5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқан.
Үкіметте машина жасау саласын дамыту мәселесі талқыланды
1,307
оқылды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында машина жасау саласын одан әрі дамыту жөніндегі шаралар қаралды.

Премьер-министр өткен 5 жылда Қазақстан экономикасындағы машина жасау саласының үлесі 1,5 есе, ал өндіріс көлемі 3 есе өсіп, 3 трлн теңгеден асқанын атап өтті. 

Өткен жылдың өзінде салаға $470 млн-нан астам шетелдік инвестиция тартылды. Сондай-ақ саланы одан әрі дамыту әлеуеті зор.

«Отандық өнімді экспорттау үшін бізде айтарлықтай мүмкіндіктер бар. Мысалы, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы $141 млрд-ты құрады. Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады», – деді Әлихан Смайылов. 

Үкімет басшысының айтуынша, жабдықтардың тозу деңгейінің жоғары болуы өзекті мәселе болып отыр. Орташа алғанда, машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш – шамамен 40%. Негізгі кәсіпорындардың жай-күйі айтарлықтай жаңғыртуды және реконструкциялауды талап етеді.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов бірінші кезекте шағын және орта бизнес үшін қаржыландыруды қолжетімді ету,  сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы машиналарын жасау мәселесіне тоқталды. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозуы шамамен 76%-ды құрайды. Өткен жылы отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын өндірді. Алайда бұл – жеткіліксіз.

«Дихандарға жаңа техника қажет! Сондықтан өндіріс қарқынын арттыру қажет. Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндіктер бар», – деді Премьер-министр. 

Сондай-ақ өнеркәсіп кооперациясын дамытудың маңызы атап өтілді. Бүгінде республикада General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai және т.б. сияқты машина жасаудағы ірі әлемдік көшбасшылармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде.

Үкімет басшысы қысқа мерзімде Машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспарын келісуді, халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығының тиімділігін арттыруды, сондай-ақ Қазақстанда аналогтары бар импорттық ауыл шаруашылығы техникасына инвестициялық субсидия беру мөлшерлемесін 25%-дан 15%-ға дейін төмендету мәселесін пысықтауды тапсырды.