Аймақта 2023-2027 жылдар аралығында жаңадан 8 мәдени нысан тұрғызу, 56 мәдени нысанға жөндеу жүргізу жоспарланған.
Атырауда партия филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті
805
оқылды

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңеске облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаев төрағалық етті. 

Партияның 2023-2027 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасының «Мәдениет» бағытындағы Жол картасының жүзеге асырылуы жөнінде облыстық Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Әбіл Жоламанов баяндады. 

Оның айтуынша, аймақта  2023-2027 жылдар аралығында жаңадан 8 мәдени нысан тұрғызу, 56 мәдени нысанға жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.  Сондай-ақ тарихи және қасиетті орындарда қазба жұмысын жүргізуге және өңірдің танымал тұлғалары мен тарихи мұрасын халыққа кеңінен насихаттауға негізделген жобалар да қолға алынды. 

Еліміздің бірегей тарихи-мәдени ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұра нысандары тізіміне енгізу жұмысы да назардан тыс қалмайды. Партияның облыстық филиалдағы атқарушы хатшысының орынбасары Қуантай Бисалиев осы жұмысты жіті назарда ұстайтынын және түйінді мәселелерді бірлесіп шешуге дайын екенін жеткізді.

Сондай-ақ жастардың әскерге баруға және әскери бөлімдерде қызмет етуге деген қызығушылығының азаюына байланысты, сала мамандарымен, тарихшылармен жан-жақты жұмыс істеу қажеттігі айтылды. 

Қуантай Бисалиевтің ұсынысы бойынша Алаш зиялыларының, Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, С.Нұрмағамбетов сияқты батырлардың өмірі мен еңбегін, ерлігін насихаттау мақсатында 36739 әскери бөлімі Атырау қаласы әуе қозғалысын басқару орталығының жауапты мамандарымен жұмыс жүргізілді. 

Кеңес төрағасы  Сырымбек Сәрсембаев бүгінде қоғамда «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүретін» жас ұрпақ қалыптасып келе жатқанын баса айтты. 

«Ғылыми-техниканы дамыту мәселесі – аса маңызды. Бізге заманауи қару-жарақ жасап шығаратын мамандарды оқыту, ғылыми-инновацияны жетілдіретін білімді, қабілетті азаматтар санын арттыру қажет», – деді ол.

Кеңестің күн тәртібінде талқыланған мәселелер алдағы уақытта да назардан тыс қалмайды.