олардың да есіл-дерті, нысана қылатыны – орыс кедейінің үстемдігі, орыс кедейінің ырзалығы, орыс кедейінің қожалығы» деген Алаш пар­тиясының ұстанымын келтіре отырып, орыс шовинизмінің орыстың байында да, кедейінде де ортақ идеясы екенін көрсетеді. (Алаш қозғалысы, 2-том. 26-27 бб). Осы орайда 30 жыл АЗТМ-да (Алматы ауыр машина жасау зауыты) жұмыс істеген қазақ жұмысшы­сының «Осы сендер пролетариат, интернационализм дейсіңдер, сол орыс пролетариаты мен өмір бойы бірге жұмыс істеп бірге жүрдім, орыстың ең ұлтшыл­дары мен есерсоқтары аузына не келсе, соны айтатындары – жұмысшылары екен. Қайта оқығандары, көзі ашықтары дұрыс па деп қалдым ғой – дегені бар». Демек, Егеменді Қазақстанда 30 жыл бойы орыс тілінің үстемдік құрып, ықпа­лынан шыға алмай отырғанымыз, тағы да Алашорда арыстарының көрегендігін көрсетеді. 

Зерттеудің негізі тергеу материал­дарынан тұрады. Тергеу мен қызыл империяның жендеттік жүйесі қазақ қоғамының негізі болып табылатын үш топқа – ұлт зиялыларына, байларға, қожа-молдаларға бағытталған еді. «Бай» деген сөзді кеңестік идеяның жаман жексұрын қылып көрсеткені болмаса, ХІХ ғасырдағы қазақтың жылқы шаруашылығы жайында көп жазған И.Хантинский былай дейді: «қазақта «бай» деген сөз «богатый» деген орыс сөзінің баламасы емес, бай – зат дүниесімен қатар ақыл-ойы, парасаты толысқан кісіні айтады». (А.Тоқтабай,  Қазақ  жылқы­сының тарихы. А. – 2010, 127-бет). Мысалы, жаңа ру жасау үшін төрт нәрсе керек: ру қоныстайтын жер, руды басқаратын биі, қорғайтын батыры, бағатын байы анықталатын. Ол кезде пенсия, сақтандыру қоры жоқ, кедей-кепшіктердің соғымы, ат майы т.б шығындары байдың мойнында болатын.

Патша өкіметі батырлардың көбін құртып болған, кеңестік билік, ұлттың бүкіл бетке ұстарларының ішінде ауыл экономикасын ұстап тұрған байларды кәмпескелеп құртты, «құдай жоқ» деп дін адамдарын құртты. Нәтижесінде, кедей-кеп­шік, құл-құтан, жағымпаз-жандай­шап т.с.с. топтар қалды.

Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы НКВД тергеушісінің «совет өкіметіне қарсы қандай мазмұнда үгіт-насихат жүргіздіңіз?» деген сұрауына жауап беріп: «мен Голощекиннің басшылығымен қазақ өміріне жасалған қиянатқа байла­нысты совет өкіметінің атына мыңның бірін де айтып жеткізе алмаған болар едім. Өйткені қазақ өмірінде орын алған апаттың ауқымын сөзбен жеткізу мүмкін емес, тіптен мұндай айқын да дәлелді фак­тілерді мойындату үшін сөз жұмсау­дың өзі де артық», – деп таусыла жазды.

1960 жылдың өзінде көрнекті қоғам және мәдениет қайраткері, әдебиетші Ілияс Омаров былай деп жазып еді: «Мағжан – қазақ поэзиясының жарық күні. Күн нұр шашса, кейбір «әдебиеттің жұлдызы боламыз» деп жүргендер сөніп қалады. Осы бір кертартпалардың қырсы­ғынан күніміз әлі күнге дейін нұрын шаша алмай келеді» (І.Омаров,  Серпін, Алматы. – 1970, 89-бет). Қызыл империяның саясатына уланған, алаш арыстары көрден тіріліп келетіндей болып күндіз-түні, жылдар бойы күзеткен қазақтың өз ішінен шыққан күзетшілері болмаса Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбектердің ақталып халқына қауышуы 20-30 жыл бұрын ертерек болар еді. Бұл бейбақтар 20-30 жыл бұрын ертерек тірілгенде екі ұрпақ ұлтжанды болып өсіп, нағыз патриоттар тәрбие­ленер еді. С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев сияқты күзетшілердің арқасында алаш арыстары жасаған әдебиет халқының игілігіне айнал­мады. «Қорғансыздың күнін кешкендер» (Алматы, 2019) монография­сында М.Қойгелдиев М.Әуезовтің белгілі әңгімесінің атын жаңғыртып, күресте жанын пида еткен алаш зиялыларының әдеби мұрасына тоқталады. Ленин, Сталин, Голощекинмен айтысып, ел мен жер үшін жанын пида етуге даяр асыл­дар­дың қызыл империяның алдында қорғансыз қалуы, қазақтың қорғансыз қалуы деп түсіндіріледі.

Осы ретте М.Қойгелдиев алаштық буынның өмір жолына қатысты тарихи фактілерге сүйеніп, мынадай тұжырымға келеді. Жүсіпбек Аймауытұлы 1932 жылы Мәскеуде атылды. Міржақып Дулатұлы Ақтеңіз – Балқаш каналы бойындағы лагерьде өмірден озды, лагерден оралған Ахмет Байтұрсынұлы жұмыссыз рухани азапта жүріп, бірер жылдан соң қайтадан қамауға алынып, атылды. Бұл тізімді жал­ғастыра беруге болады. Соның нәти­жесінде қоғам өміріндегі алаштық ағартушылық кезеңнің енді күш ала бастаған сәтінде саяси режим тарапынан қиылғаны сияқты, әдебиет пен қоғамдық ойдағы ұлтшылдық ағымы да өзінің табиғи сөресіне жетпестен сөндірілді. Сөйтіп, басында М.Жұмабаев, Ж.Айма­уы­тов, М.Әуезов тұрған әдебиеттегі жаңа мазмұн-бағыт үзіліп қалды, оның орнын көркем ойдағы социалистік реализм аталған бағыт басты. Сондықтан 1929–1989 жылдар аралығында «советтік дәуір әдебиеті», «социалистік реализм әде­биеті» деген атпен оқытылып келді. 

Алаш арыстарының шығармалары мен поэзиясын 60 жыл бойы жауып тас­тау Қазақстанның алашшыл-түрікшіл-отаншыл әдебиетіне балта шапты. Алаш арыстары әдебиеттің әртүрлі жанр­ларында жемісті еңбек ете отырып, ақын, прозашы, тілші, драмашы, сыншы, публицист аудармашы болды, нағыз шығармашылық кемелдеріне келіп тұрған шақта 40-50 жас арасында атылды. Жүсіпбек Аймауытов 1926 жылы жазған «Шернияз» драмасында көне жыраулар дәстүрімен былай дейді:

Қиянат зорлық қылғаны

...

Ой кер заман, кер заман,

Талан-тараж қан жылау,

Қабақ қату қансырау,

Азаматы жабылу,

Малы күнде сабылу

Ұлып жатыр ұлы жүз,

Қырғын тауып аштықтан

Ел еңіреп егілу,

Кіші жүзі тұншығып

Елін әскер жеміру,

Орта жүзі ойсырап,

Сұм Колчактан езілу 

«Сорлатам» деп қазақты

Қазақтың бар көзқарақты

Азаматын қырам деп 

Атаман Дутов (Ринов) желігу.

(Ж.Аймауытов шығармалары, Алматы – 1989, 542-543 бб.)

Автор «Қиянат анатомиясы» (А., Арыс – 2020) еңбегінде Ж.Аймауытов жырлаған «Кер заманды» нақты дерек­термен, архив құжаттарымен дәлел­деп қызыл империяның қылмыстарын аша түседі. Зерттеуші белгілі советолог Ричард Пайпстың «Тоталитаризмнің басты мақсаты – мемлекеттегі бар билік­ті өзін-өзі көтерген самозванецтердің қолына алып оны «партия» деп атады, шын мәнінде бұл орден (Мальти ордені, Тевтон ордені т.б қылмыскерлер, мафия­лар ұйымы АТ) ешқандай партия емес – орден көсемге және бір-біріне шын берілген қылмыскерлердің ұйымы» деген сөзін келтіре отырып, большевиктер пар­тия­сы марксизмді жамылған қылмыстық ұйым деген шешімге келеді.

Автор ұлттық тарихнамада алғаш рет «эмиссарлар институты», «вайнштейн синдромы» сияқты ұғым-терминдерді айналымға қосып, нақты тарихи фактілерге сүйеніп, бұл басқару институты мен теориясымақ ұстанымның қазақ елінің өміріне қаншалықты зардап­ты болғанын көрсетуге кітабының бір­неше тарауын арнайды (1 бөлім, 1 пара­­граф, 2 бөлім, 1, 2, 3, 4 ж.б. пара­граф­тар). Мәселен, ол қазақ ауқатты­ларының мал-мүлкін кәмпескелеу тақырыбында жергілікті ұлттық басшы­лық пен партия­ның орталық комитетінің бюросы ара­сында жүрген ұстанымдар қақтығысын кітаптың бірнеше тарау­ларында мәскеу­лік және қазақстандық архивтік құжат­тарға сүйеніп баяндайды. Орталық билік бұл ретте қазақ саяси басшылығының үстірт, экспериментке жақын реформа­лық өзгерістерге бармау­ға, қазақ қоғамы­ның ішкі өміріне ешқан­дай да даярлық­сыз, төтеннен және қауырт түрде аралас­пауға шақырған үніне құлақ аспады, мұн­дай әрекеттің апатты нәтижемен аяқталуы мүмкін екендігін болжап білуге ықылас танытпады.

Большевиктердің 1920–1933 жылғы басқаруы нәтижесінде 1 млн 130 мың қазақ босқын болып шекара асып, аспағандары қырылып елінен, жерінен айырылды. 2,2 млн қазақ қырылды. 48 млн төрт түлік малдан 1933 жылы 4 млн мал қалды. 

Автор ұзақ жылдар Алаш, Алашорда мәселесін зерттеуінде мынадай тұжы­рымдарға келген:

1. Алаш идеясы, Алаш қозғалысы – қазақтың екі ғасырға жуық ұлт-азаттық қозғалысының заңды жалғасы;

2. Алашорда өкіметі – Кеңес өкіметіне балама өкімет;

3. Алаш пен Алашорда өкіметі 500 жылдық тарихы бар қазақ мемлекеттілігін жаңғырту болып табылады;

4. Алашорданы большевиктердің құртуы халық азаттығын ту қылып көтер­ген ұлт патриоттарының тұтас бір ұрпа­ғын жойды. Алаш жойылғаннан кейін ғасырлар бойы келе жатқан ұлт-азаттық идеяларының арасында сабақтастық үзілді.

Жұмыстың ауқымы мен тереңдете зерттелуі тұрғысынан тың архив мате­риал­дары ғылыми айналымға кіргізу жағы­нан, теориялық деңгейінің жаңа­шылдығымен Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік сыйлығына лайық деп есептеймін.

Ахмет ТОҚТАБАЙ,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор